Асыраушы саланың ауқымы кең

Иә, расында асыраушы саланың ауқымы мен әлеуеті күн санап артып келеді. Көзбен көріп, жиі естіп жүрміз. Аудандағы ілгерілеушілік те осының айқын дәлелі. Осы ретте көзі қарақты оқырмандарға жыл басынан бері 8 айда атқарылған жұмыстар жайлы ақпарат жеткізуді жөн көрдік.
Төрт түлік саны артып келеді
Төрт түлігі төскейін жайлаған қазақ үшін ауыл десе алдымен мал шаруашылығы еске түседі. Көнеден келе жатқан күнкөрісті бүгінде кәсіп етіп үлгерген халықтың қатарында аудан жұртшылығының да алар үлесі зор. Нақтырақ айтар болсақ аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында 5634,6 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,0 пайызға артқан. Жыл басынан бері барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында 62746 бас мүйізді ірі қара, 92775 бас қой мен ешкі, 60901 бас жылқы, 37553 бас түйе және 4504 бас құс бар. Осы малдарды өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы – 101,5, қой мен ешкі – 88,2, жылқы – 109,1, түйе – 100,1 пайыз өсімге ие болып отыр.
Ауданда мал шаруашылығынан алынатын өнім де көбеюде. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысымен ет өндіру 2 345,5 тонна, сүт өндіру 1 938,6 тонна, жұмыртқа өндіру 74,3 мың дана болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 104,8 пайызға, сүт өндіру 101,1 пайызға, жұмыртқа өндіру 102,1 пайызға артығымен орындалды.
Мал азығы маңызды міндет
Аудан бойынша 2025-2026 жылдарға мал қыстау кезеңіне ауданның барлық нысандағы шаруашылықтары бойынша 249175 шартты мал басына 181,5 мың тонна мал азықтық шөп және 31,0 мың тонна жем дайындау жоспарланған. Өткен жылдан қалдық – 94,5 мың тонна. Бүгінгі күнге аудан бойынша 126000 тонна мал азықтық шөп, оның ішінде 27000 тоннасы жоңышқа және 11500 тонна жем дайындалды.
Жерге сіңген маңдай тер
Ауыл шаруашылық саласындағы тағы бір ауқымды бағыт егін шаруашылығы болып отыр. 2025 жылға 1000 гектар жерге егіс егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 5,5 гектар картоп, 51,6 гектар көкөніс, 186,7 гектар бақша, 354 гектар жаңа жоңышқа егілсе, 386 гектар ескі жоңышқа егілді. Барлығы 983 гектар жерге егіс орналастырылды.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін жобамен 6 млн 294 мың текше метр суды қажет етеді. Биыл ауданда су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып, Сексеуіл кенті, Ақирек, Аманөткел, Жаңақұрылыс, Бекбауыл ауылдық округтерінде барлығы 240 гектар жерге егін егілді.
Бұдан бөлек, Аманөткел ауылдық округіндегі «Camel Pro» ШҚ жоңышқа дақылдарын дайындау мақсатында 16 дана жаңбырлатып суару қондырғысы сатып алынып, бүгінгі күнге 10 дана жаңбырлатып суару қондырғысын орнату жұмыстары аяқталды. Қалған қондырғыларды орнату жұмыстарын толығымен осы жылдың қазан-қараша айларында аяқтап және 200 гектар жерге күздік жоңышқа дақылдарын егуді жоспарлап отыр.
Егіншінінің қуанышы – мол өнім
«Егінші жылда арманда, балықшы күнде арманда» дейді қазақ. Әр істі әріден тани білген халқымыз егінші жыл бойы еңбек етеді, егінін егіп, жинау мерзімін күтеді, ал егін жинаған кезде өз еңбегінің жемісін көреді. Ал балықшы күн сайын суға балық аулауға барып, күніне бір рет балық аулап, армандағанын алады. Еңбек пен армандардың байланысы жайлы айтылған мақал бүгін де өз күйінде қала бермек. Адамның жетістіктері мен мақсаттарына жету үшін қажырлы еңбек ету қажеттігін көрсететін түйінді тіркес аудан егіншілеріне де тиісті. Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан яғни, 5,5 гектар картоптан – 52,2, 51,6 гектар көкөністен – 670,8, 186,7 гектар бақшадан – 2389, 503 гектар жоңышқадан – 1258 тонна өнім өнім алынады деп күтілуде. Осы егілген егістің 126,8 гектары шаруа қожалығында, 346 гектары заңды тұлғаларда және 511 гектары жеке тұрғындарда.
Еңбек адамдарының жыл бойы еткен еңбегі еш кетпеу үшін барынша жағдай жасалған. Күзгі егін жинау және дала жұмыстарына 59 трактор, 1 комбайн, 5 жатка, 16 жүк көлігі және 31 трактор тіркемесі сақадай сай тұр.
Аралдың арнасы толады
Аралдықтардың асыл арманы қай уақыттан да айдынды сақтап қалып, арнасын толтыру. Теңіз ананың қайта шалқығанын көруді көздейтін жергілікті жұрт үшін арманға бір қадам болса да жақындаудың амалы қарастырылып жатыр.
Нақтырақ айтсақ Кіші Аралды сақтап қалу, теңіз суын молайту үшін мемлекет тарпынан айрықша қолдау көрсетілуде. Еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына алдағы үш жыл бойы төрағалық ететін болады. Осы мерзім ішінде Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Соның бірі Арал ауданы бойынша ірі көлдер жүйесі болып саналатын Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында, дәлірек Мырзастан су торабын салу жобасы. Су тоспасы іске қосылғанда мыңдаған гектар жайылымдық, шабындық жерлерге өз деңгейінде су жіберілетін болады.
Кіші Арал теңізіндегі су қорын молайту мақсатында ағымдағы жылы Ташкент қаласында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан мемлекеттері арасында төртжақты келісім жасалды. Келісімге сәйкес вегетациялық кезеңде су алу лимиті белгіленді. Нәтижесімен жыл басынан осы күнге дейін Арал теңізіне 2 млрд текше метрден астам су жіберілді.
«Қазсушар» РМК-і арқылы Кіші Арал теңізіне суды жіберу, судың тұздылығын төмендету және Көкарал бөгетін нығайту мақсатында жұмыстарды жалғастыру үшін 2025 жылы «Тәуір», «Қарашалаң-1», «Қарашалаң-2», «Тұщы» және «Сарытерең» каналдарына су тоспасын салу жұмыстары атқарылуда.
Балықшы күнде арманда
Аралды балықсыз, теңізді балықшысыз елестету мүмкін емес. Ертеден-ақ ау төгіп, жылым салуды жақсы меңгерген аудан жұрты балық шаруашылығының ілгерілеуіне елеулі үлес қосып келеді. Ауылшаруашылығы саласының серпінді жұмысының бір үлесі де осы балық шаруашылығында.
Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл бар. Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 16 түрі ауланады.
Мұнан бөлек ауданда жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Балық аулау кезеңі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен келесі жылдың 1 шілдесіне дейін есепке алынады, сондықтан 2025 жылдан 2026 жылға дейін, Кіші Арал теңізінен 5949 тонна, болып бекітілген.
Бүгінгі күні, «Agrofish 2020», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң», «Aral Sea food» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары, жалпы саны 5 зауыт балықты терең өңдеумен айналысатын болса, қалған «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», Zhalgasbay шағын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады.
Атап өту қажет, ауданда Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісі тек 2 кәсіпорында бар. Олар «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі балық өңдеу зауыттары.
Мұнан бөлек 15-ке жуық балықты сұрыптап қатыру және сақтау цехтары жұмыс жасап келеді.
Ауланған балық бекітілген лимитке сәйкес, толық игеріліп отыр. Өңделген балық 01.08.2024 жылға – 2723 тонна, 01.08.2025 жылға – 4254 тонна.
Өңделген балық 1531 тоннаға артық өңделіп, 156,2 пайызға орындалған.
Балық экспортты шет мемлекетке экспортталып 01.08.2024 жылға – 1561 тонна, 01.08.2025 жылға – 1880 тонна болса, 319 тоннаға артық экспортталып 120,4 пайызға ұлғайып отыр.
«Қамыстыбас балық питомнигі РМҚК» кәсіпорны және қарасты «Тастақ» бөлімшесі тарапынан Кіші Арал теңізі мен теңізге жақын орналасқан балық шаруашылығына маңызы бар су айдындары мен учаскелерін балықтандыру мақсатында балық шабақтарын өсіруде.
Мемлекеттік тапсырыс есебінен жыл сайын 15 млн 220 мың дана балық шабақтары өсіріледі, оның ішінде 14 млн 800 мың дана майда бір жылғы шабақтар және 420 мың дана екі жылғы шабақтар.
«Жамбыл» өндірістік кооперативі, Ақшатау ауылында көлемі 16х30 метр болатын Балық дернәсілдер шығаратын инкубациялық цех жұмыс жасауда.
Бұл цехтан шыққан дернәсілдер, қазіргі таңда жергілікті су қоймаларын балықтандыру жұмысын іске асырып отыр. Бүгінгі күні, ауданда тауарлы балық өсіру дамып келуде. Қазіргі таңда тауарлы балық өсірумен 22 шаруашылық айналысуда.
Оның ішінде: 7 көл тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 8 тоған және 6 тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы мен 1 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсіру шаруашылықтары.
Бағдарламалардағы басымдық
Ауылшаруашылығы саласы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда да алға басып келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өңдеу саласы бойынша – 33, егін шаруашылығы бойынша – 6, мал шаруашылығы бойынша – 40, техника сатып алу бойынша – 5, басқа бағыттар бойынша – 40, жалпы саны 2025 жылға 124 жоба бойынша 834,3 млн теңге бөлінеді деп жоспарлануда.
Ал «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы негізінде 2025 жылы 30 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы алуға 11796,0 мың теңге ұсынылса, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит рәсімдеуге 20 маманға 157280,0 мың теңге қаржы қаралды.
Көтерме жәрдемақы 2024-2025 жылдар салыстырмалы түрде 100% орындалса, тұрғын үй сатып алуға 2025 жылы 2024 жылға қарағанда салыстырмалы түрде 111 % артық орындалу жоспарлануда.
Молшылық жәрмеңкесі жиі өтеді
Жыл бойы еткен еңбек көрінер сәт те жетті. Дихандар мен малшылардың, балықшылар мен өзге де өнім өнрідушілердің жұмысы жергілікті халықтың жеңіл бағада қажетті заттарын алуға мүмкіндік тудырып отыр. 2025 жылы наурыз-тамыз айларында аудандағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары ет, сүт, балық және көкөніс өнімдерін халыққа тікелей ұсынылып, яғни нарық бағасынан 15-20 пайызға дейін арзандатылған түрде 7 мәрте жәрмеңке өткізді.
Қала тұрғыны Ә.Бақтыбайдың:
– Жәрмеңке аралдықтардың асыға күтетін күніне айналды. Бұл бірінші кезекте бағаның арзандығында. Күнделікті қажетті өнімді, азық-түлікті жеңілдетілген бағада сатып алып, оны тұтынудан асқан бақыт жоқ шығар. Жергілікті өнім өндірушілер мен ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан барлық жандарға рахметіміз шексіз, – деген сөзі ел қуанышының боямасыз көрінісі.
О. ЖОЛДАСОВ