Ветеринария адамзатты емдейді

Олар ми қайнатар ыстықта, жан шыдатпас аязда негізгі кәсіптері жолында аянбай еңбек етіп, аттың жалында түйенің қомында жүре береді. Малшы ауылдарды аралап, төрт түліктен қан алып, тілі жоқ жпнуардың ем-домын жасаудан шаршамайды.
ҚР Ауылшаруашылық министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясы осыдан он жыл бұрын, нақтырақ тоқталсақ 2015 жылы құрылған-ды. Сонан бері де қыруар жұмыстың тіні тарқатылды. Бастысы, сала көкжиегі кеңейіп, жыл сайын мал саны артпаса, кеміген жоқ. Соның нәтижесінде мемлекет тарапынан қолдау жасалып, ветеринария ісі бір жолға қойылды. Кәсіби маман иелері өздеріне жүктелген істі асқан жауапкершілікпен атқарып, ойсыл қараның, зеңгі бабаның, қошқар ата мен шек-шек атаның тұқымдарын жұқпалы індеттерден сақтауға айрықша атсалысты.
Халық денсаулығын жануарлардан тарайтын аурулардан қорғауды көздің қарашығындай қадағалаған қауымның жүйелі жұмысы елеулі еңбегі әркез аудан жұртшылығына арналды. Оған ауданда жүргізілетін жоспарлы ветеринариялық іс-шаралар толыққанды дәлел. Сапалы қызмет аясында ветеринариялық препараттардың қозғалысы, тасымалы, ішкі сауда объектілерінде жануарлар өсіру және тасымалдау заң шеңберінде қадағалануда. Сондай-ақ, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда инспекция штатында мемлекеттік ветеринариялық санитарлық инспекторлар қадағалау жүргізіп, қашанда өздерінің сөзіне ісі сай екендерін байқата алды.
Инспекция құрылғаннан бергі уақытта қаншама адалдықтарымен танылған азаматтар осы саланың өркендеуіне өмірлік тәжірибелерін кейінгі буынға үйретіп, осынау маңызды істің алысқа жеткізетінін аңғартты. Ветеринария қызметкерлері күнінде Сәдуақас Мамитанов, Ізнатов Мырзабек, Байназаров Қуаңбай арамызда жоқ. Алайда олардың өшпес бейнелері әріптестерінің жадында.
Кәсіби мереке қарсаңында саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған, зейнетке шықса да ізбасарларына ақыл кеңесін арнаған Алтынбек Әбішев, Жайшылық Елешов, Бақыт Бисенов, Сұлтанай Әленов, Закария Закария ағаларымыз әрдайым ақыл-кеңестерін айтуға дайын. Кәсіби мереке құтты болсын, әріптестер!
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден