Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу жылы жемісті болды

Оқу жылы жемісті болды

ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Қарапайым оқушыға лекция оқып, тапсырма берумен заманауи мұғалімнің ісі бітпейді. Ол білімді де білікті, тәрбиелі азамат өсірудің жолын қарастыруы керек. Осы тұрғыда ұстаздарға артылған міндет өзгеше. Бәріміз білетіндей өткен аптада мектеп түлектерінің 11 жылдық біліміне сараптама жасайтын Ұлттық Бірыңғай тестілеу аяқталған болатын. Бүгінгі тақырыбымыздың арқауы биылғы жылдың білім саласындағы қорытындысы болмақ.
Аудандағы жалпы 48 орта білім беретін мектепте үстіміздегі оқу жылында барлығы 17424 оқушы (№2 Облыстық Мамандандырылған мектеп-лицей интернатын қосқанда 17590 оқушы) қамтылған болатын. Оларға 2602 педагог-маман сабақ береді. Оның ішінде мұғалімдердің біліктілігіне қарай шебер, зерттеуші, сарапшыжәне модератор лауазымын алғандар үлесі 67 пайызды құрап отыр.Аудан мектептеріндегі орын тапшылығын жою мақсатында биылғы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2 мектеп құрылысы басталып, келер оқу жылында пайдалануға берілсе, алдағы жылы аталмыш жоба аясында тағы 2 мектеп салынып, оқушыларзаманауи білім нысанында дәріс алады деп жоспарлануда. Және тағы бір жақсы жаңалық, Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан №21 орта мектебінің орын тапшылығын жою мақсатында 100 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталды.
Мемлекет басшысының мектептерді толық жарақтандыру тапсырмасына сәйкес және балаларды қауіпсіз әрі жайлы тасымалмен қамтумақсатында қаладағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясына, №220 орта мектебіне және Аманөткел елді мекеніндегі №73 орта мектепкеавтобус пайдалануға берілді.
Сонымен қатар бүгінде мектептер толықтай ғаламтор желісімен қамтылып отыр десекте болады. Бұл – заман талабы. Осы ретте биылғы жылы интернетжылдамдығын 20 мбит/сек-тен төмендетпеу шаралары атқарылды.Және балалардың білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздігін қамтамасызету оқушылардың түрлі келеңсіздікке тап болуының алдын алады. Осыорайда ауданның барлық білім беру мекемелері ішкі және сыртқыбейнебақылау камераларымен толықтай қамтамасыз етілген.
Ендігі жерде білім белестеріне тоқталсақ, биылғы оқу жылындааудан бойынша 942 оқушы мектеп түлегі атанды. Оның ішінде,Алтын белгіге 35 оқушы, 11-сыныптың үздік аттестатына 57 оқушы, 9-сыныптың үздік аттестат иегерлігіне 151 оқушы ұсынылып, білім нәтижелерін үздік көрсетіп шықты.
675 оқушы Ұлттық Бірыңғай тестілеу сынағын тапсырып отыр. Бұл жалпы мектеп бітіруші түлектердің 72%-ын құрайды. Шығармашылық бағытын таңдаған оқушылардың нәтижесін есептегенде орташа балл 75 болса, нақты таңдау пәні бойынша 84-ті құрап отыр.138 оқушы 100 балдан жоғары ұпай жинаса, аудан бойынша ең жоғарғы 132 балды Сексеуіл кентіндегі №283 мектептің түлегі Ашықбаева Аяжан Асылбекқызы алып, мектеп мерейін үстем етіп отыр.
Бүгінде бәсекеге қабілетті шәкірт даярлау ұстаздардың біліктілігіне артылған сын десек те болады. Ал түлеп шықққан мектептерінің абыройын асқақтатып, білім көрсеткішін жоғары деңгейде ақтап шығатын оқушылардың көбеюі аудандағы білім сапасының жоғары екенін айшықтайды. Оқушы мен ұстаз арасындағы байланыс сақталып, тәрбиемен қатар берілген білім ел дамуының негізгі капиталы екені рас. Сондықтан қай кезде де болмасын, мектеп-отбасы-қоғам үштағаны мемлекеттің басты назарында.
Гүлмарал САҚТАПОВА
15 шілде 2024 ж. 139 0