Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІНДЕГІ ЖАҢА ЕСІМ

ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІНДЕГІ ЖАҢА ЕСІМ

Адам жүрегінде бір тылсым күш болады. Ол – талпыныс. Сол талпыныс дұрыс бағыт алса, жай ғана ой – өмірге, арман – іске айналады. Аралдың тумасы, қос ұлдың анасы, нәзік жанды бола тұра ерекше кәсіп иесі Алтынай Сүйінтаеваның бүгінгі табысы да дәл осындай жүрек қалауынан, шынайы еңбектен бастау алған еді.Алтынай №83 мектепті тәмамдағанда, болашақта жиһаз өндірісімен айналысамын деп әсте ойлаған жоқ. Мамандығы мүлдем басқа еді. Бірақ оның табиғатында әсемдікке ұмтылу, үйлесімділікке ұқыптылық, әр детальға мән беру деген қасиет болатын. Үйді сәндеу, кеңістікті көркейту, бір бөлменің жанын ашатын жиһазды таңдау – Алтынай үшін әрдайым ерекше ләззат сыйлайтын іс. Уақыт өте келе сол қызығушылық арманының ояна бастағанын сездірді.
Тұрмысқа шығып, ұл-қыз тәрбиелеп, күнделікті тірліктің күйбеңімен жүрсе де, Алтынайдың көкейінде «бір істі бастасам» деген ой маза бермеді. Кәсіп бастауға жүрексінгенімен, қолынан келетінін сезді. Ал кейін «Жас кәсіпкер» жобасы аясында Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығынан 6% жеңілдетілген несие алып, өміріндегі жаңа кезеңді бастады.
Осылайша, көптен бері көкейінде жүрген ой іске асып, «Mebelpark» жиһаз өндірісі дүниеге келді. Алғашқы күндері ол цехқа кірген сайын жүрегі дүрсілдеп, жаңа өмірге қадам басқандай күй кешетін. Әрбір тақтай, құрал, жасалған жиһаз оның өз қолымен салынған болашағы секілді көрінді.
Бүгінде Алтынайдың шағын цехы өз алдына бір өндіріс ошағына айналған. Ол жерде үш адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тұрғындар тапсырыс беріп, үйіне сән беретін жиһаздың барлық түрін алады. Алтынай үшін әр бұйым – өз қолтаңбасымен жасалған өнер туындысы. Жұмысындағы әсемдік пен ыңғайлылықты үндестіре білу – оған шабыт, ал тапсырыс берушілердің ризашылығы – оның кәсібіне дем беретін күш.
Алтынай алда үлкен жоспарлар құрып отыр.
– Өндірісті кеңейтіп, жаңа технология енгізгім келеді. Толық қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру, кәсіби мамандар дайындап, жаңа жұмыс орындарын ашу – алдағы мақсатымның бір парасы ғана. Қазақстан нарығында сапалы, стильді, қолжетімді жиһаз ұсынатын сенімді брендке айналуды армандаймын, – дейді кәсіпкер. Бұл нақты жоспар екенін оның ісінен, сөзі мен талпынысынан аңғаруға болады.
Осындай жастар – өлке тірегі. Бір адамның бастаған игі ісі ондаған отбасыға жұмыс, ал жүздеген адамға сапалы өнім сыйлайды. Алтынайдың табанды еңбегі – аудан жастарына үлгі, ал өз ісін ашуға ұмтылған қыз-келіншектерге жігер болатын жол.

Г.САҚТАПОВА
07 желтоқсан 2025 ж. 228 0