Ең үздік 100 мектеп: Аралдағы білім керуені
1960 жылы бой көтеріп, 1970 жылдан бері мектеп ретінде жұмыс істеп келе жатқан Арал қаласындағы №220 орта мектеп бүгінгі таңда апатты жағдайдағы ғимарат санатына енген. Бірақ дәл осы қабырғалар арасында 1192 шәкірт білім іздеп, 118 педагог барын салып еңбек етіп жатыр. Олар күнделікті сабаққа асығып келеді. Өйткені бұл мектеп – олар үшін тек білім орны емес, тағдыр жолын айқындайтын үлкен мекен. Бүгінде Әліби Әбілбаев басшылық жасайтын мектеп ауданның білім бәсекесінде көш ілгері.2024-2025 оқу жылы бойынша №220 мектеп «Қазақстанның үздік 100 мектебі» қатарына енді. Апатты ғимаратта жұмыс істеп тұрған мектеп үшін бұл – теңдессіз жеңіс. Түлеп ұшқан шәкірттері ел мүддесі жолында еңбек етіп, ел мерейін әлемдік додаларда танытып жүргендігі де мектептің мақтанышы. Биылғы жылы ҰБТ нәтижесінде мектеп түлегі 137 балл жинап, ел бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Еркеназ Мәдиқызы IELTS емтиханынан 8.0 балл алып, тілі мен білімін әлемдік деңгейде дәлелдеді.– Республикалық пәндік олимпиадаларда мектептің аты жыл сайын аталады. Биология пәні бойынша Нұрсұлтан Рысқалиев 3-орын, тарихтанДиляра Нысаналы 3-орын, Нұрсезім Бақыт 2-орын,Бахтияр Қазыбайұлы 3-орын, қазақ тілі мен әдебиетінен Азиза Танатарова 2-орын иеленді. Ал 3 «В» сынып оқушысы Асылай Әбілбай 2024 жылы өткен «Зерде» байқауында «Саздың саналуан сыры» еңбегімен республикадан 3-орынды жеңіп алып, мектеп атын тағы бір мәрте биікке көтерді.Бұл біздің мұғалімдердің қажырлы еңбегінің жемісі, – дейді мектеп директоры Әліби Әбілбаев.
Шәкіртіне білім нәрін сеуіп, биікке жетелеп жүрген мұғалімдердің де бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.
Абиқадыр Абдижалелов республикалық «Математикалық регатаның» жүлдегері, Нұрталап Қанатов өңірлік химия форумында ІІІ орын,Мұхтар Зейнуллаев республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінде» ІІ орын,мектеп директоры Ә.Әбілбаев «DIREKTOR CUP» республикалық дебат турнирінде ІІІ орын иегері.
Руханият көшін бастап келе жатқан аталған мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұру да жақсы жолға қойылған. Мұндай басқосулар шәкірттердің білімін тереңдете түседі. Жуырда мектептің қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Артық білім – кітапта» атты әдеби фестивалына Астана қаласынан “OYORDA” қауымдастығының мүшелері Бүркітбай Жансұлтан Ғизатұлы, Нарен Мардан, Сәрсембаева Арайлым, Боханова Дана Дәуренқызы арнайы қонақ болып келді. Олар ойлы оқырман оқушылар қауымына 222 дана әдеби кітап пен кітап сөресін сыйға тарту етті.
Мұнан соң игілікті шара «Артық білім – кітапта» апталығы аясында әдеби кездесу кешімен жалғасты. Бұл шараның басты мақсаты –оқушыларды әдебиет пен журналистика әлеміне жақындату, шығармашылық тұлғалармен жүздесуге мүмкіндік беру. Кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, күйші-сазгерЖұмабай Жақып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, сатирик, «Арал әлемі» газетінің бас редакторы Ерғали Абдулла, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Толқын» газетінің бас редакторы, «Сыр үміті» сыйлығының иегері, ақын Айдар Сайлауов қонақ ретінде қатысты. Бұл кездесу – оқушыларға үшін шабыт пен серпін сыйлаған, нағыз рухани азыққа толы тағылымды кеш болды.
Бұл мектеп – қазақ білімінің шыңына қарапайым мұғалім мен қарапайым бала да шыға алатынын дәлелдеді. Ешқандай жайлы кабинет те, кең спорт залы да, үлкен кітапхана да жоқ. Бірақ олардың бойында тілек бар, талпыныс бар, табанды еңбек бар. Бір қарасаңыз, бұл – адам сенгісіз көрініс.
апатты күйдегі мектеп – елдегі ең үздік 100 мектептің бірі.
Бұл – қайсарлықтың, рухтың, нағыз ұстаздықтың жеңісі.
Жүздеген баланың күніне бірнеше рет қауіпті кабинеттерден өтіп, әр тербелген төбеге алаңдап жүргені – жай сөз емес, шындық. Мектеп – тек білім орны емес, елдің ертеңі, ұлттың негізі. Ендеше, осы ертеңімізге лайық жаңа мектеп салу – бүгінгі ұрпақ алдындағы үлкен міндет.
№220 мектепке жаңа ғимарат – тек қажет емес, қажеттіліктен де жоғары – міндет.
Н.МАРАТ










