Айзере шахматтан қос алтын алды
Арал өңірінің жас шахматшылары еліміздегі ең ірі жарыстарда табысты өнер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатуды жалғастырып келеді. Соның жарқын дәлелі – №62 мектеп-лицейінің оқушысы Айзере Мейірханқызының Қазақстан Республикасы Кубогінде қол жеткізген айтулы жетістігі.Жуырда Орал қаласында шахматтан Қазақстан Республикасы Кубогі өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен келген дарынды жас шахматшылар қатысқан дүбірлі додада Айзере жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарының арасынан оза шапты.
Жарыс қорытындысы бойынша ол 10 жасқа дейінгі қыздар санатында классикалық шахмат және блиц шахматы бойынша Қазақстан Республикасы Кубогінің жеңімпазы атанып, қос бірдей алтын жүлдені иеленді. Бұл – жас спортшының республикалық деңгейдегі жарыстағы зор табысы ғана емес, аудан шахматының мерейін өсірген үлкен жетістік.
Айзеренің жеңісі – оның күнделікті қажырлы еңбегі мен табандылығының, жеңіске деген ұмтылысының нәтижесі. Сонымен қатар бұл жетістік шәкіртін биік белестерге жетелеп жаттықтырған әкесі Мейірханның кәсіби шеберлігі мен жүйелі еңбегінің де жемісі екені анық.
Арал ауданындағы шахматшылар отбасының балаларының жетістіктері аудан мерейін асырып келеді.Осындай жарқын жеңістер жас өрендердің спортқа қызығушылығын арттырып, жаңа буын чемпиондарының қалыптасуына жол ашатыны сөзсіз. Айзеренің табысы – аудан жастары үшін үлкен үлгі әрі болашақ жеңістерге бастар сенімді қадам.
Жас чемпионның жеңісі – тек жеке жетістік емес, аудан спортының ортақ мақтанышы. Бұл табыс Арал өңірінде талантты жастардың көп екенін және олардың республикалық деңгейде лайықты бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
«Толқын» ақпарат









