ЕЛІМ ДЕП ӨТКЕН ЕРЕН ЕР
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. 1941–1945 жылдардағы қанды қырғынның от-жалынына түскен әрбір жауынгердің ерлігі – ел жадында мәңгілік. Солардың қатарында Арал өңірінің тумасы, елге қадірлі ұстаз, соғыс және еңбек ардагері Азен Жалтумаевтың есімі ерекше аталады. Ол майдан даласында ерлік көрсетіп, елге аман оралып, қалған ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздық жолға арнаған өнегелі жан еді.Азен Жалтумаев 1915 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Отбасында жалғыз перзент болған ол ел басына күн туған шақта Отан қорғауға алғашқылардың бірі болып аттанады. 1942 жылы Арал қаласынан әскер қатарына алынып, 28-гвардиялық атқыштар дивизиясының 86-гвардиялық атқыштар полкінде, сондай-ақ 180-атқыштар дивизиясының 86-атқыштар полкінде жаумен шайқасқан. Қан майданда ол Орта Азия әскери округінің кіші лейтенанттар курстарында дайындықтан өтіп, жауынгерлік тапсырмаларды абыроймен орындаған.
1943 жылы Украинаның Киев қаласы үшін болған шайқастардың бірінде Азен Жалтумаев жертасадан шыққан сәтте жарылған снаряд жарықшағынан жараланып, тобығынан ауыр жарақат алады. Жарақат салдарынан елге оралуға мәжбүр болған ол, соғыстағы қанды ізді өмір бойы ұмытқан емес.
Майданнан жараланып келген сарбаз ел тыныштығы үшін тер төккен бейбіт күннің де жауынгеріне айналды. Туған жерге оралған соң ол бар ғұмырын білім беру ісіне, жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Ұзақ жылдар бойы «Ұялы» орта мектебінде директорлық қызмет атқарып, кейінкәсіптік-техникалық колледжде математика пәнінен сабақ берді. Өмірінің соңғы жылдарында Арал қаласындағы №13 орта мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып, жастарды еңбексүйгіштікке, адалдыққа, отансүйгіштікке баулыды.
Ол әр сабағында соғыс жылдарының ауыртпалығын, елдің бірлігі мен батырлығы жайлы айтып, шәкірттерін ұлтжандылыққа тәрбиеледі. Азен Жалтумаев үшін ұстаз болу – елге қызмет етудің екінші жолы, рухани майдандағы ерлік болатын.
Соғыстағы және бейбіт өмірдегі еңбегі ескерусіз қалмады. Ардагер бірнеше мәрте жауынгерлік марапаттарға ие болған. Оның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені (екі мәрте), сондай-ақ «1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медальдары жарқырады.
Өз ісіне адал, елге сыйлы азамат 1970 жылы, небәрі 55 жасында дүниеден өтті. Бірақ оның артында қалдырған өнегесі мен ұрпағы – бүгінгі ел тәуелсіздігінің тірі куәсі.
Азен атамыз соғыс алдында өз теңі Бағдат Ермекқызымен шаңырақ көтеріп, он баланы дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, соғыстан кейінгі қиын жылдарда балаларының бесеуі жастайынан шетінеп кеткен екен. Бір естелігінде қызы Несібелі Азенқызы отбасы туралы:
– Әкем мен анам соғыстың алдында отбасын құрған. Бірақ балалардың үлкені 1945 жылы дүниеге келген ағам. Одан кейін бірнеше баласы жастайынан шетінеп кеткен болуы керек. Себебі анамның «5 балам жердің үстінде, 5 балам жердің астында» деген сөзі есімде қалыпты. Қазір сол ұрпақтан жалғыз мен қалдым. Ата-анамның елге сіңірген барлық қызметін жас ұрпақтың жадында ұстау – парызым, – дейді.
Иә, ұстаз болу – жүректің батырлығы. Қаншама қиындықты бастан өткеріп, қан кешіп келген жанның ұстаздлық жолда тер төгуі расымен екінші мәрте ел қорғаған ерлікке пара-пар.
– Әкем өмірде көрген қиыншылығын ешқашан ұмытқан емес. Керісінше, сол нәрседен сабақ алып, бізге берген тәрбие жолында үнемі ақылын айтып отыратын.
Соғыс алдында ашаршылық жылдары жан басына, шаңырақ сайын өлшенген нан таратылған уақытты еске ала отырып, бүгінгі күнге алғыс айтатын. « Ешқашан ешкімнің ала жібін аттамаңдар. Қолдарыңнан келсе жақсылық жасаңдар, келмесе зияндарыңды тигізбеңдер» деп көп айтатын. Мектептегі оқушыларды да осы принциппен тәрбиелейтін. Оның адалдығы, әділдігі, парасаттылығы бізге рухани азық болды. Мен ата-анаммен мақтанамын және рақмет айтамын, – дейді қызы Несібелі Жұмашева.
Бүгінде ардагердің артында 13 немере, 24 шөбересі өсіп-өніп отыр. Олар аталарының ерлігі мен еңбегін мақтанышпен айтып, ұрпақ жадында мәңгі сақтауға тырысуда.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығында ел есінде сақталуы тиіс ең үлкен құндылық – бейбіт өмірдің бағасы мен оны сыйлаған жандардың ерлігі. Сол жандардың бірі – Азен Жалтумаев. Ол майдан даласында жаумен күресіп, бейбіт өмірде ұлт болашағын тәрбиелеуге бар күшін жұмсаған нағыз халық қаһарманы еді.
Өмірін Отан қорғауға, кейін ел ұрпағын оқытуға арнаған Азен ағамыздың жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Оның адалдығы, еңбексүйгіштігі, отансүйгіш рухы – жас ұрпақтың бойына дарыған рухани мұра болып қала бермек.
Гүлмарал САҚТАПОВА









