Жетес бидегі ағайынның ахуалы қалыпты

Жұмыс сапарын Жетес би ауылдық округінен бастаған аудан басшысы алдымен су шаю салдарынан зақымданған «Райым-Водокачка» бағытындағы автожолдың қазіргі жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда аталған жол учаскесі дария бойында балық аулап, күнелтіп отырған тұрғындардың қатынауына едәуір қиындық тудырып отыр. Осыған байланысты аудан әкімі тиісті сала басшысына алдағы уақытта жолдың қос қапталына тас төсеу арқылы көтеру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді.
Мұнан соң, елдімекендегі ауылдық клуб ғимаратында тұрғындармен жүздесіп, жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталып өтті.
«Елде жасалып жатқан жұмыстардан Өздеріңіз хабардарсыздар. Соңғы жаңалығымыз аудан орталығындағы жаңа аспалы көпір ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, өңірімізде өндіріс саласын дамытуға бағытталған ірі жоба яғни күнделікті тұрмысқа қажетті ұнтақтар өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Шикізаты алдағы кезеңдерде елден шығады деп үміттіміз. Қазіргі таңда ауданда білім беру, денсаулық және инфрақұрылымдық салаларда тізбектелген түрлі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Өткен жылы бас шаһардың өзінде кезегін күтпей 3 шағын аудан көгілдір отынға қосылса, көптен күткен сексеуілдіктер мен шижаға жұрты бұл игілікке жыл басында қол жеткізді. Құны 5,2 млрд. теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекені тұсынан автоматты газ тарату стансасы салынып жатыр. Құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Мемлекет тарапынан қажетті қолдау жасалып жатса, жыл аяғына дейін Қамыстыбас елдімекенін де газдандыруға толық мүмкіндік бар. Жалпы бұл станса арқылы 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік болады. Оның ішінде сыр беткейдегі ауылдардың барлығы да қамтылмақ. Бұдан өзге, білім саласында да жағымды жаңалықтарымыз көп. Өткен жылы Ақшатау, Тоқабай ауылдарына мектеп салу мәселесі оңынан шешіліп, жаңа білім ордалары оқушылар игілігіне табысталды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Арал қаласынан 300 орындық мектеп салынып ашылса, дәл осындай білім ұясы Сексеуіл кентінде бой көтеруде. Нысан жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Осы ізбен кезең-кезеңімен ауданның өзге де елді мекендерінде жаңа білім ошақтары салынатын болады. Мемлекет басшысының 2026 жылға дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 117 шақырым қашықтықта орналасқан Ақбасты елді мекеніне су тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының бұл игілікті көрер күні де алыс емес. Сондай-ақ, «Тоқабай–Абай» бағытында құны 8,2 млрд. теңгені құрайтын су құбыры желісін тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, Тастүбек және Ерімбетжаға елді мекендерінде де таза ауыз су жүйелері орнатылып, биыл халықтың пайдалануына беріледі. Жақын күндері ауданға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов пен Дүниежүзілік Банктің Еуропа мен Орта Азиядағы өкілдері келіп, Көкаралдың бөгетінде болды. САРАТС жобасының екінші кезеңі аясында Көкарал бөгетін 2 метрге дейін көтеру арқылы теңізге қосымша 7 млрд текше метр су жинақтау мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл өз кезегінде теңіз акваториясының ұлғайып, балықшы қауым үшін жағымды жаңалық болмақ. Биыл ескі арнаны бөгеу арқылы мол су қоры жиналды. Көп жылдан бері болмаған мол судың келуі барлығымызды қуантты. Қазірде Ақшатау, Қамыстыбас және төңіректегі көлдер жүйесіне қажетті су жеткізілді. Осы ретте, келесі жылы көктем айында Мырзас елді мекенінде су тоспасын салу жоспарлануда. Бүкіләлемдік банк өкілдері бұл мәселеге ерекше назар аударып, жобаны қаржыландыруға дайын екенін білдіріп отыр. Бұл құрылыс су қорын реттеп, қалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік бермек. Бұдан өзге, медицина саласын да іргелі жұмыстар атқарылуда. Аудан орталығында биыл орталық аурухана жанынан 4,2 млрд. теңге қаржыға нейро-инсульт, кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай мен жұқпалы аурулар ауруханасы салынуда. Ендігі кезекте аудан тұрғындары МРТ және ангиограф заманауи қондырғыларымен ем алуға мүмкіндік алады» - деді, Аманжол Сақыпұлы.
Ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, елге ортақ бірқатар мәселелерді ортаға салды. Олар елді мекенге асфальт жол төсеу қажеттілігі мен ауылдың негізгі тіршілік көзі болып отырған көлге қатысты түйткілдерді қозғады. Аудан әкімі өз кезегінде қазіргі таңда ауылға кіреберіс жолға асфальт жабындысын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын, жоба оң сараптамадан өткен жағдайда тиісті бюджеттік өтінім берілетінін атап өтті. Сонымен қатар, көл иесімен кездесу өткізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Мұнымен қоса, көл маңында демалыс инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, кәсіпкерлік бастамаларды қолға алуға болатынын да айта өтті.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі