Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арманға қанат қаққан Аршын

Арманға қанат қаққан Аршын

Шәкірттің жеңісі – мұғалім еңбегінің жемісі.
Биылғы оқу жылында қаладағы 260 орта мектебінен 5 (бес) «Алтын белгі» иегері шығып, мектеп абыройын асқақтатқаны үлкен қуаныш. Сол шәкірттеріміз Ұлттық бірыңғай Тестілеуден 100-ден жоғары балл жинап, тағы да қуанышқа бөлендік.
Ал біздің бүгінгі мақтанышпен айтар шәкіртіміз – «Алтын белгі » иегері, аудандық, облыстық олимпиадалар мен байқаудардың жүлдегері, ҰБТ-ден 131 балл жинаған Әбдіхалық Аршын Арманұлы.

Аршын Арманұлы өзінің зейінді, талапты оқушы екенін, айрықша білімді шәкірт екенін көрсетті. Талай білім додаларында топ жарып, география пәні бойынша пәндік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.

«Ұстазы мейірлі болса, шәкірті зейінді болар» деген қанатты сөз Аршынның ұстаздарына қарап айтылғандай. Алдында мамандыққа сай пән таңдау сұрағы қойылғанда да ойланбастан география және математика пәндерін таңдады. Әр білім алушының жүрегіне от, талабына қанат байлаған мұғалім еңбегі әрқашан да өлшеусіз. Мұғалім еңбегінің көрсеткіші – оқушының өмірден өз орнын табуы, әр басқан қадамынан адаспауы. Ал Аршын секілді оқушылар әрдайым мақтанышымызға айналары сөзсіз.

Аршынның білім додасында бағы жанып, бабы келісуіне тағы бір себепші адамдар – ата-анасы. Ата-ананың үмітін ақтап, көзінің нұры, қуанышы бола білген Аршын әкесі Арман мен анасы Зауренің екінші перзенті болса, осы шаңырақтағы екінші «Алтын белгі» иегері. Осыдан екі жыл бұрын ағасы Елхан да мектеп абыройын асқақтатып, «Алтын белгі» белгісін кеудесіне таққан еді.

Білім алушыларымыздың әр жетістігіне қуанамыз, әр басқан құтты қадамына мақтанамыз. Біздің бүгінгі мақтанышымыз – Әбдіхалық Аршын Арманұлы. Аршын бүгін бір белесті бағындырса, болашақта еліміз үшін еңбек етіп, мың белеске шығатынына сеніміміз мол.

Лайым, жолың болсын, біздің Алтын ұлымыз, жұлдызды жігітіміз, зейінді шәкіртіміз! Біздің сенімен мақтанатын күндеріміз көп болғай.
"Толқын" ақпарат

08 шілде 2022 ж. 581 0