Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүз жылдық комбинат, ғасырдан ұзақ шаруашылық

Жүз жылдық комбинат, ғасырдан ұзақ шаруашылық

Аралдан аттап шықсаңыз базарлық күткен баршаның жолыға қалса айтатын бір-ақ ауыз сөзі бар. Амандық-саулық сұрасып, жан-жақтың есендігін білгеннен соң "Балық ала келдің бе? Аралдың балығынан дәм татқанға не жетсін?!" дейді тамсанып. Бұл сөзге құлақ үйреніп те кеткен. Бір жағынан осындай тарихы терең өлкеде туғанымызды мақтаныш та етеміз.
Тарихы терең деуіміздің жөні бар. Бұл біздің балық шаруашылығына да тікелей байланысты айтылған сөз еді. Біреу білсе, біреу білмес. Ендеше айтайық...
Қасиетті ата кәсіптің берекесімен бой көтеріп, талай ұрпақтың маңдай тері сіңген, дәстүрі мен тарихы жазылған балық байлығын тасытқан Арал балық комбинатының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Иә, бұл ғасырлық меже теңіз халқының тек осы уақаттан бастап балық кәсіпшілігімен айналысты дегенді білдірмейді. Керісінше осы шаруаны ширатып, бабын білген уақыты еді.
Рас, Арал ежелден балыққа бай өлке. Берері көп теңіздің сарқылмас мол байлығына ерте кезден-ақ жұрт көз тіккен. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі көптеген деректерден белгілі. Алайда, Арал теңізінің байлығын игеруге алғашқы қадам ХХ ғасырдың аяқ кезінде жасалды. 1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы балық аулау ісіне тікелей бетбұрыс жасады. Мұның өзі балық кәсіпшілігінің орталығы болған Арал қаласының ірге тебуіне негіз болды.
Арал аймағы өзінің ерек тағдырымен бүкіл әлем назарын өзіне аудартқан жер болғаны – тарихи ақиқат. Тарихтың елеулі оқиғасы 1921 жылғы ашыққан Еділ бойынан Арал халқына В.Ленин жазған хат және соған қатысты атқарылған шаруа мен балықшылардың зор азаматтық ерлігі тарихымызға алтын әріптермен жазылған оқиға. Балық кәсіпшілігіне Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында В.И.Ленин зор көңіл бөліп, Кеңес мемлекетінің экономикасына әсіресе, азық-түлік саласына Арал балықшылары алғашқы жылдардан-ақ осылай үлес қосты. 1923 жылы Арал қаласында балық аулау инспекциясы құрылып, 1925 жылы қазақ автономиялық республикасының халық комиссариаты бүкіл Арал теңізі және Әмудария бойында балық аулау және оны қорғау туралы ереже қабылдап, 1925 жылдың 21 қазанында Қазақ КСР халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің қаулысымен "Арал мемлекеттік балық тресті" құрылды.
Түркістан республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің бұйрығымен барлық балық кәсіпшіліктері, кемелер мен құрал жабдықтар Арал депутаттары Кеңесіне берілген. Ал қазан айында Түркістан өлкесінің балық өнеркәсібі басқармасы құрылды. 1930 жылдарда Арал теңізінде 38 балық ұжымшары болып, 1940 жылдары балық шаруашылықтары оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Қарақалпақ Республикасына 13 балық ұжымшары қарады, олар 8 марта, Ворошилов, Микоян, Калинин, Сталин сияқты тағы да басқа колхоздар.
Ал Солтүстік Аралда Қаратерең, Бөген, Қарашалан, Шевченко, Қасқақұлан, Қызылбалықшы, Ақшатау, Сталинжолы, Аманөткел, Райым, Шөмішкөл, Бірлестік, Тастүбек, Жамбыл, Ленин, Балықшылар, Жаңажол және өзге де барлығы 22 колхоз болды. Бұлардың барлығында 1940 -1950 жылдары 8 мың балықшы, 6,5 мың жұмысшы мен қызметкерлер еңбек етіп балық аулау техникасы, әдісі әрбір кезеңде жаңарып отырды.
Балық жүйесіне мамандар дайындайтын фабрика-зауыттық училище (ФЗУ) және оқу комбинаты болды. Жыл сайын жүздеген матростар, кеме капитаны, механиктер, шеберлер, ұсталар, балық тоңазытушы және сұрыптаушылар дайындалды.
Бүгінде ғасырлық тарихқа ұласып отырған "Арал балық трест" балықшыларға қажетті түрлі өнімдерді Мәскеуден алып тұрған. Сүт, ұн, консерві, нан, киім, байпақ, қолғап, сырмақ, шалбар, бас киім, шарқат, жаз киімдердің түрлері. Оларды "Арал балық трестінің" бұйрығымен әр зауытқа, елді мекендерге бөліп, жіберіліп отырды. Осы мақсаттар мен міндеттерді шешіп отыру үшін Арал балықшылар тұтыну одағы құрылып, тұтынатын заттар мен тамақ өнімдерімен қамтамасыз етіп отырды.
Балық тресінің кейіннен балық комбинатының құрылуы басшылыққа, өндіріске жарқын серпін әкелді. Мақсаты бір, әрқайсысының өз өкілеттілігі бар екі мекеме балық өндірісінің түгелі Арал мемлекеттік балық тресінің қарамағында қатар жұмыс істеп, табыстылығын еселей түсті. Арал балықшыларының қарашаңырағы "Арал балық комбинаты" нарық Аралдың атын әлемге мәлім етті. Алайда жекешелендіру кезеңінде осы сөзді желеу етушілердің салдарынан 1990 жылдары жұмысын тоқтатты.
Сыр өңірінде абыроймен еңбек етіп, халық мүддесі жолында аянбай тер төккен азаматтарымыздың бірі, есімі еліміздің балық шаруашылығы саласының дамуымен тікелей байланысты аталатын мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР-ның тұңғыш Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған Қ.Саржанов балық трессі жайлы талай естеліктер айтады. Ол өз кітабында:
– Айта кетер бір жай – сонау 1870 жылдардан 1930 жылдарға дейін Арал өңіріндегі балық өңдеу шаруашылығы-зауыттарда барлық басшылық қызметте: директор, бухгалтер, кассир қабылдау, олардың көмекшілері де баяғы сырттан келген орыстар болған. Күні кешегі дейін Аралдың өзін айтпағанда, Ұялыда, Ұзынқайырда, Бөгенде мұндай қызмет басында орысар, немістер болатын. Ал Аманөткелде балық мамандары түгелдей шеттен келгендер еді. Өзім көрген пункт меңгерушісі Посин деген азамат-ты. Оның қызы Посина балық комбинатында жоспарлау бөлімінің меңгерушісі болған. Қызылорда облаткомы төрағасының орынбасары болған Севостьянов деген орыс-казак та Аманөткелде туған. Сондықтан болуы керек, Арал балық тресінде 1939 жылға дейін басшылар, олардың орынбасарлары, басқа да ондаған маман орыс азаматтары еді. Осыған байланысты комбинатта іс жүргізу, бұйрық беру, бәрі-бәрі орыс тілінде орындалатын, – деп жазылған.
Алайда Қ.Саржанов балықты қазақтың игілігіне айналдарған азамат бола білді. Әлі күнге дейін Аралдың балық шаруашылығын жандандыруға үлес қосып келеді. Атакәсіптен қол үзбеген ардагер 2003 жылдан бері «Шарткен ата» қоғамдық бірлестігін құрып, "Қызыл" кітапқа енген Арал қаязы шабағын өсіріп, бағалы балық тұқымын қайта қалпына келтіру бағытында еңбек етіп келеді. Күллі өмірін туған жерді түлетуге арнап келе жатқан ардақты азамат Арал қаласында "Балықшылар мұражайын" ашуға бастамашы болды. Сонымен бірге "Аралдың айтылмаған ақиқаты" атты мазмұны бай кітап та жазып шығарды.
Қазіргі уақытта теңіздің байлығы тұрғылықты тұрғындардың тіршілігін шалқытып отыр. Арал балық ресті жабылғанымен теңіз жағалай қоныстанған ауылдар кәсіптен қол үзбей келеді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
12 сәуір 2025 ж. 91 0