Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң мен тәртіп – мемлекеттің мызғымас тұғыры

Заң мен тәртіп – мемлекеттің мызғымас тұғыры

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы. Бұл – өркениетті және озық қоғамның басты өлшемі. Қоғамымызда заң мен тәртіп сақталмаса, ешқандай жетістік пен ілгерілеу болмайды, бұл – анық нәрсе» – деген болатын. Қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің басты тірегі – заң мен тәртіп. Әр мемлекеттің дамуы, азаматтардың тыныш өмір сүруі құқықтық жүйенің мықтылығына, заңның үстемдігіне және оны сақтау мәдениетіне тікелей байланысты. Ауданда заң аясында тәртіпті қалыптастырып атқарылып жатқан жұмыстар легінен тоқталғымыз келеді.
Заң – қоғамдағы қатынастарды реттейтін және әділдік қағидаттарына негізделген ережелер жиынтығы. Ал тәртіп – сол заңның орындалу тетігі, яғни азаматтардың заңға бағынуы мен жауапкершілік деңгейі. Егер заң дұрыс жазылып, бірақ орындалмаса, ол қағаз жүзіндегі ғана құжат болып қалады. Сондықтан тәртіп заңның өміршеңдігін қамтамасыз етеді.
Құқықтық мемлекет идеясында ең маңызды ұғым – заңның үстемдігі. Бұл дегеніміз, билік те, қарапайым азамат та бірдей заңға бағынуы тиіс. Кез келген шешім, әрекет немесе саясат заң аясында жүзеге асқанда ғана қоғамда әділдік пен сенім орнайды. Заңды құрметтеу мәдениеті жоғары елдерде жемқорлық азайып, азаматтардың құқықтары нақты қорғалады.
Біздің мемлекетімізде адамдардың құқығын қамтамасыз етуге бағытталған заң бар. Және сол заңды жүзеге асыратын органдар тыңғылықты жұмыс атқаруда. Заң мен тәртіпті сақтау тек жазалау арқылы емес, алдын алу шаралары арқылы да жүзеге асады. Бұл бағытта құқықтық сауаттылықты арттыру, жастар арасында әділет пен адалдық құндылықтарын насихаттау, құқық қорғау органдарының ашықтығын қамтамасыз ету маңызды.
Арал аудандық Ішкі істер бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 7800 ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жыл басынан үкіметтік емес ұйымдармен және бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірлесе отырып, облыс және республика көлемінде «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Жасөспірім-Көше», «Заң-Бала-Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар!», «Отбасында әкенің рөлі», «Зорлық зомбылықсыз балалық шақ», «Демалыс» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
         Іс-шаралар барасында «Заңды білу – заман талабы»«Түнгі жүрістердің бала өміріне қауіптілігі», «Интернет желісінің қауіпті тұсы», «Жыныстық тиіспеушіліктің алдын алу», «Зорлықсыз әлемді қалай құруға болады?»,«Жол қауіпсіздігі және жасөспірім» «Таныс емес адамдармен қарым-қатынас тәртібі», «Полиция – дос және қорғаушы», «Оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» «Тәрбие тал бесіктен» «Жасөспірім және қоғам» тақырыптарында түсіндірме жүргізіліп, атқарылған жұмыстар аудандық «Толқын» және «Арал әлемі» газеттеріне және  әлеуметтік желінің «Фейсбук» парақшасына мақалалар жариялануда. Әр азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан өзіне жүктелген міндетін орындау, заңның ең басты мақсаттарының бірі – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Заңды білмеу, оны бұзу жауапкершіліктен құтқармайтындығын  әрбір адам түсінуі керек.
Әр азамат өз мінез-құлқымен, іс-әрекетімен қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес қосады. Қоғамның құқықтық мәдениеті жеке тұлғалардың саналы әрекетіне негізделеді. Яғни, заң мен тәртіп тек мемлекеттік деңгейдегі ұғым емес, әрбір адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
Заң мен тәртіп – өркениетті қоғамның айнасы. Заң үстемдік еткен елде бейбітшілік, әділдік және тұрақтылық орнайды. Сондықтан әр азамат заңды сыйлап, тәртіпті сақтауға атсалысғанда ғана мемлекет те, қоғам да мықты болмақ.
Н.БАҚЫРАН

Фото: Нұрболат Нұржаубай
14 қазан 2025 ж. 77 0