Татуласудың тиімді тетіктері

Татуластыру рәсімдерінің ішіндегі татуласу келісімі ілгеріректен өзінің тиімділігін дәлелдеп келе жатқан тиімді тәсіл. Ол бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін. Татуласу келісімі басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұза алмайды және заңға қайшы келмеуі тиіс.
Татуласу келісімін жасасқан тұлғалар оны осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімдерде ерікті түрде орындайды. Ерікті түрде орындалмаса, татуласу келісімін жасасқан тұлғаның өтінішхаты бойынша сот берген атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Ал заңнамадағы дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу тетігі екі тараптың ерікті түрде дауды медиатордың не судьяның жәрдемдесуімен медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхатымен жүргізіліп, екі жақтың мүддесіне негізделген ортақ шешім қабылдануымен бекітіледі.
Партисипативтік рәсім тәртібіне келер болсақ, бұл рәсімнің қозғаушы буыны адвокаттар мен тараптардың өкілдері дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы келісім шарттарын, дау талаптарының ықтимал жеңілдіктері мен ымыраларын талқылауға белсенді қатысады.
Партисипативтік рәсімді татуластырудың жаңа түрі дегенімізбен, оның да қолданысқа енгізілгеніне он жылға таяу уақыт болыпты.
Алғашында партисипативтік рәсім екі тараптың адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен жүзеге асырылған болатын. 2020 жылы азаматтық процестік заңнамаға енген өзгерістерге сай, мұндай рәсімді адвокаттармен қатар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғалардың қатысуымен жасауға жол берілді.
Партисипативтік рәсім судьяның қатысуынсыз екі тарап адвокаттарының не заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың жәрдемдесуімен дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы өткізіледі.
Татуласу келісімі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және партисипативтік рәсім бойынша келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Келісімдер оларды орындау мерзімі мен тәртібі көрсетіле отырып, тараптар келіскен шарттарды қамтуға тиіс. Келісімдерде кейінге қалдыру немесе ұзарту мерзімдері көрсетіле отырып, жауапкердің міндеттемелерді орындауын кейінге қалдыру немесе ұзарту, талап ету құқығын басқаға беру, борышты толық немесе ішінара кешіру не мойындау, сот шығыстарын бөлу, келісімді мәжбүрлеп орындау туралы шарттар және заңға қайшы келмейтін өзге де шарттар қамтылуы мүмкін.
Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімдерді орындау татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
Негізінен татуластыру рәсімдерінің қай тәсілі де тараптарға тиімді, өйткені мейлі ол партисипативтік келісім болсын немесе татуласу келісімі не медиациялық келісім болсын, әр тарап оны жасасқанда өзіне қолайлы шартты қабылдайды.
Статистикалық деректерге сәйкес Арал аудандық сотында өткен жылы 232 азаматтық іс медиация тәртібімен тоқтатылса, 3 азаматтық іс партисипативтік рәсім тәртібімен, 3 азаматтық іс татуласу келісімдерін жасасумен аяқталған. Ал ағымдағы жылдың басынан бері медиация тәртібімен 65 азаматтық іс, партисипативтік рәсім тәртібімен 2 азаматтық іс, татуласу келісімдерін жасасумен 3 азаматтық іс аяқталған.
Мәселен, жуырда Арал аудандық сотында талап қоюшы К. мен жауапкер У. арасындағы мүліктік дау туралы іс қаралды.
Іс бойынша тараптарға судьямен татуластыру рәсімдері жайлы айтылып, оның құқықтық салдары түсіндірілген. Нәтижесінде, тараптар дауды партисипативтік рәсім тәртібінде реттеуге ниет білдіріп, сотқа адвокаты мен өкілінің жәрдемдесулерімен татуласқандары туралы партисипативтік келісімді бекіту үшін ұсынған. Онда жауапкер талап қоюшымен өзара келісілген мөлшердегі соманы келісімде көзделген уақытта төлеуге уағдаласқан.
«Жақсы даудан жаман бітім артық» демекші, азаматтар дауды келісіммен шешудің тиімділігін түсініп, әрі ол үшін заңдық тұрғыда толық жағдай қарастырылғанын біліп жүргені жөн.
Арал аудандық сотының судьясы
Ә.Асанхан.
Фото: Нұрсұлтан Нұржаубай