Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет – әр бір азаматтың міндеті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет – әр бір азаматтың міндеті

Адамзатқа ертеден белгілі сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Сондықтан да, мұнымен күрес мәселелері кез келген мемлекет үшін өзекті проблема.
Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекет¬тiк басқарудың тиiмдiлiгiн, елдiң инвестициялық тартымдылығын төмендететiнi, әлеуметтiк-экономикалық қарыштап дамуды тежейтiнi баршаға мәлiм.
Елімізде осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.
Сондай-ақ, Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы он жылдық стратегиясы да қабылданды. Стратегияның мақсаты-мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауларында халықтың өміріне әсер ететін барлық салаларға тоқталып, мәселелерді шешу және дағдыны дамыту бойынша тапсырмалар беруде. Оның ішінде біз сөз етіп отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі төңірегінде қолға алынған бастамалар да бар.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы Мемлекет басшысының тапсырмалары іске асырылып, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандарға жаза күшейді, жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды.
Десе де, жемқорлық фактілерінің әлі күнге дейін тиылмай келе жатқандығы жасырын емес. Мұндай жағдайларды баспасөздерден, теледидардан, әлеуметтік желілерден ара-тұра көзіміз шалады.
Сондықтан да, осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу – тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, баршамыздыңда абыройлы ісіміз, азаматтық парызымыз болуы тиіс.
Кез келген адам жемқорлыққа қарсы тұрып, оған мүлде төзбеушілікті қалыптастырып, мұндай кеселмен бетпе-бет келген жағдайда ол туралы тайсалмай тиісті органдарға дереу хабарлауы керек. Сонда ғана бұл індетті жеңеміз.
Ұлы Абай атамыз «Ұрпағыңызға асыл мұра ретінде арсыздықты әкелетін бай¬лықты емес, тәрбие, білім, имандылықты қалдыр» деген екен. Сыбайлас жемқорлық – адам табиғатының бұзылуына, адамгер¬шіліктің тапталуына, адамдардың бөлінуіне әкеледі. Бұл — қоғамдық сананың рухани жақтан емес, материалдық тұрғыдан дағдарысқа ұшырауы.
Біз осыны түсініп, бұл тақырып тұрғысында өткізіліп отырған іс-әрекеттер өзінің оң нәтижесін көрсету үшін баршамыз аянбай еңбек етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өз үлесімізді қосуымыз қажет.

Арал аудандық сотының
судьясы Б.Керуенбаев.
27 наурыз 2025 ж. 122 0