Абай мұрасы –қазақтың ең қасиетті қазынасы

Абай – қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресіп өткен ұлы ақыны, халқымыздың бір ғасырдағы ой-өресінің өрісі мен биігін көрсететін дара тұлғасы, алысты болжай білген терең ойдың, рухани сарынның ақыны. Қазақтың ұлы перзенті теңдессіз шығармаларын мұра ретінде ұрпағына қалдырды. Оларда оның бар өмірі, жарқын болашақ туралы арманы бейнеленген. Оның жалынды өлеңдері мен дана «Қара сөздері» ешқашан күшін де көкейтестілігін де жоймайды. Абай шығармаларына ұңілер болсақ, ұлы далады өмір сүрген қазақ халқының бар болмысын, тұрмыс-тіршілігін, ұлтымыздың салт-дәстүрін, жан-дүниесін тереңнен түсінеміз.
Абайдың ғұмыры мен ғибраты, шығармашылығы қазақ халқына ғана емес, әлем жұртына да өнеге. Ұлы қазақ ақыны, әрі ағартушысының туындылары әлемнің 30-дан астам тілдеріне аударылған. Ол өзінің өлеңдері, қара сөздері және аудармалары арқылы халықты білімге, ғылымға, еңбекқорлыққа, әділдік пен адамгершілікке үндеді.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік Туы көгімізде желбіреген кезеңде ұлы ойшылдың жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығы артып келеді. Иә, еліміздің тұтастығы, іргеміздің беріктігін сақтау үшін бабалар салған жолдан ауытқымай, өткенімізді бүгінге ұштастырып, бүгініміз болашаққа үлгі болатынын жадымыздан шығармауымыз керек. «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақын мұрасын насихаттаудың өзектілігін нұсқап, оны бүгінгі қоғамның рухани тірегіне айналдырудың маңызын назарға салды.
«Адамзаттың Абайы» атанған даңқты бабамыздың қайсы заманда да маңызын жоймаған баға жетпес құнды еңбектерінен сусындай білсек, рухани деңгейі жоғары, ынтымағы мен ырысы тасыған өркениетті ел боларымыз анық.
М.ЖИЕНБАЕВ,Арал аудандық сотының жетекші маманы
Фото: www.facebook.com