Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ветеринариялық қызмет – халық денсаулығының кепілі

Ветеринариялық қызмет – халық денсаулығының кепілі

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіби мерекелер тізімін кеңейтіп, 10 шілде күнін ветеринариялық қызметкерлер күні деп белгіледі. Дәл осы күні, 2002 жылы Қазақстан Республикасының Ветеринария туралы Заңы қабылданған болатын.
«Медицина адамды емдейді, ал ветеринария адамзатты емдейді» деген атақты ғалым К.И.Скрябиннің қанатты сөзі бар. Күн райының ыстығы мен суығында, жолсызбен талай өткелдер мен сусыған құм ішіндегі малшы ауылдарды аралап, тиісті вакцинасын егіп, диагностикалық зертханаға тексеру үшін малдан қан алып, тілі жоқ малдың дертіне ем-дом жасап, еңбегінің жемісіне балаша қуанатын мал дәрігерлер қауымының мерекесі бұл. Қазіргі уақытта ветеринарлар аудандық аумақтық инспекция – бақылаушы уәкілетті орган, ветеринариялық станция – облыстық ветеринария басқармасының аудандағы құрылымы; аудандық ветеринариялық зертхана, жеке кәсіпкерлікпен шұғылданатын дәрігерлер (ветеринариялық дәріханалар, кәсіпорындардың ветеринариялық дәрігерлері, сараптама зертханаларының дәрігерлері) болып ауданның эпизоотиялық тұрақтылығын сақтауда және тамақ қауіпсіздігіне өз үлестерін қосуда.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Арал аудандық аумақтық инспекциясы 2015 жылы қайта құрылған. Инспекция қызметінде ҚР «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңын басшылыққа алады. Негізгі міндеттеріне – жануарларды аурулардан қорғау бойынша бақылауды, халық денсаулығын жануарлармен адамдарға ортақ аурулардан қорғауды, ауданда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, басқа мемлекеттерден әкелінген жануарлардың жұқпалы және энзотикалық ауруларының енуінен және таралуынан қорғау жатады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер көрсетеді: мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық нысандарға ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру; экспортталатын жүктерге ветеринариялық сертификат беру.
Ауданда жүргізілетін ветеринариялық іс-шаралардың толыққанды әрі сапалы жүргізілуіне бақылау, ветеринариялық препараттардың қозғалысы, тасымалы; ішкі сауда объектілерінде, жануарлар өсірумен, тасымалдаумен, олардан алынатын өнімдер мен шикізатты өңдеумен, сақтаумен, союмен, сатумен айналысатын кәсіпорындардың қызметіне ветеринариялық-санитариялық бақылау. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда – жеке және заңды тұлғаларға заң шеңберінде әкімшілік істерді қарайды. Инспекция штатында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қызмет атқарады. Олар – сөзіне ісі сай болуы тиісті мемлекеттік қызметшілер. Инспекция құрылғалы мекемеде әр жылдарда абыроймен  қызмет жасаған, қазіргі уақытта бірі зейнеткерлік демалысында болса, бірі марқұм болып кеткен ағаларымыздың да ветеринариялық бақылау саласына қосқан үлестері мол. Олардың ішінде бұл күндері арамызда жоқ Сәдуақас Мамитанов, Мырзабек Ізнәтов, Қуаңбай Байназаров ағаларымыз алғашқы ветеринариялық инспектор атанғандар. Зейнет демалысындағы Алтынбек Әбішев, Жаңабай Қаныбетов, Бақыт Бисенов, Сұлтанай Әленов, Закария Атағуллаев ағаларымыз әрдайым ақыл-кеңестерін айтуға дайын. Кәсіби мереке құтты болсын, әріптестер!

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің
Арал аудандық аумақтық инспекциясы

Фото: www.gov.kz
05 шілде 2025 ж. 50 0