Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектерге тура жол нұсқаған

Түлектерге тура жол нұсқаған

Биыл ауданның мерейін асырып, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 137 балл жинап республика бойынша үздік үштікке кірген Нұрсұлтан Рысқалиев білім бәсекесінде барлығынан оза шапқан-ды. Оның білімпаздығымен биікті бағындырғаны мерейімізді асырып тастады. Мәртебеміз өсті. Алайда ол бір ғана шәкірттің жетістігі емес, оның ар жағында қаншама мұғалімнің білімі мен білігі, төккен тері жатыр. Нұрсұлтанға 5-сыныптан бастап сынып жетекші болып, биология пәнінен дайындаған ұстазы Әлібекова Гүлмира Нұртуғанқызы екендігін бірі білсе бірі білмес. Ендеше бүгін біз осы мұғалімді тақырыпқа арқау еттік.
Гүлмира Нұртуғанқызы – Арал қаласының тумасы. Ол мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы университетті 2004 жылы бітіріп келген соң қаладағы №220 орта мектепке мұғалім болып қызметке орналасады. Содан бері 20 жылға тарта уақытта білім білігін таныта білген мұғалім талай шәкірттің шамшырағын жаққан.
– 2022-2023 оқу жылында бұл сынып менің үшінші түлеп ұшқан шәкірттерім. Бұл сынып өте ерекше сынып болды. «Алтын белгі», 4 «үздік аттестат» иегері өз білімдерімен қорғап шықты. Бұларға 5-сыныптан бастап жетекші болдым. 9-сыныпта балалар бейімділігіне қарай бөлінгенде, менің сыныбыма физика, биология пәніне бейім оқушылар жинақталды. Сол сәттен-ақ Нұрсұлтан өзінің білімімен, жан-жақтылығымен, жауапкершілігімен танылды. Ол барлық пәнді үздік оқыды. Бәріміз Нұрсұлтанға сеніммен үміт артқанбыз және сол үміт ақталды, – дейді ұстазы.  
Ол шәкірттерін еш уақытта жақсы оқитын, нашар оқитын оқушы деп жіктеп қарамағандығын айтады. Гүлмира Нұртуғанқызы үшін оқушының бәрі бірдей. Оларға деген ықыласы да ерекше. Оқушыларына бауыр басып кеткендігі ұстаздың әр сөзінен байқалып тұрды.
– Бала ең алдымен адамгершілік қасиетті жоғалтпауы керек деп ойлаймын. Мейлі оның білім дәрежесі қандай болсын бәрібір. Ең бастысы, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсете білсе, тәкәппарлықтан аулақ болса, өмірден өз орнын таба алады. Және балаға барлық пәнді меңгеріп, сүйіп оқуды міндеттеу де артық. Өзі қалаған пәнді жетік меңгеріп, сол бойынша сүйікті мамандығының иесі атанса, түбінде білікті маман болып шығары сөзсіз, – дейді ол.
Гүлмира Әлібекова –талай шәкіртті олимпиада, Ұлттық бірыңғай тестілеу және ғылыми жоба сынды додаларға дайындап жетістікке жетіп жүрген білікті ұстаз. Өзінің сүйікті мамандығын оқушыға меңгерту жолында аянбайтын ізденімпаз жанның жас мамандарға да айтары бар.
– Мерейімді өсіріп, мәртебемді асырып отырған осы шәкірттерім. Қазақта «Бұлақ көрсең көзін аш» деген сөз бар. Мен де әрбір шәкірттің талпынысын, қуанған сәтін жанарынан-ақ ұғамын. Талпынысы бар баланы қанаттандыру үшін әркез ізденісте жүремін. Жас мамандар да шәкірттерді түрлі білім бәсекелеріне дайындай жүріп өздерін де шыңдайды. Білімдерін де жетілдіреді. Сондықтан мұғалімдік мамандық көп ізденісті, жауапкершілікті қажет етеді деп ойлаймын, – дейді мұғалима.
Ол үлгілі шәкірт тәрбиелеп, олардан бар уақытын аямай, өзгені бақытын аялай жүріп, мектепте мұғалім, отбасында жар, ана екендігін де естен шығарған емес.  Жолдасы Нұрболатпен балаларын өсіріп, жарасымды шаңырақтың үлгісін көрсетіп отыр.  
Н. МАРАТ


07 қаңтар 2024 ж. 246 0