Тұңғыш редактор

Газеттің тұңғыш редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев осыдан елу бес жыл бұрынғы естелігінде бұл жөнінде былай деген еді: «Ол күн әлі күнге дейін дәл есімде, ұмытпаймын. 1930 жылдың қазан айы болатын. Ол кезде Қызылордадан шығатын округтық «Сыр бойы» газетінде істейтінмін. Округкомның бірінші секретары Оразбақиев жолдас «шақырып жатыр» деген соң барсам, жанында округкомның екінші секретары Колуков отыр екен. Бірден Оразбақиев жолдас шақыру себебін айтты.
– Аралдан аудандық газет ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Соған сізді редактор етіп жіберуді мақұлдадық.
«Бұған қалай қарайсың?» дегендей маған ойлы көзін тоқтатты.
– Егер сенім білдірсеңіздер, партия тапсырмасын орындауға мен дайынмын, – дедім».
Осылайша Ә.Қоңыратбаев Арал аудандық партия комитетінің бірінші секретары Потаповтың келісімімен тұңғыш рет жарық көретін аудандық газеттің тұңғыш редакторы қызметіне тағайындалды. Әукең сонан бастап облыс орталығынан Аралға қарай баспаханаға қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуге, оған ие болатын маман баспагерлерді дайындауға шұғыл кірісіп кетеді. Баспахананың алғашқы меңгерушісі болған Попов деген азамат газеттің сапалы шығуына баспагерлерді біркісідей жұмылдыра біледі. Ал ғимарат мәселесін аупартком мен ауатком табан астында шешіп, редакция мен баспахана мекемелеріне Арал балық тресінің (бұл өндіріс орны кейін Арал балық комбинаты атанады) бұрынғы оқу комбинаты жанынан жайлы бір үйді босаттырып бергізеді.Газет редакциясының шығармашылық ұйымы Ә.Қоңыратбаевтың ұйғарымымен негізінен жергілікті жердегі жазу-сызуға ебі бар, қаламының желі бар тілшілерден ұйымдастырылды. Өйткені Әукең бұған дейін республикалық, облыстық газеттерде қызмет атқарған, қаламы жүйрік тәжірбиелі журналист болатын. Соған сәйкес редакция қызметкерлерінің сын мәселесін өткір жазуына басым көңіл бөледі.
Тұңғыш редактор журналистерге ұдайы «Сын түзелмей мін түзелмейді», «Сының сын болсын, бірақ шын болсын» деп айтуды ұмытпайды екен. Соның әсері шығар, редактор Ә.Қоңыратбаевтың бастамасымен жазылған сын мақалалар «Екпінді балықшының» алғашқы санынан бастап жарияланады. Нысанаға дөп тиген мұндай уытты мақалалар аупарткомның да назарынан тыс қалмайды.
Бірде редакторды аупарткомның бірінші секретары Потапов пен еңбекшілер депутаттары аудандық советі атқару комитетінің председателі Наватов шақырады. Редактор болса «қай жерден қателік кетті екен» деп қипақтап келген көрінеді. Сөйтсе газеттің осының алдындағы санында мойынынан әжептәуір қоғамдық дүние көрінген дүкен сатушысы туралы жарияланған сын мақалаға байланысты екен.
Аудан басшылары газет редакторына осыған орай жемқорлықтың жолын кесу, ауданда етектен тартқан ескіліктің қалдығы әлі де бар екенін, қоғам мүлкін талан-таражға салу көрінісін әшкерелеп, байлардың құйыршақтары құрып болмағанын айтып, газет бетінде соларды өткір сын садағының нысанасына жиі-жиі алу керектігі туралы тапсырмалар жүктейді. Көп ұзамай қоғам мүлкін талан-таражға салған әлгі дүкенші мен оның сыбайластары заң алдында лайықты жазаларын алған көрінеді.
Әуелбек Қоңыратбаев қол қойған сол 1930-1932 жылдары «Екпінді балықшының» таралымы 2500-ден сәл астам болыпты. Бір қызығы, редакцияның шығармашылық тобы ауданның құрамындағы балықшы, малшы ауылдарына жиі шығып, теңіз толқындарымен, дала еңбеккерлерімен жүзбе-жүз сұхбаттасқан көрінеді. Сол сапардан аудан орталығына оралған тілшілер «Екпінді балықшының» дейді немесе «Екпінді балықшы» бәлен колхозда қонақта» деген ортақ тақырыппен екпінді еңбекке жұмылдырған өзекті мақалаларын жариялап отырған. Бұл мақсатта газет редакторы да қалыс қалмай жиі-жиі қалам тербеген екен. Сөйтіп газет таралымын көбейтуге өздері мұрындық болып отырыпты.
«Екпінді балықшы» басылымын бір жарым жылдан сәл астам уақыт басқарған Әуелбек Қоңыратбаевтың қажырлы редакторлық еңбегін жоғарғы билік те кезінде лайықты бағалағанын мына төмендегі деректерден анық аңғаруға болады:
«Сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ұйымдастырған округтық, аудандық газеттердің кеңесінде «Екпінді балықшыны» мақтап, маған сыйлықтар берді. Сол сияқты ҚазТАГ-тың республикалық кеңесінде мені арнайылап телеграммен шақырып, ТАСС-тың және ҚазТАГ-тың материалдарын ұтымды пайдаланғаным үшін бағалы сыйлықтармен наградталдым» дейді Ә.Қоңыратбаев өзінің «Алғашқы баспалдақ» атты естелігінде.
Осылайша кезекті редакторлық қызметін Арал аудандық «Екпінді балықшы» газетінде осыдан тоқсан бес жыл бұрын абыройлы атқарған Ә.Қоңыратбаев бұдан кейін таралымы 75 мыңға жеткен республикалық «Колхоз» газетінің редакторы болып тағайындалғанын жоғарыдағы ескі деректен көруге болады.
Осы орайда Арал аудандық «Екпінді балықшы» басылымына осыдан 95 жыл бұрын тұңғыш рет редактор болып қол қойған Ә.Қоңыратбаевтың өмірдерегін «Толқынның» бүгінгі оқырманына ұсынсақ артық болмас.
Ә.Қоңыратбаев 1905 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген. 1914 жылы Шиелі, кейінірек Ташкент балалар үйінде тәрбиеленеді. 1921 жылы Ә.Дивеевтың фольклорлық экспедициясына қатысады. Мұнан кейін ол 1922-1924 жылдар арасында Ташкент шаһарына оралады. Сөйтіп журналистік алғашқы еңбек жолын осында жарық көретін «Жас қыран» (қазіргі «Жас Алаш») газетінен бастайды.
19256 жылы Қазақ елінің астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына қоныс аударады. Соған байланысты Сыр бойындағы бас қалаға партия, үкімет, Жоғарғы салалық министрліктер аппараттары өзге де республикалық дәрежедегі мекемелер көшіп келеді. Осылармен бірге Қызылордаға ірге тепкен «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясы С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров және басқа Алаш зиялылары көші Сыр бойына ағылады. Бұрын ресми түрдегі құжаттарда «Қырғыз-Қайсақ» атанып жүрген ұлтымызға «Қазақ» деген атауы осы жерде қайтарылғанын айтып кетсек артық болмас.
Міне, осы тұста «Еңбекші қазақ» газеті редакциясының бөлімінде қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлинмен бірге Әуелбек Қоңыратбаев қызмет атқару бақытына ие болады. Осыдан кейін Әуекеңнің журналистік жолы Арал аудандық «Екпінді балықшы» газетінде редактор болып жалғасқаны белгілі.
Жастайынан білімге құштар Ә.Қоңыратбаев 1932-1934 жылдары Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық коммунистік жоғарғы журналистік институтында оқып, 1934-1937 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. Ал 1938 жылдан аспирант. Сол жылдарғы қуғын-сүргін кезеңінен қорықпай-үрікпей «Қазақтың лиро-эпостық жырлары» тақырыбында ғылыми диссертация қорғауының өзі нағыз ерлік десе болғандай. Осы жерде Әуекеңнің туған інісі Әлібек Қоңыратбаевтың болашағы зор үлкен ғалым болғанын, бірақ оның жоғарыдағы қуғын-сүргін құрбаны болғанын айта кеткен жөн шығар.
1945 жылы, осыдан 80 жыл бұрын Мұхтар Әуезовтің басшылығымен Абай шығармаларының академиялық жинағын шығарысқан Әукең оның түсініктемелер бөлімін бастан аяқ өзі жазып шығады. Осыдан бастап ол ұзақ жылдар жоғарғы оқу орындарында ұлағатты ұстаз атанды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Ұстаздық қызметтен қол үзбей жүріп көптеген баға жетпес ғылыми-зерттеу еңбектерін жазып, кейінгі жас ұрпаққа мұра етіп қалдырған кемел ойлы үлкен ғалым болатын. Оның ішінде «Ғани Мұратбаев туралы естеліктері», оғыз-қыпшақ дәуірінен аман жеткен «Қорқыт ата» кітабын қазақ тіліне тәржіма жасауының өзі неге тұрады.
Айтпақшы Ә.Қоңыратбаевтың мына төмендегі Арал жайлы шындыққа бергісіз дерегінің өзі неге тұрады: «Ерте заманда Варахшы теңізінде жер сілкінуі болып, оның суы бір түнде лап беріп осы күнгі Аралға құйған дейді. Қырық қала су астында қалған.Желсіз күндері самолетпен, вертолетпен Арал түбінен қалалардың нобайын аңғаруға болады» деген еді.
Осыдан 55 жыл бұрын, 1970 жылғы 30 қарашада «Толқын» газеті редакциясының бұрынғы Ворошилов көшесі, №60 үйіндегі ескі диванда пальтосын жамылып көз шырымын алып жатқан кісіні жергілікті журналистер газеттің қырық жылдық салтанатына шақырылған 17-18 жастағы біз сияқты ауыл-село тілшілеріне «бұл кісі «Толқынның» тұңғыш редакторы Әуелбек Қоңыратбаев» деп таныстырған болатын. Бұл менің қанша жерден атақты болса да қарапайым, мәдениетті, оқымысты ғалымды бірінші және соңғы рет көруім еді. Үлкен ғалым, тұңғыш редактор 81 жасында Қызылорда қаласында өмірден озды. Артында қалған ізбасар ұлы Тынысбек Қоңыратбаев қазір Алматы қаласында тұрады. Белгілі өнертанушы ғалым.
1970 жылғы 30 қарашадағы «Толқын» газетінің қырық жылдық мерекелік санында сол кездегі Қызылорда педагогикалық институтының доценті Ә.Қоңыратбаевтың: «қазір «Екпінді балықшының» інісі іспеттес болып шығып отырған «Толқын» газетіне де, оның коллективіне де творчествалық жемісті еңбек тілеймін. Аудан еңбекшілерінің ерлік те тамаша игі істерін көптеп жазып, айдынды Аралдың балықшылары мен Қарақұм қойнауында мыңғыртып мал өсіріп жатқан дала ардагерлерін ерлік еңбекке шақырады деп сенім білдіремін» деген тілектестік сөзі «Толқын» газеті редакциясының кейінгі буын шығармашылық тобына жұғысты болсын деп тілейміз.
Т.НҰРЖАН-БАЛТА