Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқуда оза шапқан оқушы

Оқуда оза шапқан оқушы

«Аралдық оқушы 137 балл жинапты» дегенді естігенде қатты қуанғанымыз рас. Себебі бұл облыстың, қала берді ауданның мерейі еді. Қаладағы №220 орта мектептен қияға қанат қомдап, бүгінде балалақ арманға жетудегі алғашқы жолды айқындап алған жас түлектің есім-сойы әп сәтте әлемжеліні шарлап кетті. Біз де таныс болдық. Нұрсұлтан есімді жас шәкірттің әке жолын қуып, дәрігер атанудағы мақсатты жолы айқын десе де болады. Бүгінде қатарластарынан оқ бойы оза шауып, сәттілік пен сенім серік болған жас шәкіртті кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов қабылдап, оның ата-анасы мен ұстазына құрмет көрсетті. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 137 балл жинап, еліміздегі ең үздік көрсеткішке қол жеткізген 5 оқушының бірі атанған Нұрсұлтан да сол сәтте ерекше құрметтің төрінде болды. Себебі ресми жиынның басты себепкер сол Нұрсұлтан Баймырзаұлы Рысқалиев еді.
– Болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артар азаматтары – білімді жастар. Білімді де білікті жастар - еліміздің ертеңгі тірегі. Сондықтан да, әрқашан жастарды қолдап, олардың әрбір әрекетіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Осындай білімді жастардың бірі, өзінің үзеңгілестерінің оқ бойы оза шыққан Нұрсұлтан Баймырзаұлы ортамызда. Ол №220 орта мектепті «Алтын белгімен» тәмәмдап, Астана қаласындағы медицина университетіне «Жалпы медицина» мамандығы бойынша грант иегері атанды. Нұрсұлтан әке жолын қуып, болашағын медицина саласымен байланыстырып, болашақта ақ халатты абзал жан атансам деген арман-мақсаты бар. Баламыздың талабына нұр жаусын, болашағы жарқын, алдағы өмірінде ылғи сәттілік болуына тілекшіміз, – деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.
Салатанатты жиында аудан әкімі Нұрсұлтан Рысқалиевке, ата-анасы Баймырза Өтешов пен Қазынаш Уайысқа құрмет көрсетіп, ұстазы Гүлбану Абатоваға алғыс айтты. Шарада Арал ауданының құрметті азаматы, білім саласының ардагері, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұралы Оспанов жас түлекке ыстық ықыласын білдіріп, бата тілегін жеткізді.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында Арал ауданында 926 оқушы мектеп бітірсе, оның ішінде 727-сі ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл 82-ні құрады. Мемлекеттік грант конкурсына өтінім берген түлектердің қазіргі уақытта 81 пайызы грант иегері атанып отыр.
«Толқын» ақпарат
08 тамыз 2023 ж. 321 0