МӘМС туралы Заңға енгізілген өзгерістер не береді

Халықты қамту аясын кеңейту
Қазіргі уақытта халықтың 83%-ы сақтандырылған. Алайда шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
Үкіметтің 2024 жылғы 7 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырған болатын. «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс»,деген еді Президент.
Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады.
Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.
Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауға ынталы болады.
Жарна төлеуде үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесін сақтау
МӘМС жүйесінде медициналық көмекті үздіксіз алу үшін жаңа норма енгізілді. Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын).
Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеу қажет болады.
Бірыңғай пакетті қалыптастыру
Мемлекет басшысы 2024 жылғы Жолдауында азаматтардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Бірыңғай медициналық көмек пакетін» жасауға ерекше назар аударған болатын.
Қабылданған өзгерістерге сәйкес, онкологиялық скринингтер 2026 жылдан бастап ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға (туберкулез, АИТВ, созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Бұған дейін мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.
2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Аталған аурулар тізбесіне бауыр аурулары; қан мен қан түзуші ағзалар аурулары; жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары; инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатиялар, дорсопатиялар; қалқанша безі аурулары; қуық асты безінің гиперплазиясы; сүт безінің қатерсіз дисплазиясы; әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары; бронхөкпе дисплазиясы; жүректің туа біткен ақаулары; даму ақаулары жатады.
Жарна есептеу шегінің өзгеруі
Халықты медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі – медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы.
Осыған байланысты, 2026 жылғы қаңтардан бастапжарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады:
Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ),
Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ.
Бұл – бастапқыда ұсынылған 50 ЕТЖ орнына қабылданған келісімді шешім, яғни жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, салық жүктемесінің шектен тыс өсуіне жол бермейді.
Аталған өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азаматтардың денсаулық сақтау шығындарын өтеудегі жауапкершілікті әділ және теңдей бөлу қағидатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Осы шараның нәтижесінде МӘМС жүйесінің табысы жылына шамамен 200 млрд теңгегеартады деп күтілуде.
Мемлекет жарнасының мөлшерлемесін арттыру
Заңнамаға сәйкес, мемлекет МӘМС жүйесінде жеңілдігі бар санаттарға жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл жарналар республикалық бюджеттен бөлініп, балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және тағы басқа 15 санаттағы азаматтардың медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда МӘМС жүйесіне төленетін жарналар мен аударымдардың мөлшері ең төмен деңгейде – 2025 жылы 2%. Салыстырмалы түрде, басқа елдерде бұл көрсеткіш 9–14,5% аралығында. Жүйені бастапқы жобалау кезінде жарна мөлшерлемелері жоғарырақ болып жоспарланған, алайда жүйе іске қосылған кезде олар едәуір төмендетілген еді.
Алайда «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіліп, МӘМС жүйесінде қосымша міндеттемелердің қосылуына байланысты жүйенің қаржылық жүктемесі күрт өсіп отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылуда:
2027 жылы – 2,2%,
2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп өсіру.
Бұл ретте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады.