Атаулар сыры – тарих айғағы

Бұл кезеңнің негізгі мақсаты – ұстаздар қауымын туған өлке тарихын зерттеуге жұмылдыру, жер-су атауларының мәні мен мазмұнын зерделеу арқылы тарихи сананы тереңдету. Сонымен қатар, зерттеушілік дағдыларды қалыптастыру, ғылыми ізденіс негізінде нақты деректерге сүйенуді үйрету – байқаудың басты міндеті болды.
Сайыс екі кезеңнен тұрды: 1-тур – жеребе арқылы әр бірлестікке 5 елдімекен атауы бекітілді. Қатысушылар өздеріне тиесілі атаулардың шығу тегі, тарихи деректері мен мағыналық ерекшеліктерін зерттеді. 2-тур – әр бірлестіктен бір қатысушы өз зерттеу жұмысын көпшілік алдында 10 минут ішінде қорғап шықты.
Расымен, жер-су атаулары – тарихтың үнсіз куәсі. Бұл жолы зерттеу нысаны ретінде 45 елді мекен таңдалды. Олардың қатарында Арал өңірінің– Абай-Қарақұм, Ақбай, Ақбасты, Ақеспе, Аққұлақ, Ақшатау, Аманөткел, Аралқұм, Бекбауыл, Бөген, Ерімбетжаға, Ескіұра, Қаратерең, Қосаман, Жақсықылыш, Жаңақұрылыс, Жіңішкеқұм, Жалаңаш, Қамыстыбас,Қарашалаң, Сексеуіл, Райым, Шөміш, Тастүбек, Қосаман, Қосжар, Құланды, Құмбазар, Қызылжар, Сазды, Құмбазар,Сапақ, Тоқабай, Шижаға, Шөмішкөл, Көктем, Көнту, Мойнақ, Тастақ, Тербенбес, Құмсағыз, Сарышығанақ, Жалғызағаш, Алтықұдық, Тасбөгет, Үкілісай сынды топонимдері бар. Мұғалімдер осы атаулардың тарихи мәнін, географиялық ерекшеліктерін, атауларға арқау болған аңыздар мен ауызша деректерді тыңғылықты зерттеп, ерекше ізденіс үлгісін көрсетті.
«Атаулар сыры – тарих айғағы» жобасы арқылы ұстаздар тек ғылыми ізденумен шектеліп қойған жоқ, сонымен қатар жас ұрпаққа туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын насихаттаудың үлгісін көрсетті. Байқау нәтижесінде үздік шыққан бірлестіктер мен мұғалімдер марапатталып, олардың жұмыстары мектептің әдістемелік қорына енгізілді. Мұндай бастамалар – мұғалімнің кәсіби дамуына серпін беретін, ел мен жер тарихына деген құрметті оятатын, ең бастысы, мектеп руханиятына тың серпін қосатын игі қадам.
Жанат ШҮКІРАЛИЕВА,
№220 мектебінің тарих пәні мұғалімі