Бұл оқиға Шөміште болған еді

Алматы шаһары еркелікті көтермейді. Ақыры, құлағымның шаншуы басылмаған соң, оқуға құжаттарымды тапсыра алмастан ауылға қайттым. Ауылға келе, ауруханадан бір-ақ шықтым. Сол жатқаннан екі айдай жаттым. Құрдастарымның оқуға түскені бар, жұмыс істегені бар, әскери міндетін атқаруға кеткендері бар, әлдеқашан жан-жаққа тарап кетіпті. Ауылда сопа басым сопиып, жалғыз қалдым. Әрине, жалғыздық – қасірет! Жерге сыймай, ақыры, Ақтөбе қаласына жол жүріп кеттім. Ойым, қалаға барып, аспаздық оқу оқу! Бірақ, өкінішке орай, ол жақта да оқуға қабылдау уақыты әлдеқашан бітіп қалыпты. Содан бір жыл әкемнің інісі Жұмағазының қолында «Қазселхозтехника» мекемесінде «жезтянщик» мамандығы бойынша жұмыс атқардым. Ол кезде Ақтөбе қаласы бейне Ресейдің қаласы іспетті. Қазақтарды өте сирек кездестіресің. Ал, мен болсам тіл білмеймін. Сөйтіп, азапты бір жыл да өте шықты. Ақыры, дайындықтан қол үзіп, оқуға түсер мүмкіндіктен де біржола айырылдым. Көп ұзамай ауылға қайтып келдім. Нағашым Мырзалы Бәйімбетов Мәскеуге тікелей бағынатын «Аралрыбвод» мекемесінің бастығы болатын. Сол мекемеге қарасты Қамыстыбас балық қорғау инспекциясының бөлімінде қайықтың «старшина-моторисі» қызметіне орналастым.
Содан бастап қызықты өмір басталды. Бір жылдан соң, әскер қатарынан Кеулімжай Изеев оралды. Менің сыныптасым, менен екі жас үлкен! Келді де, ауылдағы ауылдық кеңеске салық жинаушы болып қызметке орналасты. Ауылда жалғызсырап жүрген маған жақсы серік бола білді.
Ол кезде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ішінде, «кемелденген социализм» тұсында, «өркендеген» бір-ақ нәрсе бар еді. Айып болса да айтайын, Кеңес үкіметінің идеологиялық насихатымен халықтың санасын арақ-шараппен жаппай улап жатқан шақ-ты. Комедиялық кинофильмдер, баспасөз беттерінде, газеттер мен журналдардағы күлкілі әңгімелер, арзан күлкілер, әсіресе, жастарды тез баурап алатын оқиғалар арақ-шарап ішумен байланыстырылып отыратын. Ең сорақысы, қазақ халқына қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, репрессия, соғыс, халықтарды жер аудару, тың игеруді желеу етіп, славян тектілердің сотталған азғындарын қазақ жеріне көптеп қоныстандыру саясаттарының озбырлықпен іске асырылуы, түптеп келгенде, қазақ халқының мінезінің теріс жағына қарай өзгеруіне тікелей әсер етіп жатқан тоқырауға толы уақыт еді.
Жасырып қайтеміз, сол жылдары үлкендер түгілі, мектеп қабырғасында жүрген кейбір оқушыларға дейін арақ-шарапқа ауызданып шығатын. Мұның бәрі билік тізгінін ұстап отырған орыс шовинистерінің халықты ауыздықтап ұстап отыру зымияндық саясатының әсері еді.
Қысқасы, осы зымиян саясаттың салқыны ұрған Кеулімжай екеуіміз қызмет бабымен Арал ауданы, Шөміш бекетінде (ақын Шөмішбай Сариевтің туған ауылында)кездесіп қалдық.
Екеуіміздің қызметтеріміз екі басқа болғанымен, біздерді ортақтастыратын дүниелер де бар-ды. Жас айырмашылықтарымыз екі жас болғанымен, бірге оқыған-сыныптаспыз! Яғни, «құрдаспыз»! Сонымен қатар, екеуіміздің де қызметіміз халыққа аса жағымсыз! Күнін әрең көріп жүрген жұрттың үстінен біреуіміз салық жинап қинасақ, екінші біреуіміз аулаған балықтарын пойызға саттырмай діңкәләтамыз! Ол аз десеңіз, екеуіміз де мектеп қабырғасында жүріп, араққа ауызданған қулармыз!
Менің міндетім-өзімнен үлкен инспектор ағаларыммен бірге Қазалы-Сексеуіл аралығындағы заңсыз балық сатуға жол бермеу, Арал ауданындағы көлдерден заңсыз балық аулаудан қорғау, ал Кеулімжайдың міндеті-Қамыстыбас ауылдық кеңестің тұрғындарынан салық жинау. (Ол кезде Шөміш бекеті де Қамыстыбас ауылдық кеңесіне қарайтын.) Міндеттеріміз де осал емес! Тек айырмашылық- салық жинаушы Кеулімжайдың қасында ауылдық кеңестің төрағасы мен хатшысы бар! Ал, менің қасымда соғысқа қатысқан әкемнің құрдастары мен інілері! Мен солардың қамқорлығындамын! Яғни, мен де жалғыз емеспін. Тағы бір ерекшелік-олар бүгінгінің полицейлеріндей емес, мейірімге толы жандар болатын.
Шөміш бекетіне келген соң, инспекторлардың бастығы, соғыс ардагері Махамбетәли Еламанов әкеміз: «Қазір мен бір танысымның үйіне барып, шайға тапсырыс беріп қайтайын. Сендер екі топқа бөлініп, дайын боп тұрыңдар! Қазір пойыз келеді. Балықтарын пойызға сатуға дайындап келген келіншектер келіп, балықтарын сата бастайды Сол кезде шап беріп ұстап аласыңдар! Артық қимыл болмасын. Аса сақ болыңдар! Ұсталған адамдарға шамадан тыс айыппұл салмаңдар! Олар да ерігіп жүрген жоқ! Бала-шағаларының қамы ғой! Үкіметтен қайыр жоқ! Оларға жұмыс тағы жоқ!» деді.
Біз бірден түсіндік. Ол кезде соғыстың зардабы әлі толық жойыла қойған жоқ-ты. Елде әскерлерилердің отбасыларының жетім-жесірлері де баршылық болатын. Халықтың тұрмысы да төмен! Сондықтан, тым артық кетуге болмайды.
Күткен пойыз да келді-ау! Біз бесеуміз. Тасада тұрмыз. Кенет балық сататын қыз-келіншектер, қатын-қалаштар бір бүйірден шыға келді де, қызу сауда жүре бастады. Мен он жетідегі бозбаламын. Қыз-қырқын, жас келіншектерді ұстауға ұялып та тұрмын. Бір кезде инспекторлардың дауыстары жарқын-жарқын шығып, балық сататындарды ұстай бастады. Ұсталғандары: «Аға! Көке!» – деп инспекторларға жалына бастады. Пойыздағы жолаушылар балық сататындарға болысып, вокзалдың алды ызы-шу, қым-қуыт болды да кетті. Жалмұрат деген үлкен кісі, үлкен болғанда да-нән кісі (оны былайғы жұрт, руына қарап «қожа» деп атайды екен!), сасқалақтап тұрған маған күтпеген жерден бұйрық берді.
– Әй! Сүмірейіп не істеп тұрсың?! Қайыр аналарды!
Бұйрықтың естілуі мұң, бейне қоянды қайырған тазы иттей балық сатқан қыз-келіншектерді әп-сәтте «қожаның» алдына салып бердім. Бір кезде ырсылдаған «қожаның» жан дауысы шықты.
– Әй! Жүгірмек, «қоян ұстар тазым»! Ұста ананы!
Ақ тер-көк тер, бір келіншекті алдына салып қуып келе жатқан «қожа» қарны қампайып, ырс-ырс етеді. Маған «тез ұстасайшы!» дегендей, жалынышты көзқараспен қарайды. Он жетідегі бозбалаға не тұрады, тәйірі?! Көзді ашып-жұмғанша, «қожаға» ұстатпай әбден діңкәләтқан «жемтігін» алдына иіріп әкеп ұстап бердім.
Бір қарасам, еңгезердей Төлеу ағам бір келіншекті үйді айналдыра зырылдатып қуып жүр екен. Әлгі келіншек жеткізер емес. Төлеу ағам шыр айналдыра қуып жүр, қуып жүр, бір кезде келіншек шарбақтың ортасындағы шағын ғана есіктен зып беріп ішке кіріп кетті. Оны аңғармаған Төлеу ағам шарбақты бір айналып шықты да, ізді-ғайым жоқ болған келіншекті іздеп сәл-пәл абдырап қалды да, шегіншектей беріп, батпақ илеп қойған қамбаның ішіне күмп берді.
Мұны көріп, Төлеу ағама дереу көмекке ұмтылдым. Қамбаға жақындасам, Төлеу ағам жер-көкті күңірентіп барқырап жатыр екен. Батпаққа тізеден кіріп кетіпті. Қолынан тартып әрең суырып алдым. Пойыз жүріп кетті. Сауданың қызығы да басылды. Махамбетәли Еламанов әкеміздің шай дайындатып қойған үйіне қарай бет алдық. Батпаққа тізеден кірген Төлеу ағамнан басқасының көңілі көтеріңкі! Әсіресе, менің көмегіммен бір келіншекті ұстаған Жалмұрат «қожаның» көңіл-күйі ерекше! Төлеу ағама бір қарап қойып, ыңылдап ән салып қояды. Бір-бір қатын ұстаған басқаларының да көңіл-күйі жаман емес. Шай дайындатып қойған үйге барып, ұсталғандардың үстінен Төлеу ағамнан басқасы хаттама толтыруға кірісті. Ал, Төлеу ағам болса, су алдырып, балағын жуумен айналысты. Бір қызығы, ұсталған келіншектер үн-түнсіз айыппұлдарын төлеп, кетіп жатыр. Айқай-шу жоқ! Соған қарағанда, жазылмаған заң бойынша бір-бірін танитын ағайын-туғандар кеңес үкіметі билігінен тыс өзара келісімге келіп, ынтымақтасып өмір сүруге бейімделген-ау! Әйтеуір, маған солай көрінді. Менің түсінігім бойынша, мұның бәрі есепсіз Ресейге жөнелтіліп жатқан балықтың қызығын жергілікті халық та көрсін деген ниеттен туындаған іс-ау! Өйткені, төленген айыппұлдар иесінің аты-жөні көбінесе ойдан құрастырылып, үкіметке өткізіледі. Болашақ айып иелері жауапқа тартылмау жағын да қарастырады-ау деймін. Түптеп келгенде, бір-біріне деген қамқорлықтары білініп тұрды.
Шай ішіліп жатқанда, есік жақта отырған мені «қожа» ымдап шақырып, басқа бөлмеге алып кетті. Барсам, бір кесе коньяк құйып дайындап қойыпты.
– Ал, қоянға қосар жас тазым, білдіртпей мынаны тартып жібер! Айтпақшы, іше аласың ба, өзің?! – деді сақтана сұрақ қойып.
Әбден ауызданып қалғанымды қайдан білсін, мен басымды изедім. Сөйттім де, бір кесе коньякты дем алмастан тартып жібердім. «Қожа» шошып кетті. Жалма-жан тіске басарын ұсынды. Мен «қожаны» одан әрі таңғалдыра түсу үшін тіске басардан бас тарттым. Мұны көрген, «қожа» таңғалыстан бас шайқауын үдетті. Осылайша, ешкімге білдірместен дастарқанға қайта жайғастық.
Сөз арасында «қожа» өзінің қоян алатын «тазысын» жақсылап бабтап қойғанын айтты. Бұған ешкім де онша мән бере қоймады. Сөйтіп, кештеу келетін келесі пойызға дайындықты үдеттік.
Осы екі аралықта Кеулімжай досымның, әрі сыныптасымның жағдайын білуге құмарлығым оянып кетті. Дереу қызметтестерімнен рұқсат сұрап көшеге шықтым. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, ол да қасында ауылдық кеңестің төрағасы мен хатшысы үшеуі бір үйден түстеніп алып, салық жинау үшін үй-үйді жағалауға енді беттеп келе жатыр екен.
Мені көрген Кеулімжайдың көзі жайнап кетті. Әлденеден үміттенетін сыңай білдірді.
– Нұреке, мына дүкеннен бірдеңе алайық! Біраз қызып алмасақ болмас! Сосын менің қасымда жүріп, шамалы көмектесші! Ыңғайсыздау жұмыс екен!–деді.
Мен Кеулімжайдың өтінішін мақұл көрдім. Екеуіміз дүкенге кіріп, екі бөтелке шарап алып шықтық. Бір кесе коньяк ішімді қыздырып-ақ тұр еді. Жастық қой! Сонда да, іштегі коньякты көп көрмей, екі шыны шарапты қылдай бөліп, қылғытып жібердік. Мен қыза бастадым. Кеулімжай әлі тың. Сөзі түзу! Содан ауыл шетіндегі бір тоқал тамының ішіне кірдік.
Там ішінде, ауызғы бөлмеде ауыз-басы жыбырлаған, әлденеге ашулы бір әже отыр екен. Басқа тірі жан жоқ. Әженің ап-арық салалы саусақтары жаңа ғана тезек теріп келген бе, әйтеуір, күс-күс, көптен алынбаған тырнақтары қап-қара, аюдай! Шамасы, мына жетер-жетпес дүние әбден қажытқан-ау! Масаң болсам да, маған солай көрінді. Әже сәлемімізді алғаннан кейін, сәл-пәл тыныштық орнап қалды. Соны ыңғайсыз санады ма, Кеулімжай көп кідірітпей әңгімесін бастап кетті.
– Әже, жағдайды өзіңіз де білесіз. Халықтың тұрмысы әлі оңалып кеткен жоқ. Сонда да, болса үкіметтің жұмысы ғой! Бізді салық жинауға жіберді. Соны жинап жүргенбіз...
Мұны естігенде, әженің басы кекшең ете қалды. Оны мен байқап қалдым. Ал, Кеулімжайдың ойында ештеңе жоқ, сөзін жалғастыра түсті.
Әже жақтырмай қайта сұрады. Кеулімжайдың қаперінде ештеңе жоқ, әже естімей қалған шығар деген оймен, жақындай түсіп, демін барынша ішіне тартып, бар дауысымен күшене құлағына «Нәлөк!» деп айқайлаймын дегенше болған жоқ, әжеден мыстан кемпірге айналып үлгірген кейуана күс-күс салалы саусақтарының арасынан бас бармағын шығарған күйі, Кеулімжайдың «Нәлөк!» деп айтқысы келіп, аузын барынша ашып, енді ұмтыла берген сәтінен кемпір бұрын қимылдап, Кеулімжайдың аңқиған аузына күс-күс бас бармағын «Нәлет!» деп тығып кеп жіберді. Қимылдың оқыс болғаны сонша-Кеулімжай айналада не болып, не қойып жатқандарын, қапелімде аузына не кіріп кеткенін айырудан қалды. Қақала-шашала жерде аунап жатқанын көргенде, ашық тұрған есіктен сыртқа ытқып шығып, алды-артыма қарамай шығына қаштым.
Санам түбегейлі төңкеріліп түсті. Ауылдың қарапайым әжесінен аяқ асты ертегілерде кездесетін Жалмауыз кемпірге айналып кеткен кейуана артымнан дүңкілдетіп қуып келе жатқандай әсер қалдырды.
Әйтеуір, бір аяқ киімнің дүңкілі қыр соңымнан қалмай-ақ қойды. Ұстаса оңдырмайтындай! Артқа қарауға мұрша жоқ. Кенет әлгі дүңкілдеткен аяқ киімнің иесі: «Ой-бай, өлдім!» дегені. Жалт қарадым. Өйткені, дауыс-Кеулімжайдың дауысы еді! Сөйтсе, бұл да есін жияр-жимастан аузына кіріп кеткен кемпірдің күс-күс бас бармағына жабысқан малдың қиын аузынан бір түкіріп тастап, ізімнен тұра жүгіріп қалмай келеді екен. Дүңкілдеп келе жатқан аяғындағы киіп алған солдаттың дәу керзі бәтеңкесі болып шықты.
– Ой-бай, тоқта! – деді демін баса алмай әрең дегенде... Бұл да қатты ынтығып қалса керек. Демі әбден басылған соң: «Мына жұмыстан абырой таппаспын! Оқу оқып, бір мамандық алып, жұрт қатарлы еңбек етпесем болмас! Бұл жұмысты тастаймын! – деді. Мен де оңып тұрғаным жоқ еді. Оқу оқымағаныма, мамандық алмағаныма қатты өкініп тұрғанмын. «Оқу оқып, өзіме лайық мамандық алып, жұмыс істемесем болмас!» – дедім кіжіне.
Сөйттік те, екеуміз екі жаққа кеткенбіз. Кейін есіттім, Кеулімжайым сол айырылысқаннан, дүкенге тура тартып, екі бөтелке шарап алып, жақсылап тұрып кемпірдің күс-күс тезек араласқан бас бармағының дәмін аузынан кетіру үшін, шараппен мықтап шайып, қалғанын өңештен өткізіп жіберіпті. Ішке енген жиынтығы үш бөтелке шарап оңдырсын ба?! Басындағы шәпкіден де, қолтығындағы пәпкіден де айырылып, бір қораның түбіндегі үйілген қиға әбден аунап, кәрі түйелерше қисалаңдап жүрген жерінен ауылнай мен хатшы әрең тауып алыпты.
Ол кездің адамдары шетінен мейірімді, қайырымды ғой! Жоғалтып алған пәпкісі мен умаждалып, лақтырылып жатқан шәпкісін бір қораның түбінен тауып берді. Пәпкінің ішіндегі ақшаға да, құжатқа да ешкім тимепті.
Содан бері талай уақыт өтті. Мен әскери міндетімді өтеп келіп, оқуға түстім. Бір емес екі оқуды тәмамдап, қалаған мамандығым бойынша еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Кеулімжай болса, тұрмыстың ауыртпалығынан оқи алмай, қара жұмысшы болып өмірден өтті.
Нұрбай ЖҮСІП
.