"Ұлы дала" шығармашылық байқауына құжат қабылдау басталды

«Жергілікті қаламгерлердің қатысуымен өтетін «Ұлы дала» аймақтық шығармашылық байқауы «Поэзия», «Проза» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша өткізіледі. Құжаттар ереже бойынша 16 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Аймақтық ұйымдастыру комитетімен әрбір номинацияға үш орыннан қарастырылып отыр. Жеңімпаздар қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады»,- дейді Алмасбек Есмаханов.
Атап өту керек байқауға 18-ден 45 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бір автор тек бір номинацияға қатысады. Байқауға қазақ тіліндегі жұмыстар ғана қабылданады және бұрын-соңды жарияланған шығарма қабылданбайды. Ұсынылатын жұмыстардың тақырыбына шектеу қойылмайды. Байқауға келіп түскен жұмыстар байқау комиссиясымен 10-20 тамыз аралығында қаралады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 31 тамызға дейін өткізілмек және әр номинация бойынша жеңімпаздар «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына қатысуға тікелей жолдама алады.
Ескерту, байқауға қатысу үшін «Проза» номинациясына 25, «Поэзия» номинациясына 15, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 15 беттен аспайтын жұмыстар қабылданады. Олар А4 форматында, Times New Rоman қарпімен, 14 мөлшерде,1,0 аралықта терілуі керек және материалдар бүркеншік атпен партияның аймақтық филиалының kyzylorda@amanatpartiasy.kz электрондық мекенжайына жолданады.
Байқаудың толық ережесімен партияның облыстық филиалының Amanat Қызылорда облысы, amanatkyzylorda атты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан таныса аласыздар.