Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан оқушылары – облыс жеңімпазы

Аудан оқушылары – облыс жеңімпазы

«Әскер – ер мектебі» деп жатамыз. Расында қару ұстап, оған икемделіп, ерлікке бастайтын жол әскерден бұрын-ақ басталатынын да естен шығармаған абзал. Туған ауылынан, отбасынан алыстамады демесек, әскери дайындық пәнінің өзі жастарымызға ер азаматтықтың әліппесін мектеп қабырғасында жүріп-ақ меңгертеді. Оған талай мәрте көзіміз жетіп жатыр. Әскерге барған бойдан өзінің машығымен көптің көзіне түсіп, алғыспен елге оралған талай сарбаздар әскери білімнің әлқиссасын дәл осы пәннен жүріп меңгергендер, ұстаздардан сауат алғандар.
Осы тақырып төңірегінде таяуда ғана орын алған ақжолтай жаңалықпен бөліспекпіз. 9-10 қазан күндері Шиелі ауданында №47 орта мектеп базасында білім басқармасының тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының жоспарына сәйкес 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай мектеп оқушылары арасында «Жас мерген – 2025» әскери-қолданбалы спорт түрлерінен облыстық жарыс өткізілді.
Пневматикалық винтовкамен нысана ату, АК-74 қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау, АК-74 қаруының оқжатарын 30 патрондармен жарақтау, жалпы әскери қорғаныш жиынтығын плащ түрінде кию, биік белтемірге тартылу сынды бес кезеңнен тұратын жарысқа үкілеп қосқан аудан үміткерлері абыройды қолдан бермеді.
№19 мектебінің шәкірті Аралбек Ахметжан, №294 мектебінің шәкірті Дүзбай Мирбақытұлан мен №231 мектептен Нұржан Еңсепов, №14 мектеп-лицейден Дінислам Медетбаев, №220 мектептен Еркебұлан Мәдиұлы қатысып, командалық есепте топ жарып, І орынды иеленді. Бұл ретте төрт бірдей жарыс түрі бойынша қатарларынан оқ бойы оза шапқан шәкірттерді даярлаған 5 мектептің пән мұғалімдері әрі жетекшілері М.Зейнуллаев, Ж.Тоқабаев, А.Нұрмаханов, С.Аймолдаев пен Н.Серікбаевтың да еңбектерін атап өткен жөн.
№220 орта мектебінің мұғалімін Мұхтар Зейнуллаев бізбен қуанышын бөлісіп:
– Бұл тек біздің жеңісіміз ғана емес, барша ауданның жетістігі. Бізге тілеулес болды, қолдан келген көмегін аямады. Әсіресе команданың сайысқа тыңғылықты дайындық жасауына қолдау көрсеткен  №262 мектеп-гимназияның директоры Р.Сисеновке және АӘТД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Н.Ермахановқа, сонымен қатар №13 орта мектеп АӘТД пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы А.Өтегеновке алғысымыз ерекше. Алдағы уақытта да бірлесе істеген жұмыстардың жемісін сәт көп болады деп сенемін, – деді.
Жарыс жеңімпаздары білім басқармасының тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының кубоктарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
18 қазан 2025 ж. 145 0