ТҮРКІТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ АБЫЗЫ

Біздің бүгінгі әңгімеміз көрнекті әдебиет зерттеуші,түркітанушы ғалым – филология ғылымдарының докторы, профессор, туғанына 2025 жылғы 10 қыркүйекте 120 жыл толып отырған Әуелбек Қоңыратбаев туралы.
Ағайынды Қоңыратбайлар ішіндегі аса танымалы осы ортаншы Әуелбек. Ол – түркітану,қазақ фольклортану ғылымының көрнекті көшбасшыларының бірі,байыпты әдебиет сыншысы, ұлағатты ұстаз. Бұл оның қуғын-сүргіннен аман қалғандығының арқасы, орталықтан жырақта жүрсе де, есесіне туған елі Сыр бойынан қуат алып, өнімді еңбек ете алғандығының, ауыз әдебиетінің терең қойнауынан сыр тартып, халқымыздың тарихын көне дәуірлерге ұластырған сұңғыла ойының жемісі.
«Мен өзі қаламгер ретінде биік дәрежеге жетіп, үлкен мәртебеге ие болған адам емеспін. Атақ қуып, бақ қуып, мансап іздеген кезім де болған емес. Сегіз жасымнан әкеден жетім қалып, балалар үйінде өсіп жетілдім. Жаңа совет өкіметі орнағанда өз қатарыммен бірге оқуға ұмтылып, хал-қадірімше білім алуға тырыстым. Жастық шақтағы жігерімді комсомол, совет, партия, одан қалды баспасөз жұмысына арнап, бергі жерде бойымдағы білім-қажырымды педагог кадрларын дайындау ісіне, сонымен қатар әдебиет тарихы, әдеби-көркем сын, халқымыздың ауыз әдебиетін жинап, зерттеуге бағыштаған қарапайым әдебиетшімін. Әйтсе де еңбек ізсіз қалмайды екен. Бақыт жолы біліммен табылады дегендей, қазақ совет әдебиеттану ғылымында менің де өзіндік орным болса керек. Әрине, ол қандай дәрежеде деген мәселе өзінше. Оның басты төрешісі халық деп білемін».
Бұл әулие Әукеңнің 80 жасқа келген шағында 1985 жылы жазып қалдырған естелігі. Бұл өмір баяны оның 1989 жылы Алматыда шыққан «Керуен» деген кітабында жарияланды. Өзін осылай қарапайым әдебиетші бағалайтын Әукеңнің еңбегіне қазақ әдебиетінің марқасқалары берген бағаға келейік.
Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақтың лироэпостық жырлары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған кезде ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов «Бұл еңбек қазақ әдебиеті тарихының әрқиылы мәселелерін зерттеу ісіне қосылған аса қымбатты үлес... Біз Әуелбек Қоңыратбаевты Қазақстанның талантты жас ғалымдарының бірі деп білуіміз керек» деп сонау 1946 жылы-ақ ризалықпен ауыз толтыра айтқан екен.
Тағы бір мәртебелі қаламгер Ғабит Мүсірепов 1985 жылы оны 80 жасқа толуымен құттықтай отырып, қазақ халқының ежелгі тарихын зерттеуші білікті ғалым ретінде бағалай келе, «Сен нағыз ғалымға тән қарапайымдылықпен өз еңбектеріңді бастыруға жан-тәніңді салмасаң да, өз басым сені Әлкей Марғұланмен иық тірестіріп тұрған ғұлама ғалым деп санаймын» деп жоғары пікірін білдіреді.
Әйгілі академик Мұхамеджан Қаратаев оны әдебиеттің аз зерттелген көне тарихы саласында танылған көрнекті ғалымдардың бірі дей келе, туған әдебиетіміз туралы ғылымды қалыптастырған С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ә.Марғұлан шоғырына қосады. Бұл байсалды пікірлер баспа жүзін көрген, жарияланған. Сондықтан адамгершілік болмысы қарапайым, атқарған ісі, қалдырған рухани мұрасы толайым Әуелбек Қоңыратбаев қазақ ғылымының айтулы тұлғасы, ел мақтанышы деуіміз орынды.
Ә.Қоңыратбайұлы 1905 жылы 10 қыркүйекте қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Керделі» (қазір «Жиделіарық») ауылында дүниеге келген. 1918 жылы ағалары Қалжан өз қамқорлығындағы екі інісі – Әуелбек пен Әлібекті Шиелідегі орыс мектебінен алып Ташкенттегі №5 балалар үйіне орналастырады. Көп ұзамай жаңа ашылған қазақ-қырғыз халық ағарту училищесіне түсіреді. Бұл училищедегі тәрбиешілердің бірі кейін Шығыс жастарының көсеміне айналған Ғани Мұратбаев еді. Ол Ташкент көшелерінде ашқұрсақ, баспанасыз жүрген талай жетім баланы қамқорлығына алып, қатарға қосқанын Әукең аса бір алғыс сезіммен есіне алып, естелік жазып кеткен.
Ағалы-інілі талапты Әуелбек пен Әлібекті ғылымға бейімдеген ағалары Қалжан еді. Олардың ғылымға, оның ішінде фольклорға қадамы 1920 жылы Әубәкір Диваевжетекшілік еткен қазақ халық ауыз әдебиеті мұрасын жинауға арналған экспедицияға қатысуларынан басталыпты. Алосы экспедицияны ұйымдастырған және оның жұмысына қабілетті екі інісін тартқан ағартушы қайраткер Қалжан Қоңыратбаев Түркістан республикасы үкіметі жанынан құрылған Халық ағарту жөніндегі комиссияның мүшесі еді. Комиссия Орта Азия халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да ауыз әдебиеті мұрасын жинау, жер-жерлерде мектептер ашу, сауаттандыру жұмысымен айналысты.
Бұдан кейін зерделі жас Әуелбек Ташкент халық ағарту институтын, Мәскеуде Бүкілодақтық журналистика институтын, Алматыда Қазақ педагогика институтын бітіреді. 1925-1937 жылдары мектеп, техникум мұғалімі, Арал аудандық «Екпінді балықшы» (қазір «Толқын»), Қызылорда округтік (қазір облыстық) «Сыр бойы», республикалық «Еңбекші қазақ» (қазір «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты редактор, бөлім меңгерушісі, Қазақстан өлкелік партия комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі біраз едәуір қызметтерде болады. «Халық жауларын» «әшкерелеу» басталған 1937 жыл Әуелбектің өрлеп бара жатқан қызметіне тосқауыл қойса, ағартушы қайраткерлер – ағасы Қалжан мен інісі Әлібекке құтылмас бәле болып жабысты. «Халық жаулары» атанып, елде Шиеліде жүрген ағасы Қалжан ұзақ мерзімге сотталды, содан оралмады, Алматыда қамауға алынған інісі Әлібек атылып кетті.
Сол бір күйзеліс кезеңде басынан кешкенді Әукең былай деп еске алыпты. «Алдындағы ағасы, артындағы інісі ұсталып жатқан адамда не күй болушы еді. Бірде НКВД-ға (Народный комиссариат внутренних дел – Ішкі істер халық комиссариаты атауының орысша қысқартылып алынғаны) өзім бардым да, «ұстайтын болсаңдар мен келдім» дегенді айттым. Сөйтсем соңғы жасалған тізімге мені қосқандары рас екен. Бірақ бір тұста сызылып қалсам керек. Сөйтіп мен аман қалдым, бірақ тез арада Алматыдан кетуім керек болды...» деп күйінішпен жазды «Керуен» жиғында жарияланған естелігінде. Содан Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында мектептерде мұғалім болып бой тасалайды, 1941-1942 жылдары әскер қатарына алынады, одан босағаннан кейін де Алматыға беттей алмайды. Бұл аласапыранның әсерінен біршама уақыт тіпті қарақалпақ асып кетуіне де тура келеді.
Осындай сүргін кезеңді басан кешкен Ә.Қоңыратбаев елде саяси ахуал саябырға түскен шақта көкейкесті арманы – ғылымға біржолата бет бұрады, 1944-1945 жылдары Алматыда КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі жанындағы аспирантураның шығыс бөлімін бітіреді. 1946 жылы В.Жирмунский мен М.Әуезовтің жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғайды, Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі болады, ғылыммен белсене шұғылданады, Қазақ педагогика институтында және Қазақ мемлекетік университетінде фольклордан дәріс оқиды, әдебиет сынына араласады.
Академик М.Қаратаев Әукеңнің шығармашылық жолы мен әдебиеттану ғылымындағы еңбегін бірнеше кезеңге бөледі. Алғашқы кезең – 1920-1935 жылдар, бұл кезеңде Әуелбектің қоғамдық өмірге көзқарасы Ғани Мұратбаевтың, Әубәкір Диваевтың ықпалымен қалыптасады, «Жас қайрат» газетіне (қазір «Жас алаш»), «Шолпан» журналына қазақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жариялай бастайды.
Екінші кезең – 1935-1955 жылдар. Бұл аралықта Ә.Қоңыратбаев 100-ден астам ғылыми еңбек жариялап, кандидаттық диссертация қорғайды. М.Әуезовпен бірігіп жазылған «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының (1948 жылы) фольклор бөлімі оның қаламынан шыққан еді. Ол Абай Құнанбайұлының өмірі мен ақындық жолын зерттеу мәселелеріне байланысты 10-нан астам ғылыми мақала, 1945 жылғы Абай шығармаларының академиялық жинағына түсініктер жазды.
Үшінші кезең – 1955-1965 жылдар. Бұл тұста олғалымдар тарапынан жоғары бағаланған «Қазақтың Қозы Көрпеш жыры туралы» монография, «Әдебиетті оқыту методикасы» еңбектерін жариялады. Қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері мен сын теориясына арналған 300-ге тарта мақала жазды. Сәкен, Бейімбет, Мұхтар, Әбділда шығармашылығын талдады.
Ә.Қоңыратбаев шығармашылығының қорытынды төртінші кезеңі – 1965-1986 жылдар, яғни ғалымның қаламы қолынан түспеген ақырғы күніне дейінгі мерзім. Бұл кезеңде1971 жылы «Ежелгі түркі тайпаларының поэзиясы және қазақ фольклоры» деген тақырыпта докторлық диссертациясын кандидаттық жұмысынан кейін 25 жылдан соң қорғайды, профессор атанды,үсті-үстіне жарияланып жатқан зерттеу еңбектері түркология ғылымына тың үлес болып қосылды. «Түрік сөзінің тегі неде?», «Орхон жазуындағы телестер кім?», «Ноғайлы жұрты кімдер?», «Қорқыт ата кітабы» туралы» деген еңбектерінің атының өзі-ақ олардың іргелі зерттеулер екендігінен көрсетіп тұр.
Көрнекті ғалымның осындай толағай еңбектерін атап отырғанда, оның ғалымдық жолы, жалпы өмір жолы жеңіл болмағандығын әрдайым есте ұстауымыз керек және соншалықты қиыншылықтарды еңсере білген қайсарлығынбағалаған ләзім. Бұл нағыз өжет ғалымдық мұқалмас қасиет.
Сол бір қиыншылықтардың бірсыпырасы туралы ғалым былай еске алады. Қазақстан Комунистік партиясының Орталық Комитеті 1947 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтындағы саяси өрескел қателер туралы» әйгілі қаулы қабылдайды. Тақырыбының өзі-ақ адам шошытатын бұл партиялық құжат қаншама игі іске залал, талайдың тағдырына едәуір қиянат болағаны тарихтан мәлім. Бұл қаулыдажас ғалым Ә.Қоңыратбаевтың атына да сын айтылады. Содан жиналыстан жиналыс, талқылаудан талқылау, сүмірейте сілкілеу, оспадарсыз мінеу-сынау. Бірақ бұған қайсар Әуелбектің сағы сына қоймаса керек. Сонда Мұхаң (Әуезов): «Осы Әуелбекті мен түсінбедім. Ғылым кандидаты болғандар қоқиланып кетуші еді, бұл оған елп етпеді. Қазіргі жайы тағы мынау. Бұл не көз майы татымаған жаман, не тұқымы озған жүйрік» депті. Бұл әңгімені Әукеңе 1960 жылы арада 13 жыл өткеннен кейін жанашыр әріптесі – әйгілі әдебиетші ғалым Есмағамбет Ысмайылов айтып берген екен. Кім жаман, кім жүйрік екенін уақыт көрсетті, бірақ мұны ұстаз Мұхаң көре алмай кетті.
Қатаң партиялық қаулыдан соң фольклорға таптық тұрғыдан қарау күшейе түседі. Эпостар феодализмді дәріптеуші шығармалар дей келе, қазақ эпостарының ішінде қара қасқа атымен бір қауым елін аң аулап асыраған, сөйтіп өзіне ғашық байдың қызы Назымға қарайлауға да мұршасы жоқ кедей Қамбар батырдан басқаның бәрі жат деп танылған да кездер болған. Сөйтіп он жылдай, яғни 1958 жылға дейін эпостар оқытылмай оқулықтардан шығып қалады. Олардың орнын үлгі аға халық атанған орыстың ертегі-жырлары басады. Міне осы тұста Ә.Қоңыратбаевты «Шығыстың шылауындағы әдебиетші» деп біржақты кінәлаған ауыр сын мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде басылады. Партиялық бас газетте сыналу ол кезде аяусыз сот үкімімен пара-пар. Тағдырыңды шешіп жібереді. Отызыншы жылдары «халық жауларын» әшкерелеу алдымен газеттерде сын жариялау арқылы жүргені де бекер емес, адамды бүкіл ел алдында жария масқаралап, ақталуға мұршасын келтірмей көзін жою, үнін өшіру биліктің сыннан өткізген ұртоқпақ әдісі еді.
«Осы жылдары мен үш батып, үш шықтым. Бірнеше жыл қызметсіз қалып, елге қайтуға мәжбүр болдым. Соның бәріне мән бермеуге тырыстым» деп еске алады пірадар іспетті Әукең. Сөйтіп іздену, өсу үстіндегі ғалым таланты ашылып тұрған шағында Алматыдан екінші рет қуылады.
Ә.Қоңыратбаевтың Сыр бойына елге келгендегі жай-күйін сол заманда облыста партия қызметінде болған, бүгіндемарқұм Абдолла Дәулетұлы 2011 жылы Қызылордада шыққан «Толымды тұлғалар» деген естелігінде былай деп еске алады. «Әукең де аз қудаланған жоқ. Елуінші жылдардың басында космополиттер тобына қолдан қосылған ғалым осы Қызылордада тұруға, жұмыс жасауға мүмкіндігі болмай Жаңақорған ауданы Төменарық қыстағына жер аударылды. Сондағы шағын «Горняк» жетіжылдық мектебіне мұғалім болды. Бұл «космополиттермен» күрестің күшейіп, сонау Алматыдан Ғылым академиясының академигі Ісмет Кеңесбаевтың Қызылордаға жер аударылған кезеңі болатын-ды».
Әукең содан қайтып Алматыға ұмтыла қоймайды, орайы да келмегендей. Оның докторлық диссертацияны бертінде жетпісінші жылдардың басында қорғауы да, бірыңғай түркология мәселелерін зерттеуге дендеп кірісуі де сол дүрбелең, қуғын, орынсыз жалаң сындар науқаны басылып, ғылымда байыптылық заман орнаған соң жүзеге асты. Сыр елінде жүріп ғылыми еңбегін дабырасыз өнімді жалғастыра береді, мақалаларын жергілікті газеттерге ұсынып, бастырып жүрді. Өмірінің соңына дейін Қызылорда педагогика институтында оқытушылық қызмет атқарды, филология факультетінде кафедраға жетекшілік етті.
Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ эпосы және түркология» атты еңбегіндеҚызылорда облысының Шиелі ауданында жеті әулие кесенесі бар Оқшы ата мазаратындағы Оқшы мен Асан аталар кімдер деген сұраққа жауап қарастырады. Ол Оқшыны моңғолдардан да, жоңғарлардан да, ислам дінін таратушылардан да бұрын өмір сүрген оғыз заманының батыры деген қорытынды жасады. М.Байділдаевпен бірге аударған, 1986 жылы Алматыда басылып шықты «Қорқыт ата кітабына» жазған алғысөзінде Әукең Х ғасырда өмір сүрген Қазан мен Алпамыстың жүрген жерлері – Сыр бойы. Баршын моласы – Сырлытам, «Іңкәрдария» совхозының жерінде (Қызылорда облысы), Баршындария жағалығында. Қазан бейіті Шиеліде деп жазды. Ә.Қоңыратбаев «Қорқыт ата кітабына» аталатын кейіпкер Байбөрінің баласы Бәмсі-Байрақ бірқатар түркі халқына ортақ батырлар жырында кездесетін Алпамыс деп пайымдайды. Оқиға желісі «Алпамыс батыр» жырына ұқсайды. Зерттеушілер «Алпамыс батыр» жырының алғашқы сұлбасы «Қорқыт ата кітабынан» туындайды деген қорытынды жасайды.Қазанның Кавказдағы аты – Хассан (Хасан). Хассанның қазақ еліндегі, Сыр бойындағы аты – Асан. Оқшы Қазан ханның оқ-дәрі жасайтын жәрдемшісі дей келіп, екеуі Бестам жерінде қайтыс болған, жерленген орны Оқшы ата қорымы дейді. Бестам – қазіргі Шиелі ауданы аумағында Қаратау беткейіндегі орта ғасырлық көне шаһар. Ескі жұрты жатыр. Бестам қаласы мен Оқшы ата қорымының арасы отыз шақырымдай жер. Демек, Оқшы ата қорымы сол заманда елдің игі жақсылары жерленетін зират болған. Қазақ қайраткерлерін жерден-жерден әкеліп Түркістанға жерлеу дәстүрі бертін заманға дейін де сақталды емес пе. Күмбезді мазар алғаш Оқшының басына тұрғызылып, бұл көне мазарат содан былай Оқшы мазараты, келе-келе Оқшы ата аталса керек. Оқшы ата, Асан ата кесенелеріне ортағасырлық тарих ескерткіштері, мемлекет қорғауында деген тақталар ілінген. Осы ретте базбір зерттеушілер тарапынан Шиелі жерінде мәңгілік жай тапқан Асан ата халқына қойдың үстіне бозторғай жұмыртқалайтын Жерұйық іздеген Асан қайғы болуы мүмкін деген де болжам барын айта кетейік.
Әукеңнің тағы бір ғылыми іргелі ісі – заманында, яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап даңқы Сыр бойына ғана емес, Жетісу, Арқаға, көрші ел Ташкент, Бұхара, Хорезмге дейін жайылған ақын Бұдабай Қабылұлының орынсыз ұмытыла бастаған шығармашылығын зерттеп, ғылыми айналымға қайта қосуы. Бұдабайдың әйгілі толғауы, тарихи шығарма– «Әйекені жоқтау» ақынның көзі тірісінде екі рет баспа жүзін көрген. Оның үзіндісін фольклор жинаушы Я.Лютшь 1883 жылы Ташкент қаласында бастырған «Киргизская хрестоматия» («Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы») жинағына алғаш рет енгізсе, халқымыздың ауыз әдебиетін тағы бір құнттаушы башқұрт Ә.Диваев 1904 жылы «Сырдария облысының есеп материалдары жинағының» ХІ томында толық нұсқасын жариялады. Бұдабайдың ақындық мұрасы қазақ оқымыстыларының ішінде алғаш Ахмет Байтұрсынұлының назарына ілікті. Қазақтың рухани көсемі Ахаң 1925 жылы Мәскеуде Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан халқымыздың төрт жүз жылын қамтыған «Жиырма үш жоқтау» жинағын шығарды. Осы жинаққа енген Қазыбек би, Абылай хан сияқты қазақтың әйгілі ұлдарын жоқтаған сол жиырма үш таңдаулы әдеби туындының бірі Бұдабайдың «Әйекені жоқтауы» еді. Ахаңның келесі 1926 жылы Мәскеуде басылып шыққан теңдесі жоқ ғылыми еңбегі – «Әдебиет танытқыш» кітабында қазақ әдебиетінің түр-тұлғасын, көркемдік әдістерін саралап, талдаған кезде мысалға келтірген талай туынды – «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» дастандарынан үзінділер, Асан қайғы, Абай, Наурызбай би, Нысанбай жырау, Орынбай, Алтыбас Ақмолда, Ыбырай Алтынсарин, Шортанбай, Байтоқ, Мұрат, Жарылғап, Әбубәкір, Досжан, Шернияз, Мағжан, т.б. біраз ақын өлеңдерінің қатарында Бұдабай шығармалары да бар еді.
Бірақ бұдан кейін ХХ ғасырдың елуінші жылдарының аяғына дейін қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер еңбектерінде отыз жылдай Бұдабай Қабылұлы жалпы тізім арасында кейде аталып кететіні болмаса, оның шығармашылығы туралы арнайы тоқталып айтыла бермейді, туындылары жинақтарға енбей келді, айтулы ақын осылай ұмытыла бастады. Бұдабайды ХІX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі деп бағалап, оның шығармашылығы туралы жүйелі түрде сөз қозғап, қайтадан ғылыми айналымға қосқан қазақ әдебиеті ғылымының ардақты абызы, фольклор зерттеуші іргелі ғалымӘукең – Әуелбек Қоңыратбаев болды.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы кеңес заманы тарихында жылымық кезең деп аталған тұс. Осыған дейін талай қуғын-сүргінді бастан кешкен, Алматыда Ғылым академиясынан қуылған, ғылым кандидаты болса да бастауыш мектепке қана сабақ беруге құқылы қайран Әукеңе Қызылорда педагогика институтына қызметке алынып, ғылыми ортаға қайта оралуына жол ашылды. Әукең өткен жылдар есесін қайтаруға ұмтылды, нағыз ғалымдық қасиетімен өзінің тақырыбы – ескі ауыз әдебиетін зерттеуді қайтадан қолға алды. Сол зерттеу нысанының бірі ұмытыла бастаған Бұдабай ақын еді. Бұдабай өткір тілді, терме, толғау, арнау төкпе сөзге шебер аса дарынды дүр. Сүлейлер бір-бірінен үйреніп, үлгі алып, алдыңғы шайырларды ұстаз тұтқан. Балқы Базар, Кете Жүсіп, Молда Мұса Байзақұлы, Мәнсүр, Нартай Бекежановтар Бұдабай ақыннан тағылым алғандарын айтады, оның ақындық қабілетін жоғары бағалайды. Ә. Қоңыратбаев туған елінде бала күнінен құлағында күмбірлеген Бұдабай шайырдың жырларына ден қойды, министрлік мақұлдаған жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиетінің тарихы» оқулығына Бұдайбайды енгізіп, оның өмірі мен шығармашылығын кең талдады. «Бұдабайға Сыр мен Қырдың көптеген ақындары еліктеген. Әңгіме оның жалпақ тілінде, ғажап теңеулерінде болатын. Ел билегендерге ақыл айтқанда Бұдабай ел қамын, еңбекші қамын көбірек жеген. Толғаулары сын аралас қағида болып келеді» деп жазды ақын мұрасын зерттеген ғалым Әуелбек Қоңыртабаев.
Бұдабай шығармаларының сақталып қалғаны аз, олар негізінен ел аузынан жиналған, оның талантын жоғары бағалаған жандар кезінде жазып алып өздерінде сақтап жүрген, сондай-ақ базбір әдеби мұра жанашырлары әр кезде Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына, ғылыми кітапханасына өткізген біршама қолжазбалар. «Әйекені жоқтау», басқа да өлеңдері және ақынның өміріне қатысты тартымды әңгімелер 1980 – 1990 жылдары «Бес ғасыр жырлайды», «Боздағым», «Айтыс», «Ел аузынан», «Әй заман-ай, заман-ай», 2004 жылы «Жеті ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілді. Бұдабайдың шығармалары жеке жинақ болып 1994 жылы басылып шықты. Осылай Бұдабай мұрасы ел ортасына қайта оралды.
Әуелбектің артында қалдырған тағы бір құнды мұрасы Қажымұқанның өз аузынан жазып алған өмірбаяны. 1946 жылы Қазақстан Үкіметінің төрағасы Нұртас Оңдасынов КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институтына Қажымұқанның өмірі мен қызметі туралы жазуды тапсырады. Өйткені халық мақтанышы алып палуанның ел аузындағы аңыздан басқа жүйелі жазылған өмірбаяны жоқ екені белгілі болады. Академия филиалының басшысы Қаныш Сәтбаев бұл істі тындыруды Ғабит Мүсіреповке, ал ол бұл шаруаны ісіне тиянақты жас ғалым Әуелбек Қоңырабаевқа аманаттайды. Сол кезде Тіл және әдебиет институты қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Әуелбек Қоңыратбаев Қажекеңнің өмірбаянын жазудан басқа да тағы бір астыртын тапсырманы орындау үшін екі жұмысты бір жұмыс етіп палуанды іздеп Оңтүстікке Шәуілдірге, Шілікке барады. 1946 жылдың 15-25 мамырында он күн Қажекеңнің қасында болып емен-жарқын әңгімелескені, даңқты тұлғаға ел-жұрттың қошеметі, оның тұрмыс жағдайы, серілігі ғалымның «Баһадүр палуан» естелігінде жан-жақты жақсы баяндаған, ол естелік Әуелбек Қоңыратбаевтың көп томдық жинағына енген. Палуанның өміріне арналған талай зерттеуге Ә.Қоңыратбаевтың деректері негіз болып келеді.
Әуелбек Қоңыратбаевтың бұл сапарының астарында Қазақстан басшылары – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (Парламент) Төралқасының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев пен Қазақ КСР Халық КомисарларыКеңесінің (Үкімет) төрағасы Нұртас Оңдасынов ойластырған тағы бір аса маңызды тапсырма бар еді. 1927 жылы берілген «Қазақ даласының батыры» (осы күнгі «Халық қаһарманы») құрметті атағы бола тұра қарт палуанға зейнетақы тағайындау кедергіге тірелген болатын. Қажекеңнің еңбек өтілі жоқ деген сылтау алдан шықты. Әуелбек сол үшін Қажымұқан тұрып жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданындағы Шілік ауылдық кеңесінің, «Ақтөбе» колхозының даңқты палуанға еңбек өтілі жоқ болса да зейнетақы тағайындау туралы ұсынысын ұйымдастыруға тиіс болды.Осылай төменнен тікелей халық арасынан шыққан бастама негізінде Шәуілдір аудандық атқару комитеті мен аудандық партия комитетінің бірлескен шешімі шығады. Ауданның ұсынысына Қажекеңді іздеп ел ішіне келгендегі тапсырмасының астарында осы шаруаны да жедел ұйымдастыру жатқан Әуелбек Қоңартбаев та КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының өкілі ретінде қол қояды. Ұсыныс жедел облыста мақұлданып, республика Үкіметіне жетеді, көп ұзамай қарт Қажекеңе қомақты өмірлік зейнетақы, жас балаларына жәрдемақы тағайындалады. Әуелбек сауапты қамқор істі орайлы ұйымдастыруға осылай атсалысқан еді.
Оның ғылым жолындағы еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, «Құрмет белгісі»орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды, Қазақ КСР ағарту ісінің озық қызметкері атағы берілді. Аса ірі түрколог ғалым ретінде мойындалып, қазақ әдебиеттану ғылымында көне дәуір фольклорын, түркі халықтарына ортақ жәдігерлерді рухани қазынаға айналдырған ғұлама атанған шағында Әукең 1986 жылы 81 жасында Қызылорда қаласында дүниеден өтті.Ғалымның хаты өлмейді деген, ол дүниеден өткеннен кейін де «Қазақ фольклорының тариxы» (1991 жылы), «Қазақ әдебиетінің тариxы» (1994 жылы), «Абайдың романтизмі» (1994 жылы) ғылыми зерттеулері, «Тотынама» (1991 жылы) аударма еңбегі жарық көрді. Ғалымның 10 томдық шығармалар жинағы (2004 – 2005 жылдары), 2 томдық таңдамалы көркем шығармалары (2008 жылы) басылып шығып, қазақ руханиятының құнды мұрасына айналды.
Көрнекті ғалым Әуелбек Қоңыратбаев есімі қастерлі, оның атында Қызылорда облысының Шиелі ауданында орта мектеп бар, есімі көшелерге берілген. Жас ұрпақ Әуелбек Қоңыратбаевтың қайсарлығын, мақсаткерлігін орынды үлгі етеді.
Мақаламызды ұста Қоңыратбай ұлдары Қалжан, Әуелбек және Әлібек туралы жалпы баяндаудан бастағандықтан Қалжан мен Әлібекке де, кейінгі ұрпақтарына да тоқталып, оқырмандарға мәлімет берген орынды болар.
Ағайынды үш азаматтың үлкені Қалжан 1877 жылы туған. Сауатты азамат ел балаларының көзін ашуды мақсат тұтады. 1908-1917 жылдары Шиелі өңірінде Қызылжыңғыл, Керделі деген жерлерде мектептер ашып, Уфа, Қазан, Орынбор қалаларынан қазақ, татар мұғалімдерін шақырады. 1909 жылы Абайдың баласы Тұрағұлға хат жазып, Абайдың Петерборда басылып шыққан жинағының 200 данасын алдыртып, елге таратады. Абайдың әсерімен өзі де біршама өлең жазып, жариялайды. Ыбырай хрестоматиясын көбейтуге атсалысады.Журналистікпен де шұғылданып, «Айқап» журналына, «Қазақ» газетіне мақалалар жазып, қатысады.
1916 – 1917 жылдары Сыр бойында екі жыл қатарынан құрғақшылық болады, аштық қаупі төнеді. Осы шақта Қалжан 1917 жылдың қысында елден керуенге түйелер, қосшы жігіттер жинап, Арқаға жол тартады. Мақсат –ашыққан елге Торғай, Атбасардан астық әкелу. Қалжан астық жинап қана қоймай, Амангелді батырға, Әліби қолбасшыға жолығып, саясат мән-жайына да қанығады. Сыр бойында ашығып жатқан ағайындар жайы Амангелдіні де қатты алаңдатады, ол: «Уа, халайық! Сыр елі аштық құрсауында. Қалжекең бастап келген мына керуен тез арада Сырға қайта оралуы керек. Өле жегенше бөле жеп, астықтан болысайық» деп елге жар салады. Осы сапарында Қалжан 30 мың пұт астық алып келіп, еді аштықтан құтқарады.
Елге келе жаңа кеңес өкіметін құруға белсене қатысады. Шиелі ревкомына мүшелікке сайланады, Қызылорда уезінде басқа да жауапты қызметтер атқарады, сот та болады. 1924 жылы Ташкентте өткен Орта Азия халықтарының енші бөлісу, өзара шекара межелеуіне арналған Бүкілтүркістандық ХІІ съезге Сырдария губерниясының атынан қатысады. 1925 жылы астана Қызылордада өткен Бүкілқазақстандық кеңестердің тарихи V съезінде Қазақ автономиялық республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады.
Қалжан өз замандастары М.Шоқай, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов сынды тұлғалармен қарым-қатынаста болған. Қазақтың талай зиялысы Қалжекеңді өзіне ұстаз тұтқан. Академик Ә.Марғұлан Қалжекеңді ел ағасы деп атаса, Ә.Тәжібаев ірі қоғам қайраткері деп бағалаған. Ел ішінен жау іздеген тіміскі заман әлгіндей қайраткерлермен байланыста болған Қалжанды да қойсын ба, 1937 жылы 20 қазанда Шиеліде «алашордашыл» деген айыппен тұтқындалады. Тағылған айыптар – 1917 жылы Түркістанда өткен Алаш съезіне қатысып, Қазақ елін Ресейден бөліп әкетуді жақтағаны, алашордашыл С.Қожанов «Ақ жол» газетін шығарып тұрған кезде онымен байланыста болып, революцияға қарсы ұлтшылдық үгіт жүргізгені, кеңес өкіметінің қас жауы М.Шоқаймен 1927 жылға дейін хат арқылы хабарласып тұрғаны, ел арасында алашшыл әдебиеттер тартқаны, теріс мазмұнда өлеңдер шығарғаны деген сияқты болып біраз жерге барады. Кеше өзі құрған кеңес өкіметі осылай оны 10 жылға соттап, Ресей Қиыр Шығысына Хабаров өлкесіне айдайды. Қайран ер 1940 жылы 23 шілдеде асқынған өкпе ауруынан Советская Гавань қаласы маңындағы №22 концлагерьде қайтыс болады. Қалжан Қоңыратбаев 1956 жылы азаматтық тұрғыдан ақталса, тек елі Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана 1993 жылы саяси тұрғыдан толық ақталды.
Тетелес інім Әлібек әдебиетке менен бұрын келді дейді Әуелбек оның қызмет жолы туралы айтқанда. Тамаша таланты енді жарқырай ашылып, отызыншы жылдары қазақ зиялыларының ортасында жүрген шағы еді. Ол жазушы, аудармашы, сыншы болды. Әлібек 1907 жылы туған.
Сәкенмен «Әдебиет майданы» журналында, Бейімбетпен «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істейді. Ол М.Әуезовпен, І.Жансүгіровпен, С.Сейфуллинмен, Б.Майлинмен, Ә.Тәжібаевпен, С.Камаловпен С.Ерубаевпен, З.Шашкинмен достық шығармашылық қатынаста жүреді. Молдағали Жолдыбаев, Мұхтар Әуезов және Әлібек Қоңыратбаев бірлесіп жазған «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1933 жыл), М.Жолдыбаев, Әл.Қоңыратбаев және М.Қаратаев үшеуі 4-сыныпқа арнап шығарған «Әдебиет хрестоматиясы» (1934 жыл), Әл.Қоңыратбаев пен А. Әлібаевтың 3-сыныпқа арналған «Хрестоматиясы» (1936 жыл) сол кездегі оқулықтар мен оқу құралдарының алғашқы шоғырына жататын еді. Бұл жылдары Әлібек көптеген сын-зерттеу мақаласымен де көзге түседі. Мольердің «Сараң» пьесасын, Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын, Чеховтың «Ванька», «Хамелеон» әңгімелерін аударып, қазақ жұртшылығына алғаш таныстырады.
1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі өткізілген кезде небәрі 36 қаламгер мүше болса, солардың бірі Әлібек еді. Ол Жазушылар одағының хатшысы болып сайланып, І.Жансүгіровпен бірге қызмет атқарады.
1937 жылдың дүрбелеңі басталған кезде алғашқы лекте Әлібек те ұсталады. 1937 жылы 17 наурызда оны жұмыста отырған жерінен алып кетеді. Бұл кезде ол «Қазақстан» баспасында оқулықтар мен оқу құралдары бөлімінің меңгерушісі екен. «Әлібектің аяқталып, қолжазба күйінде тұрған көптеген әдеби-сын зерттеулері мен 1916 жыл тақырыбына құрылған романы болатын. Барлығы да өзімен бірге алынды. Ең аяғы жеке заттары мен суретіне дейін қалмады. Артында әйелі мен жас нәресте қызы қалған Әлібек небәрі отыз-ақ жаста болатын» деп күрсінеді ол кезді еске алған Әуелбек.
Әлібектің ұсталу себептерінің бірі осының алдында ғана 1936 жылы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрға үйленуі болса керек. Ол Түркістан әскери округі трибуналының 1937 жылы 1 желтоқсандағы қаулысымен Отанға опасыздық жасады деп айыпталып (жаппай қолданылған әйгілі 58-бап), іле-шала 2 желтоқсанда атылып кетеді. Сталин өліп, заманның беті бері қараған шақта, 1955 жылы осы трибунал оны кінәсіз деп ақтайды.
Қоңыратбай ұрпағының келесі буыны Әукеңнің қызы Тана мен ұлы Тынысбек. 1947 жылы Алматы қаласында туған Тана да әке жолын қуып филолог мамандығын алғанымен, ғылымға педгогика тұрғысынан келіпті. Педагогика ғылымдарының докторы. Қызылордадағы қазіргі Қорқыт ата атындағы университетте, Алматыда Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында, Астанада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми қызметпен шұғылданды, оқытушы болды, 100-ден астам ғылыми-педагогикалық еңбек жазған. Көркем дүниелерге қалам тартқан, «Дала шамшырағы» деген драма жазды, өлеңдері, әңгімелері, сценарийлері бар.
1955 жылы 18 қыркүйекте Қызылорда қаласында туған Тынысбек Әуелбекұлы қазақтың «Әке көрген оқ жонар», «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі», «Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» деген бірінен бірі өткен қанатты сөздерін еске түсіреді. Ғылыми ортада Әукеңнің ұлы болғандықтан ғана емес, өзінің ғылым жолындағы іргелі жетістіктерімен әйгілі азамат. Бұның да кәсібі – фольклортанушы, түркітанушы, этнограф, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттану және өнертану профессоры, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қырғызстанның Ш.Айтматов академиясының академигі. Ол фольклор, этнография, тарих және өнер салалары бойынша 500-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Тынысбектің еңбектері Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қытай және басқа да елдерде жарық көрді.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Оқымысты Қоңыратбай ұрпағының ұлағатты істері халықтың рухани қазынасы, кейінгі ұрпақтар ұстанар өнеге, туған елге мерей, айта жүрер абырой.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстан мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қызылорда облысының құрметті ардагері