Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайсар атаммен мақтанамын

Қайсар атаммен мақтанамын

Тарих таңбалап берген талай із жатыр жүректе. Алайда барлығы сәттілікке толы емес. Соның ішінде өткеннің өкінішін өртеп, бүгінгі ұрпақтың санасында үлкен ерлікпен сақталған соғыс жылдары әлі күнге ұмытылған емес. Ұмытылмайды да. Керісінше, уақыт алға жылжыған сайын бұл ерліктің шоқтығы биіктеп, қадір-қасиеті артып, тағылымы мен мәні мейлінше тереңдей түсетіні белгілі.
Сұрапыл соғыстың зардабын бір кісідей көрген, ерлігі елге мұра болған жандардың бірі – Сағнадин Алдажаров. Сол майданда тобықтан қан кешіп, жанын шүберекке түйіп жүрген сәті жайында:
– Бұл тек біздің басымызға түскен нәубет емес. Фашистік Германияның ықпалынан азаттығына қауіп төнген барлық елдің қасіреті болды. Бізде жастық шақ дейтін дүние болмады. Соғыс даласындағы жеңісті күткен әр минут, әр сәт бізді ерте есейтіп жіберді. Алла ғұмыр берген екен, елге аман-сау оралғанда нағыз бақыттың не екенін сезіндік, – деп естелік қалдырған екен.
1924 жылы Арал қаласында туған атам Сағнадин Алдажаров 18 жасында әскер қатарына шақыртылып, бір ай дайындықтан өтеді. Дайындықтан кейін НКВД-ның арнайы полкы құрамында Сталинград шайқасына аттанады. Ең ауыр шайқастардың бірінде жасақ құрамындағы жауынгерлердің бірі ретінде жан алысып, жан берісіп шайқасқан ол 1944 жылы ауыр жараланады. Симферополь госпиталінде емделіп, майдан шебіне қайта оралады.
Оқ пен оттың ортасына қайта оралған атам "Сталинградты қорғағаны үшін", "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", медальдарымен және І дәрежелі "Отан соғысы" орденімен марапатталады. Екі жылдан соң 1946 жылы елге оралып, бейбіт өмірде ұзақ жыл мінсіз қызмет етті.
Сұрапыл соғыстың зардабын біркісідей көрген С. Алдажаров еңбек жолын сол жылы №41 кәсіптік мектепке тәрбиеші болып орналасады. Әскердегі тәртіп пен жауапкершілікті жанына серік еткен ол қалтқысыз қызметпен 1949 жылдан бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Ал 1956 жылы директорлық лауазымға тағайындалған ол 1959-1964 жылдары Балық комбинатында диспетчер, инженер-жабдықтаушы, 1964-1968 жылдар аралығында "Энергопоезд" мекемесінде диспетчер қызметін де абыроймен атқарды. 1968 жылдан "Аралрыбпром" өндірістік бірлестігінде диспетчер, жабдықтаушы қызметтерін абыройлы атқарып, 1988 жылы зейнетке шықты.
Жұбайы Рабиға Насапова да 14 жасынан бастап тылда темір жолда жұмыс жасаған. Екеуі 8 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған перзенттері бүгінде қоғамның әр саласында еңбек етуде. 2000 жылы Ұлы Жеңістің 55 жылдық мерекесін қарсы алып, қазан айында өмірден озды.
Иә,келешек жас ұрпақтың шат-шадыман бейбіт заманда өмір сүріп отырғаны сол бір жылдары ерен ерлік көрсеткен батыр жандардың арқасы.  Өмірден өткен майдангер аталарымыздың тозбайтын мұрасы, өшпейтін өнегесі, жақсы есімі ұрпақ есінде сақталары сөзсіз. Сол үшін де Ұлы жеңіске үлес қосқан қайсар аталарымыздың рухы алдында басымызды иеміз.
Үміт САҒНАДИНОВА,
№13 орта мектептің 11-сынып оқушысы

Фото: автордан 
19 сәуір 2025 ж. 74 0