БІЛІМНІҢ БИІК БЕЛЕСІ

Жаздың жаймашуақ үш айлық каникулын артқа тастаған оқушылар үшін асыға күткен сәт те келіп жетті. Күздің алғашқы күнімен бірге мектептің қоңырауы сыңғырлап, жаңа оқу жылы басталды. Осы күнге орай балалардың да, ата-аналардың да дайындығы қызу жүрді. Бірі баласына сәнді мектеп формасын алып, жүрегін қуанышқа бөлесе, енді бірі оқу құралдарын түгендеп, білім сапарына әзірленді.
Биыл оқу жылы қарсаңында мемлекет тарпынан әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға ерекше көңіл бөлінді. Міндетті оқу қоры есебінен көмекке мұқтаж 5334 бала есепке алынып, олардың мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарын алуы үшін нақты шаралар жүзеге асырылды. Білім беру мекемелерінде ата-аналардан өтініштер қабылданып, арнайы комиссия отырысы өткізіліп, шешім шығарылды. Соның нәтижесінде көмекке мұқтаж оқушылардың ата-аналарының есепшоттарына қаржы аударылып, оқу жылы алдындағы ең басты қажеттіліктері өтелді.
Биыл барлығы 2816 отбасы өтініш білдірген болса, оның 2620-сы қамқоршылық кеңестің шешімімен қанағаттандырылды. Көмек алғандардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын 77 отбасының балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 33 жетім бала, төтенше жағдайға душар болған 1 отбасы және жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен саналатын 5212 бала бар. Осылайша 5334 оқушы бір жолғы қаржылай қолдауға ие болды.
Сонымен қатар дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында да ізгі істер атқарылды. Тамыз айы бойы аудан кәсіпкерлері, мәслихат депутаттары, жеке азаматтар, аудандық мекемелер, қала әкімдігі, ауылдық және аудандық мешіттер, мектеп ұжымдары, сондай-ақ «Арал тұз» АҚ мен «Латон Маркет» АҚ секілді іргелі кәсіпорындар бірлесіп, әлеуметтік көмекке мұқтаж 987 балаға қолдау көрсетті. Олар үшін мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киімдер, сөмке және оқу құралдары сыйға тартылды.
Бұл игілікті іс-шаралар – қоғамның бірлігі мен мейірімінің көрінісі. Бала қуанышы – ата-ана мерейі, ал ел болашағы – жас ұрпақтың қолында екенін ескерсек, мұндай қолдау шараларының мәні айрықша.
Сондықтан мектепке дайындық – баршамыздың ортақ ісі. Бұл – ел ертеңінің кепілі болатын жас ұрпақтың жарқын болашағына жасалған игі қадам.
Алғашқы қоңырау, сыңғырла
Күздің алғашқы таңында алтын түсті күн нұрымен бірге мектеп ауласына шат күлкі, қоңырау үні қонады. Бұл әрине, ерекше сәт, ерекше мереке. Осындай күнді халық «Білім күні» деп ардақтайды.
Білім – адамның жанын нұрландыратын, көкірек көзін ашатын мәңгілік шамшырақ. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала үшін мектеп қашанда ғажайып әлемнің қақпасы. Ақ параққа жазылған алғашқы әріп, жүрекке сақталған алғашқы өлең секілді өмір бойы ұмытылмайтын естелік.
Ал ұстаз – осы білім әлемінің жолбасшысы. Ол – шәкіртінің жүрегіне жарық сыйлайтын күн, болашаққа бастайтын темірқазық. «Ұстаздан тәлім алған бала – елдің ертеңі» деген сөз бекер айтылмаған.
Бұл күн ең алдымен ата-ана үшін де толқулы сәт. Баласының қолынан ұстап, мектепке жетектеп апарған әр қадам оған үміт пен сенім сыйлайды. «Балам оқыса, елім өседі» деген асыл арман әр жүректе жаңғырады.
Дәл осындай қуанышты мезетте Арал ауданының білім ордалары да жаңа есімдермен, жас толқынмен толығып, білім әлеміне қадам басқан бүлдіршіндердің күлкісімен әрленді. Жаңа сапқа тұрған оқушылардың жүзінен бал-бұл жанып тұрған қуанышты да, білімге деген құштарлықты да анық көруге болады.
– Әрбір шәкірттің алғашқы қадамы – ел тарихының алтын парағына жазылар үміттің бастауы. Сондықтан жаңа оқу жылының басталуы – мереке ғана емес, үлкен жауапкершіліктің де сәті. Биыл Арал қаласындағы білім ордаларының есігін айқара ашқан шәкірттердің жалпы саны – 17582. Оның ішінде алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басқан 1677 бала балдырғандардың шат күлкісімен қатарды толықтырды. Биыл мектепке енген бүлдіршіндердің барлығы бір мезгіл оқып, алғашқы әріпке, алғашқы әуезді қоңырауға, алғашқы ұстаздың мейіріміне бөленбек. Бұл – ата-ананың қуанышы, ұстаздың сенімі, елдің ертеңіне деген үмітімен астасқан шақ, – деді Арал ауданы білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова.
Келешегі кемел «Келешек»
Жылдағы дәстүрге сай 1 қыркүйек – Білім күні мерекесінде аудандағы барлық мектепте салтанатты жиын өтіп, алғашқы қоңырау үні сыңғырлады. Жаңа заманға сай бой түзеген №292 «Келешек» мектебі биыл өз шәкірттерін қабылдап, алғашқы 1-сынып оқушыларының қадамымен тарихын бастады. Жалпыға ортақ «Мектеп – мейірім мекені» атты алғашқы қоңырау салтанатына 1-сыныпқа келген 81 бүлдіршін үшін алғашқы қоңырау соғылып, олардың білімге бастар жолын айшықтады. Жалпы осы мектеп бойынша биыл 597 оқушы сапалы білім алуға мектеп партасына жайғасты. Ал келешегінен зор үміт күттірер 37 түлек үшін соңғы оқу жылына қадам басу ерекше толқынысқа толы қымбат сәт.
Шаттық пен ыстық сезімге толы бұл күн мектеп оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық. Аталмыш мектеп жаңа бой түзеген білім ордасы болса да жарты жыл ішінде ауданда өз ұтымды жұмыстарымен көрініп келеді. Іргелі алтын ұядағы салтанатты іс-шараға да ата-аналар көп жиналған. Білім күніне арналған алғашқы қоңырау жиынын аудан білім бөлім басшысы Санира Нұрқожақызы сөз алып, барша оқушылар мен ұстаздарды және ата-аналарды мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылына ақ жол тіледі.
– Бұл күн – әрбір бүлдіршіннің жүрегіне шаттық ұялататын, әр ұстаздың жүрегін тебірентіп, әр ата-ананың қуанышын еселейтін айрықша мереке. Баланың білімге деген құштарлығы мектеп табалдырығын аттаудан, алғашқы әріпке қол созудан басталады. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді халық даналығы. Бұл – уақыт сынынан өткен ақиқат. Сондықтан білім мен тәрбие ісіне бар жанын арнаған ұстаздарға, болашағына сенім артқан ата-аналарға, жас ұрпаққа шын жүректен ізгі тілегімді білдіремін. Туған жерімізді, Сыр өңірін асқақтатар білімді де парасатты ұрпақ өсіп шығуына тілекшімін. Жаңа Қазақстанның шамын жағатын жас өрендердің бағы жанып, қадамы құтты болсын, – деді білім бөлім басшысы.
Оның айтуынша, «Келешек мектеп» жобасы аясында пайдалануға берілген бұл мектеп қажетті жабдықтармен және жиһазбен жарақтандырылып, оқу кабинеттері 100 пайыз жабдықталған. Кеңжолақты интернет қызметімен қамтылуы – 100 мбит/с, мектепішілік компьютерлік желінің оқу кабинеттерін қамту үлесі – 100% құрайды. Дәл осындай мектеп Сексеуіл кентінде де бой көтеріп, ел игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар мектептерге арналған жөндеу жұмыстары да өз мәресіне жетті. Оған мысал қаламыздағы №14 мектеп-лицей бастауыш сынып ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары, 3 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 201 395,0 мың теңгеқаржы бөлініп, Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінің шатырын ауыстыру, Шөміш елді мекеніндегі №263 орта мектебі ғимаратының сыртын қаптау жұмыстары толығымен аяқталды. Ал №62 мектеп-лицейі ғимаратының сыртын қапталды.
Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде үнемделген 57 581,0 мың теңге №19 орта мектебінің «Сыртын ішінара қаптау», «Есіктерін ауыстыру» және №262 мектеп гимназиясы ғимаратының «Ж» блогының шатырын ауыстыруға бағытталды.
Ауданда білім бөліміне қарасты 69 мекеме бар. Оның ішінде 14 мекеме қатты отынмен, 37 мекеме сұйық отынмен, 18 мекеме көгілдір отынмен жылытылады. 49 мектептің 5 мектебі қатты отынмен, 34 мектебі сұйық отынмен және 8 мектебі көгілдір отынмен жылытылады. 17 балабақшаның 7-і көгілдір отынмен, 3-і сұйық отынмен, 7-і қатты отынмен жылытылады. Аудандағы 3 қосымша білім беру мекемесі: өнер мектебі, оқушылар үйі және ППТК ғимараттары көгілдір отынмен жылытылады. Қазіргі уақытта жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу маусымының паспортын алу мақсатында жұмыстар атқарылуда.
Білім беру ұйымдарының жылу маусымына дайындық мақсатында үнемделген қаржы есебінен (бейнекамера, турникет, дабыл қондырғысы) 30 млн 485 мың теңге қажетті құрылғыларымен жабдықталды.
Арал ауданы бойынша барлық білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау басты назарда. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында өрт дабыл қондырғысы қалыпқа келтірілді.
Сонымен қатар аудандағы барлық 49 мектеп ішкі әжетханалармен (497 ішкі) толық қамтамасыз етілген. Ең басты назардағы кітап мәселесі бойынша 2025-2026 оқу жылына оқулықтарға қаралған 178 млн 880 мың теңге қаржының 30 млн 84 мың теңгесіне 1-11 сыныптар аралығына жетіспейтін оқулықтар, қалған 148 млн 796 мың теңгесіне жаңадан оқулықтар алынды. Қазіргі таңда 10 баспамен келісім шартқа отырылып, қаржының 30 пайызы төленді. Оқулықтарды тасымалдау үшін 2 млн 724 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу жарияланып, ИП «SKY LINE» жеңімпаз (1 млн 600 мың теңге) болып танылды. Баспалардан оқулықтарды жинақтап, жеткізу жұмыстары Арал ауданы бойынша білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 47917 дана оқулық толықтай жеткізілді. Яғни аудан оқушылары 100% оқулықпен қамтылған.
– Жаңа оқу жылының басталуы – ел ертеңінің жарқын болашағына жасалған үлкен қадам. Биыл біздің мектебіміздің табалдырығын алғаш рет аттаған кішкентай бүлдіршіндерге ақ жол тілейміз. Олардың жүзінен білімге деген құштарлық пен асқақ арманды көреміз.
Бұл күн – ұстаз үшін де, шәкірт үшін де, ата-ана үшін де мерейлі мереке. Өйткені мектеп – тек білім беретін орда ғана емес, ол – тәрбие мен тағылымның, достық пен сыйластықтың алтын ұясы.
Жаңа оқу жылында барша оқушыларымызға табыс, ал ұстаздарымызға сабыр мен жемісті еңбек тілеймін. Білім шыңына талпынған әрбір шәкірттің қадамы нық болып, елдің мақтанышына айналсын! – деді №292 орта мектеп директоры Жасұлан Айтжанов өз сөзінде.
Қуанышты сәтке ортақтасушы ата-аналар комитиетінің төрайымы Ақгүл Жақсылыққызы құттықтау лебізін білдірсе, ауданның құрметті азаматы Нұржан Ибраев ақ батасын берді.
Білім күніне арналған салтанатты жиыннан соң жүздері балбұл жанған барша оқушы алтын ұяларына еніп, мектеп партасына отырды. Әсіресе, баласы алғаш мектепке қадам басқан ата-ананың көңілінде ерекше толқыныс бар. Осындай ананың бірі – Күлдәрі Найзабекова.
– Барлық ұстаздарды, жарқын да қуанышты, айтулы мереке – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі алғашқы қоңырау үнімен бірге немерем Ұлпанды мектепке алып келдік. Білім ордасына қадам басқан әрбір бүлдіршіннің көңілі ояу, зейіні ашық болып, болашақта елдің арқа сүйер азаматы, ата-анасының мақтанышы болып өссе екен деп тілеймін, – деді ол.
Мыңдаған шәкірт пен мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған балдырғандар үшін 1 қыркүйек – жаңа арман мен шығармашылық ізденістің бастауы. Дәл осы күннен бастап алғашқы қоңырау сыңғырымен бірге әрбір жанның жеке тұлға болып қалыптасу, азамат болып шыңдалу кезеңі басталады.
Алғашқы қоңырау – тек оқу жылының басталғанын ғана емес, жаңа мүмкіндіктердің, тың белестердің, асқақ мақсаттардың есігін айқара ашатын ерекше сәт.
Нұрай ӘМІРХАНОВА