Бағдарламадан бағыт тапқан жас

«Дипломмен – ауылға!» жобасы шеңберінде ауданымызда да ауқымды істер атқарылып, елді мекендердегі жұмыс күші жас мамандармен толықты. Нақтырақ айта кетер болсақ, 2025 жылы 30 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы алуға 11796,0 мың теңге ұсынылса, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит рәсімдеуге 20 маманға 157280,0 мың теңге қаржы қаралды.
Бағдарламаның игілігін көріп отырған жандардың бірі Нұрбол Әбиев. Нұрбол Сәкенұлы 1994 жылы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. 2001 жылы №87 орта мектеп табалдырығын аттап, 2012 жылы осы мектеп қабырғасын түлеп ұшқан ол Ақтөбе қаласындағы "АГУ Тарлан" колледжіне оқуға түсті. Аталмыш оқу орнын 2015 жылы тәмәмдап, бүгінде кенттегі жаңа білім ордаларының бірі №283 орта мектепте спорт нұсқаушысы болып еңбек етіп келеді. "Дипломмен ауылға!" бағдарламасының бір реттік көмек көтерме жәрдем ақысын алып, бала тәрбиесінде қызмет жасап келе жатқан ол:
– Бұл бағдарлама біріншіден жастарға қызметтік жол ашса, екіншіден ауылдардағы маман тапшылығын болдырмаудың бірден-бір жолы дер едім. Әкем Сәкен Наурызбаев депода ТЧЭ-36 шебері болып қызмет атқарады. Анам Бақтыгүл Молымбетова 2020 жылы дүниеден озды. Өзім бүгінде 4 бала тәрбиелеп отырған әке, бір отбасының сенер азаматы атанып отырмын. Міне, осындай бүтіндей бір отбасыға бақыт сыйлап отырған бағдарлама әлі талай жастардың жаңа мүмкіндігін жүзеге асыруға ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді.
Иә, жас мамандарға мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ауылдардың дамуына жаңа серпін әкелері сөзсіз.
Оңталап Жолдасов