Бірлестік – өнер мен әдебиеттің ұйытқысы

Әсіресе, Зейнолла Шүкіровтің шығармашылығы – Арал халқы үшін ерекше рухани құндылық. Ол туған жерінің тарихы мен табиғатын, адамдарының тағдырын көркемсөзге айналдыра білген ақын. Балалық шағынан тағдырдың ауыр сынын бастан өткерген қаламгер денсаулығындағы қиындықтарға қарамастан, қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның «Арал дәптері», «Алау», «Сағыныш», «Адам-Жер-Ана» т.б өлең кітаптары бар. «Тоғысқан тағдырлар», «Жүрекке әмір жүрмейді», «Ғажайып құмыра», «Сырлы дүние» атты хикаялары, «Ізгілік іздер», «Жас жесір», «Қиын түйін» повестері мен «Өткелдер» атты романы жарық көрген.
Бүгінде Зейнолла Шүкіровтің әдеби мұрасын насихаттап, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында оның есімімен аталатын «Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік» жұмыс істейді. Ұйым – аймақтағы ақын-жазушылар, сазгерлер, суретшілер мен өнер иелерін бір ортаға топтастырып, олардың өнерін қолдауға арналған бірегей орталық.
Шығармашылық бірлестікті құру туралы бастама аудан қаламгерлері мен өнерпаздары тарапынан көтерілді. Және аудандық мәдениет орталығы тарапынан да қолдау тауып, арнайы бөлме бөлініп, қажетті жағдай жасалды.
Бірлестіктің жұмысы әртүрлі шығармашылық бағыттарды қамту үшін төрт негізгі секцияға бөлінді. «Әдебиет» секциясы – поэзия мен проза саласындағы қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Ал «Сазгер-күйшілер» секциясы – аймақтағы композиторлар мен күй шеберлерін біріктіреді. «Сурет және қолөнер» секциясында бейнелеу өнері мен ұлттық қолөнер шеберлерінің жұмысын дамытуға арналған шаралар ұйымдастырылса, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» секциясы – аймақтағы айтыс дәстүрін жандандырып, жыршылықты дәріптеуді мақсат етеді.
Әр секция жетекшілері – өз саласының кәсіби мамандары, тәжірибелі өнер иелері. Олар өңірдегі шығармашылық өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, әдебиет пен мәдениеттің дамуына серпін беруде.
Бірлестіктің басты жетістіктерінің бірі – «Арал әлемі» атты әдеби-мәдени газеттің жарыққа шығуы. Бұған дейін ауданда «Толқын» газеті жұмыс істегендіктен, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын тұрақты түрде жариялау мүмкіндігі шектеулі болды. Осы мәселені шешу мақсатында жаңа басылым ашылып, бүгінде аймақ көлемінде таралатын ақпарат құралына айналды.
Газет айына екі рет жарық көріп, Қызылорда облысының барлық аудандарына тарайды. Басылымда «Әдебиет әлемі», «Өнер әлемі», «Білім әлемі», «Туған жер әлемі» сынды тұрақты айдарлар ашылып, ақын-жазушылардың жаңа шығармалары, мәдени жаңалықтар мен өнер иелері туралы мақалалар тұрақты жарияланады.
З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік құрылғалы бері көптеген игі шаралар атқарылды. Жыл сайын белгілі тұлғалардың мерейтойларына арналған әдеби кештер ұйымдастырылып келеді. Мысалы, өткен жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазанғап Тілепберген, Жәмет жырау, Жақсылық Түменбай мен Құдайберген Құлмамбетов сынды қаламгерлердің мерейтойы кітапханалар мен ауылдық клубтармен бірлесіп жоғары деңгейде аталып өтті. Сонымен бірге Шөмішбай Сариевтің туған күніне орай, бірлестік жетекшісі Жұмабай Жақыптың ұйымдастыруымен аймақтық «Айналдым сенен, атамекен-ай» жазба ақындар сайысы болды.
Шығармашылық бірлестік мүшелерінің жаңа кітаптары да жарық көріп, оқырмандарға жол тартуда. Мәселен, Толыбай Абылаевтың «Алақанымда Арал», «Балалық шақ балладалары», Ерғали Абдулланың «Менің Аралым», «Парақорлар әулеті» және Болатбек Қуатовтың «Арал ауданындағы қуғын-сүргін зобалаңы», «Халқы қалаған хан Бекмырза» атты кітаптары баспадан шықты.
Жыл сайын шығармашылық жетістіктерді марапаттау дәстүрге айналды. Түрлі номинациялар бойынша үздіктер марапатталады. 2024 жылдың қорытындысымен «Жылдың үздік ақыны» Аида Мырзабекова, «Жылдың үздік термешісі» аудандық Мәдениет орталығының Әбілхан Маханов атындағы үйірме жетекшісі Айнұр Сүйеуова, «Өнер майталманы» аталымын ауданға белгілі өнерпаз Мейірхан Бәйімбетов алса, Мұрат Сыдықов отбасылық ансамблінің мүшесі Ақнұр Төлеген «Жылдың үздік күйшісі» атанып, аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған Халық театры «Жылдың үздік өнер ұжымы» номинациясын иеленді.
Биылғы маңызды шаралардың бірі – бірлестік жетекшісі, ауданның құрметті азаматы, жазушы-журналист Жұмабай Жақыптың 80 жылдық мерейтойы және белгілі ақын, күйші-композитор Мұрат Сыдықов пен ҚР өнер қайраткері, Көркемөнер академиясының мүшесі, суретші Қайырбай Зәкіровтің 85 жылдық кеші жоспарда айқындалып тұр. Болашақта бірлестіктің ауқымын кеңейтіп, шығармашылық фестивальдер ұйымдастыру, жас дарындарды қолдау, әдеби байқаулар өткізу көзделуде.
Зейнолла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік – тек қаламгерлер мен өнер иелерін біріктіретін ұйым ғана емес, Арал өңірінің рухани-мәдени орталығына айналған үлкен ұжым. Осы жылдар ішінде бірлестік өңірдің мәдениетіне тың серпін берді. Алдағы уақытта өзінің ауқымын кеңейтіп, жаңа биіктерге көтеріле бермек. Ауданның шығармашылық әлемі әрдайым өркендеп, өрлей берсін демекпіз.
Гүлмарал САҚТАПОВА