Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Алтын белгі» һәм шахматшыларды шығарған әке

«Алтын белгі» һәм шахматшыларды шығарған әке

Бір отбасының 6 баласы шахматтан  аудан мерейін асырып жүрген Қазақстан Республикасының чемпиондары.  Алтаудың  мектеп бітірген төртеуі «Алтын белгі» иегері атанып, еліміздің белгілі университеттерінің мемлекеттік білім грантын еншілеген. Ал қаладағы №62 мектеп-лицейде оқитын екі баласы да үздік шәкірттер көшін бастап тұр. Біз Мейірхан Бармағамбетов пен Роза Сабированың  мерейін өсіріп, мәртебесін көтеріп жүрген балалары туралы айтып отырмыз. Бүгінгі мақалаға осы отбасы арқау болмақ.
Мейірхан  пен Роза  ешқандай мемлекеттік мекемеде яки басқадай салада тұрақты жұмыс істеп көрген емес. Отағасы әртүрлі маусымдық жұмыстар істеп отбасына қамқор болса, отанасы шаңырақтың шырайын кіргізіп өмірге алты бала әкелген көпбалалы ана болы жүріп, бала тәрбиесімен үй шаруасымен айналысты.
– Мектепті жақсы оқыдым. Әсіресе математика ең сүйікті пәнім болды. Кітап оқудан қол үзген адам емеспін. Бірақ өкінішке орай жоғары оқу орнын оқып, мамандық ала алмадым. Оған себеп анам жалғыз еді. Оны қалдырып кетуге дәтім жетпеді. Мектеп бітірген соң бірден еңбекке араласып, құрылыс саласында жұмыс істедім. 1999 жылы Роза екеуіміз отбасын құрдық, - деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
2000 жылы Сағыныш есімді тұңғыш ұлдары өмірге келеді. Жастайынан зерек болып өскен ұл әкесі секілді есепке жүйрік болып шықты. Мейірхан Бермағамбетов баласының болашағына зор үмітпен қарай бастады. Кішкентайынан шахмат тақтасы үстіндегі шайқастың қыр-сырын өзі үйретеді.
– Сағыныш шахматты жақсы меңгерді. Мектеп қабырғасында жүргенде ойнап, облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз болғаны болмаса қазір бар ынтасын тек білім жолына арнады. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген соң Алматы қаласындағы ҚАЗГУ-дің математика пәні мұғалімі мамандығының білім грантын жеңіп алды. Кейін аталған оқу орнында өз мамандығы бойынша магистратура бітіріп, биыл доктарантураға түсті. 2002 жылы туылған Сақыпжамал қызым шахматтан Қазақстан біріншілігінің жүлдегері, әлем, Азия  чемпионатына қатысты. Команда бойынша жүлдегер болды. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген соң Алматы Аграрлық университетінің грантын алды. Қазір оқуын бітіріп мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол әлі шахматтан қол үзген жоқ, - дейді әкесі.
Үшінші перзенті Мейіржан шахматтан Қазақстан біріншіліктерінде жүлделі жеңіс тұғырынан көрініп, Азия чемпонатына қатысқан. Мектепті үздік бітірген ол қазір Орал қаласындағы университеттің 4 курс студенті. Ал   математик һәм шахматшылар көшін жалғаушы Сабина шахматтан облыс чемпионы, Қазақстан кубогінің иегері. Өткен оқу жылында мектепті «Алтын белгімен» бітіріп Мейіржан оқитын университеттің бірінші курс студенті атанды.
Қазірі мектептегі үздік оқушы Ақылжан жуырда шахматтан Қазақстан чемпоны атанды. Еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген 111 баланың арасынан оқ бойы озып шыққан Ақылжан осылайша командалық есеп бойынша Қызылорда облысына 3 орын алып берді.
– Ақылжан алғыр, ізденімпаз. 7 сыныпта оқиды. Оның дайындалуына бәріміз көмектесеміз. Осы жарыста да ағалары, анасы, өзім бірге барып қолдау көрсеттім. Баламның таудай талабы болып тұрса, оның мерейін көтеру ата-ананың парызы деп білемін. Сондықтан «оқу оқимын, жарысқа барамын» деген талпынысы бар балаларымның бетінен қаққан емеспін. Кезінде өзімде ондай мүмкіндік болған жоқ. Бірақ менің армандарыма балалар жетіп жатыр, - дейді Мейіржан Кішібайұлы.
Қазақтың «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген тәмсіл сөзін санасына сіңірген әке дәл осы кезде кенжесі Айзерені Шымкент қаласында өтіп жатқан шахматтан Қазақстан чемпионатына алып барып, жарыс жолына салып жүр. Айзере 2 сынып оқушысы болса да өз қатарластарынан оза шауып облыста чемпион болған еді.
Мейірхан Бермағамбетов сұхбаттасу барысында өзінің көкейіндегі мәселені де айтып қалды. Оның айтуынша шахматқа ынталы ауданда балалар көп, бірақ даярлайтын шахмат федерациясын айтпағанда  не мектеп, не клуб жоқтығын тілге тиек етті. Расында осы отбасының балаларынан өзге шахматтан аудан атын асқақтатып жүргендер жоқ деуге болады.
–  Маған үйренуге келгісі келетін балалар көп. Бірақ мен қаншама уақытым мен энергиямды босқа сарп етпеймін ғой. Өзім жұмыссыз адаммын. Сондықтан ақылы түрде үйретемін десем көбінің қалтасы көтермей жатады. Және бұл тыңғылықты күнде дайындықты талап ететін ойын болған соң кейбірінің шыдамы түгесіп қалады. Сондықтан «ауданда шахматқа ынталы балаларды үйрететін неге бір орталық жоқ» деген сауал жанымды жегідей жейді. Арнайы мамандар алдырып, айлық төлесе ақыл мен ой ұшқырлығын дамытатын ойынды үйренушілер көп болар еді. Менің балдарымнан да талантты балалар бар. Шахматты дамытуға күш жалса Аралдан талай чемпиондар шығады әлі, – деп сөзін сабақтады кейіпкеріміз.
Мейірхан Бермағамбетов белгілеп алған мамандығы болмаса да «әке» деген ардақты атты асқақтата білді. Әкелік рөлін қалтқысыз орындап, балаларына білім мен шахматтың қатар меңгертті. Соның арқасында ұрпағының жетістігімен мерейі өсіп, мәртебесі биіктеп отыр. Аралдағы шахметтан аудан мерейін асырып, білімннің алтынын алған алтын балалардың ата-анасы болудан асқан бақыт та жоқ шығар пенде үшін. Отбасындағы «алтын белгі» мен шахмат чемпиондарының көшін Ақылжан мен Айзере де жалғайтынына сеніміміз мол.
Н.Бақыран
28 қаңтар 2024 ж. 2 901 0