ЭКОТУР: ТАРИХ ПЕН ТАБИҒАТҚА ІЛТИПАТ
Арал өңірінде экологиялық сана мен туған жерге сүйіспеншілікті ұштастырған ерекше сапар өтті. Теңізді өлкеде табиғаттың тылсым тынысын тыңдауға шыққан автокеруен жолға жиналды. Бұл сапар – жай ғана саяхат емес, туған жердің жүрегіне үңілу, табиғатпен үнсіз тілдесу, туған өлкенің қадірін сезінудің рухани жолы еді.«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған авто-экотурды аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Омарұлы бастап шықты. Делегация құрамында дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары және мемлекеттік мекеме қызметкерлері болды. Сегіз жол талғамайтын көліктен құралған керуеннің мақсаты – табиғатты аялау, экологиялық мәдениетті арттыру және туған өлкенің байлығын жаңаша қырынан тану.
Теңіз табанындағы тыныштық
Алғашқы аялдама Сарышығанақ пен Жалаңаш бағытындағы бұрынғы теңіз табаны болды. Бұл жерде бір кездері толқын тербеген айдын қазір үнсіз далаға айналған. Осында кезінде әйгілі «Игла» фильмі түсірілгенін естігенде, әркімнің көкірегінде тарих пен табиғатқа деген іштей ілтипат оянғаны анық.
Керуен мүшелері Бессай-Көрсай биігіне көтерілгенде көз алдына Аралдың кең даласы мен көкжиекке дейін созылған иен кеңістік ашылды. Әр тас пен төбенің өзіндік тарихы бардай, табиғаттың үнсіздігі терең ойға жетелейді. Фотоаппарат пен бейнекамераға іліккен әр сәт – естеліктің ең қымбат парағына айналды.
Тазалық – туған жерге тағзым
Келесі аялдама – теңіз жиегі. Мұнда табиғат аясындағы тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Қатысушылар қолғап киіп, қоқыс жинады, жағада қалған қалдықтарды реттеп, өртеу шараларын жүргізді. Бұл іс – туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты көрінісі, экологиялық мәдениеттің өміршең мысалы болды.
Тастүбек ауылына аялдаған сапаршылар теңізді тіршілік көзіне айналдырған еңбек адамдарымен кездесті. Балықшылармен пікір алмасу барысында табиғатты сақтау мен экологиялық жауапкершілік жайы кеңінен талқыланды.
Жер-ананың ыстық тынысы
Күн төбеден ауған шақта Құттыбай шыңында аялдап, табиғат көрінісін тамашалаған керуен мүшелері Қарасандық шыңдары мен Бутаков шығанағына бағыт алды. Биік жартас, тұзды жел, теңіз ұлтанындағы ұсақ өсімдіктер – табиғаттың табандылығының айғағы. Осында шағын эко-талқылау өткізіліп, «Арал туризмінің болашағы қандай?» деген сауал төңірегінде пікір алмасты.
Сапардың ерекше нүктелерінің бірі – Ақеспе маңындағы термальды бұлақ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, судың температурасы шамамен 62 градус. Қатысушылар аяғын ыстық әрі тұзды суға малып, табиғаттың шипалы күшін сезінді.
Күннің қызыл шапағымен көмкерілген дала
Кеш бата автокеруен Көне Ақеспе ауылы мен бархан құмдарына жетті. Күннің қызыл шапағы құм бетіне төгіліп, аспан мен жер тұтас бір көрініске айналғандай.
Кешкілік автокеруен Арал қаласына бет алды. Артта – күннің соңғы сәулесіне бөленген кең дала, ал ойда – табиғаттың тазалығын сақтау жайлы терең ой.
Сапар соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, «табиғатқа тағзым – адамдықтың белгісі» екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
А.ӘДІЛЖАНҰЛЫ










