Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер атына көше аты берілді

Майдангер атына көше аты берілді

Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыру және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін ұлықтау мақсатында жақында Шижаға елді мекеніндегі ең үлкен көшеге соғыс және еңбек ардагері Қайыпназар Амановтың есімі берілді.
Көшеге атау беру салтанатына ауыл тұрғындары, әкімшілік қызметкерлері, ел ағалары, Қ.Амановтың ұрпағы қатысып, майдангер туралы естеліктерімен бөлісті.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қайыпназар Аманов 1917 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Ол 1938 жылы Арал әскери комиссариаты арқылы СССР Қарулы күштері қатарына шақырылып, №227 кавалерия корпусының кіші командирлер дайындайтын курсына курсант болып қабылданады. Жасынан зерек, еңбекқор жан бір жылдан соң аталмыш әскери жаттығу курсын үздік бітіріп, сержант шенін алады. Сөйтіп 1939 жылдың шілде айында Мәскеу облысы, Руза ауданындағы Углынь селосында орналасқан №268 атқыштар полкінде бөлімше командирі ретінде әскери қызметін жалғастырады.
1940 жылдың шілдесі мен 1941 жылдың наурызы аралығында Ленинград түбінде орналасқан №91 атқыштар дивизиясының №503 полк қарамағында Фин соғысынан кейін дамыл алған жауынгерлік әскери қызметін бөлімшелерде жалғастыра береді. Әрине бұл кездері халықаралық жағдай, әсіресе Герман-Кеңес үкіметтерінің қарым-қатынасы ушығып, өз мәресіне жеткен болатын. Немістермен соғысу әбден мүмкін екендігіне көз жеткізген сол кездердегі Кеңес Армиясының командирлері әскери дайындықты күшейтуге кірісіп те кеткен болатын. Әсіресе дайындығы мықты, төзімді де батыл деген жауынгерлерді іріктеп, жау шабуыл жасай қалғанда, шешуші ұрыс жүргізетін арнайы әскери бөлімшелерді көптеп құра бастады. Денсаулығы мықты, рухани жағынан дайын, батылдығы өз алдына Қайыпназар атамызды командирлер 1941 жылдың наурыз айында, яғни соғысқа бар-жоғы екі айдан астам уақыт қалғанда №4 әскери әуе десанты бригадасына қабылдайды. Бұл әскери бөлімше сол заманғы Кеңестер армиясының маңдай алды "элитасы" болатын. Әуе десантына тек өте төзімді де ұтқыр жауынгерлерді мұқият тексеріп қабылдайтын болған.
Айтқандай-ақ, көп ұзамай Отан соғысы басталып, Қайыпназар атамыздың бөлімшесі алғашқы ұрысты Украина жеріндегі Конотоп қаласы маңында, сонан соң 1941 жылдың тамыз айында Черкасск ауданында немістердің Хайнс Гудериан басқарған танк армиясының шабуылына қарсы шығып, тең емес ұрыста ерлік көрсетеді.
1942 жылдың жазынан бастап №136 атқыштар дивизиясының №342 атқыштар полкі құрамында Сталинград шайқасында немістермен болған кескілескен ұрыста бөлімше басқарған старшина Қайыпназар Аманов немістердің бірнеше жойқын шабуылына төтеп беріп, 20 немістің көзін жойғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Осы ірі шайқастардан кейін атамыз бірінші Украина майданында 1943-1944 жылдары Украина, Беларусь жерлерін жаудан азат етуге қатысады. Әсіресе Киевті жаудан тазарту мен Борисполь, Дарница, Вышгород тәрізді көптеген елді мекен мен қалаларда қиян-кескі ұрыстардың бел ортасында жүреді.
1944 жылдың маусым айындағы немістермен болған жойқын әрі күшті қарсы шабуылына төтеп беріп, бірде-бір немісті алға бастырмағаны үшін Қайыпназар Аманов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Дегенмен жау оғы атамызға да тиіп, сол оқтан жарақат алып, 1944 жылдың соңына таман №5264 госпитальда емделіп, 1945 жылдың қаңтарында қайта ұрысқа түседі. Польша жеріндегі Модлин, Данцинг қаласын жаудан тазартқан соң, Берлинді азат ету шайқасына қатысады. Қайыпназар ата соғысты 1945 жылдың мамырында Прагада аяқтайды. Осы ерліктері үшін майдангер «Берлинді алғаны үшін» және «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен марапатталады.
Сұрапыл соғысты Жеңіспен аяқтап, аман-есен елге оралған соң еңбек майданына араласып, ауылдың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Халықтың ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтауда ақыл-кеңесін аямаған Қайыпназар ақсақал жары екеуі он бала тәрбиелеп, ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, халыққа адал қызмет етуге баулыды. Бүгінде ата-ана тәлімінен өнеге алған ұрпағы өсіп-өніп, ел дамуына үлесін қосуда.
Осынау ерін ұлықтаған маңызды шарада Нұраш Алманов, Айжарық Қосбармақов сынды ауыл ағалары абзал жанның өнегелі өмір жолынан естеліктер айтып, ер еңбегін елеген аудан, ауылдың атқарушы билік тарапына алғысын білдірді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғаған, бейбіт заманда аудан дамуына зор үлес қосқан майдангер Қайыпназар Амановтың атына көше берілуі өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттық сезімде тәрбиелеудің жарқын үлгісі болды.

К.Махсұт
20 қараша 2021 ж. 437 0