ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ

Шара шымылдығында тілдің адамзат тарихындағы ерекше орнына тоқталып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі мен қоғамды біріктірудегі рөліне мән берілді. Ол жөнінде «Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілімен қатар, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері де өз ана тілін сақтап, дамытуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – Президентіміз ұстанған бейбітшілік пен келісім саясатының жемісі» деп аталып өтілді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар «Мемлекеттік тілді меңгерудің маңызы қандай?», «Көп тіл білу адамға не береді?», «Қазіргі жастардың ана тіліне деген көзқарасы қандай?», «Тіл арқылы достық пен келісім орната аламыз ба?» секілді сұрақтарға жауап беріп, өз ойларын ортаға салды.
Кездесу қонағы, аудандық прокуратура қызметкері Ақмарал Жанесенова мен аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов тілдің құқықтық және қоғамдық саладағы маңызына тоқталып, жастарды мемлекеттік тілді терең меңгеруге шақырды. Ал жас буын өкілдері көптілділіктің адамға білім, тәжірибе және достық байланыстар сыйлайтынын тілге тиек етті.
«Ашық микрофон» бөлімінде қатысушылар «Мен үшін тіл...» тақырыбында өз ойларын қысқа да нұсқа жеткізді. Және оқушылар өлеңдер оқып, әндер орындап, мақал-мәтелдер арқылы сөз өнерін паш етті. «Ашық микрофон» айдары шараға ерекше рух беріп, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.
Шара соңында жүргізуші барлық қатысушыларға алғысын білдіріп:
– Тіл – тек қатынас құралы емес, ол – ұлттың жүрегі, елдің рухы. Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді құрметтеп, өз ана тілін ұмытпай, өзге ұлттың тіліне де сыйластықпен қарауы – ел бірлігінің кепілі, – деді.
Сонымен қатар кітапхана қорынан «Тіл – татулық тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға тіл тақырыбындағы құнды еңбектер таныстырылды.
Дөңгелек үстел қонақтары шарадан ерекше әсер алып, тіл мерекесінің мәнін сезініп тарқасты.
Г.ӘЛНИЗИНА