Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМҒА ҚАДАМ

ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМҒА ҚАДАМ

«Әлеуметтік әділдік – біздің мемлекеттік саясаттың өзегі. Халықтың қарыз жүгін жеңілдету – қоғамдағы тұрақтылық пен сенімнің негізгі факторы. Әр азамат өзін қаржылық қауіп-қатерге емес, дамуға бағытталған елдің мүшесі ретінде сезінуі тиіс»деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланатын мәселенің бірі– халықтың шамадан тыс қарыздануының салдарын нақты түсіндіріп бергендей. Қарыз жүктемесі адамның тұрмысын ғана емес, оның ертеңге деген сенімін әлсірететінін ескерген мемлекет бүгінде бұл түйткілді жүйелі түрде шешуге бағытталған «Қарызсыз қоғам» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама уақытша қолдау көрсетумен шектелмей, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, борыштық қысымды азайту, көлеңкелі кредиттеу жүйесін тежеу және қоғамда жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыру секілді ауқымды міндеттерді алға қойып отыр.Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жеке тұлғалардың жалпы несие көлемі 2025 жылы 38,7 триллионнан асып түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға өсім алып отыр. Оның ішінде бизнес несиесі 14,7 трлн құраса, халықтың несиесі 24 трлн теңгеге жеткен. Ал проблемалық несиелер 1,5 трлн теңге. Бұл – соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 
«Қарызсыз қоғам» бағдарламасы бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде кең көлемде енгізіліп, халықтың күнделікті өміріне едәуір жеңілдік беріп келеді. Ел бойынша қаржылық сауаттылыққа арналған тегін курстардың саны артты. Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алған, 60 мыңға жуық азамат арнайы тренингтерге қатысқан. Қарызын қайта құрылымдау немесе төлемін жеңілдету қажеттілігі бар тұрғындарға түрлі деңгейде мамандар кеңес беріп, олардың жағдайына қарай жеке жоспар дайындауда. Бірқатар банк пен микроқаржы ұйымдары әлеуметтік топтарға жеңілдіктер ұсынып, 42 мың азаматтың өсімпұлы мен айыппұлының белгілі бөлігі кешірілген. Сонымен қатар заңсыз онлайн-қарыздарды ұсынып келген көлеңкелі платформалар анықталып, олардың қызметін тоқтату бағытында нақты шаралар қабылданды. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың қаржылық тұрақтылығын арттырып, қарызға тәуелділігін азайтуға бағытталуда.
Еліміз бойынша атқарылып жатқан осы кешенді шаралардың нәтижесін Сыр өңірі айқын көрсетіп отыр. Облыста «Қарызсыз қоғам» бастамасына алғашқылардың бірі болып белсенді кірісіп, халықпен бетпе-бет жұмыс жүргізуді жүйелі жолға қойды. Олардың ішінде әлеуметтік осал топ өкілдері – көпбалалы аналар, жұмыссыздар, жастар және зейнеткерлер ерекше басымдыққа ие.
Атап өту керек, биыл жобаның ерекшелігі оқу курстарына банктер мен микроқаржы ұйымдары алдында 90 күннен астам берешегі бар азаматтар қатыстырылып отыр.Және облыс бойынша 23 мыңға жуық азаматтың сауаттылығын арттыру көзделсе, бүгінгі күнге олардың 70 пайызынан астамына мамандар тарапынан нақты кеңестер мен көмектер көрсетілген.
 
Ұйымдастырылған кездесулер барысында да азаматтар өздерін толғандырған барлық сауалдарына мамандардан тегін, тиісті кеңестерін алып, негізгі шарттармен таныса алады.
Арал ауданы да аталған бағдарлама аясында елеулі нәтижелер көрсетіп отыр. Теңізді өлке халқы үшін қаржылық мәселелер, әсіресе онлайн-қарыздар мен күтпеген микрокредиттердің салдарынан жиі туындайды. Осыны ескерген жауапты мекемелер ауданда ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, арнайы кездесулерді ауылдарда жиі өткізуде.
Елде жүргізіліп жатқан осы жұмыстың идеологиялық тұрғыдан нығаюына қоғам белсенділері мен сарапшылардың пікірі де ықпал етіп келеді. Солардың ішінде Мәжіліс депутаты, қаржылық мәдениетті насихаттап жүрген Дәулет Мұқаевтың көзқарасы халық арасында ерекше қолдау тапты. Оның пікірінше, қарыз мәселесін тек материалдық тұрғыдан шешу жеткіліксіз, ең бастысы – халықтың ойлау жүйесін өзгерту. Депутат бұл орайда: «Біз азаматты қарыздан босату арқылы қоғамды босатамыз. Қаржылық еркіндігі бар адамның өмірге деген сенімі артады. Сондықтан «Қарызсыз қоғам»– уақытша көмек емес, тұтас ұлттың болашағына бағытталған стратегиялық қадам» деп атап өткен болатын. Оның бастамасымен көптеген өңірлерде тегін онлайн сабақтар, кеңес беру жобалары ұйымдастырылып, мыңдаған адам қаржы басқарудың жаңа әдістерін меңгерді.
Осындай жүйелі жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын нақты жақсартуға бағытталған. Халықтың қарыз жүктемесінің жеңілдеуі тек қаржылық емес, психологиялық жеңілдік те әкеледі. Қарыздан құтылған отбасының тынысы кеңейіп, тұрмыс сапасы артады. Қоғамдағы алаңдаушылық азайып, сенім күшейеді. Мемлекет үшін де, халық үшін де ең құндысы – осы. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы уақыттың талабы ғана емес, ел ертеңінің жауапкершілігіне айналған маңызды бастама болып қала береді.

Г.САҚТАПОВА
 
 
09 желтоқсан 2025 ж. 109 0