Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім беру саласының қазіргі белесі

Білім беру саласының қазіргі белесі

Білім беру саласы – ауданның айнымас маңызды салаларының бірі. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатумен қатар, тәрбие дәнін сеуіп жүрген мұғалімдер де жыл сайын жаңа белестерді бағындырып, өздерінің білім білігін республикалық деңгейде танытып келеді. Аудан мерейін асқақтатқан абыройлы мамандар әркез көпке үлгі. Бүгін біз білім беру саласының өткен жылғы жетістіктері мен жаңалықтарын қорытындылайтын боламыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер мерейін көтеруді әркез назарға алып келеді. «Педогог мәртебесі» заңының шығуы осының басты дәлелі болса, ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген жандардың еңбекақысын жылма-жыл еселеп көтеру олардың өз сүйікті ісімен алаңсыз айналысуына мүмкіндік жасап отыр. Өткен жылы білім саласын дамыту бойынша Президент жүктеген міндеттерін орындау бойынша Арал ауданында ілкімді істер атқарылып, алдағы жұмыс жоспары айқындалды. Жалпы алып қарайтын болсақ, ауданда 61 мектепке дейінгі ұйым, 48 жалпы білім беретін мекеме жұмыс істейді.
Балаларды балабақшамен қамту
Ауданы бойынша мектепкедейінгі білім беретін 61 ұйымда 4332 бүлдіршін тәрбиеленуде. Аудандық білім бөлімі мамандарының ақпаратына сүйенсек, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту - 93,5 пайызды құрайды. Ал 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен толықтай қамтылған. Оларды625 педагог тәрбиелеп, жұмыс істейді.
Соңғы 3 жылда жекеменшік балабақшалар желісі 12 бірлікке өскен. Биылдың өзінде Жіңішкеқұм ауылынан 25 орындық «Еркесұлу» жеке бөбекжай-бақшасы,Қамыстыбас ауылынан 130 орындық «Жансая» жеке бөбекжай-бақшасы пайдалануға берілген.
Инклюзивті білім беру
18 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның барлығы логопедиялық кабинет жабдықтарымен қамтамасыз етілді.13 балабақшада арнайы логопед маманы жұмыс жасайды.Балабақшалар бойынша логопедиялық пунктте 100 бала қамтылып отыр.Аудандағы 39 білім беру мекемесінде 429 бала инклюзивті біліммен қамтылған. Ал 29 мектепте арнайы инклюзивті қолдау кабинеттері мен 1 мектептен инклюзивті ресурстық орталық ашылып, арнайы құралдармен жабдықталды.
Арал қаласындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 15 балаға коррекциялық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар 30 мектепте арнайы 38 маман ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен жұмыс жасайды. Айта кетейік, биыл ерекше білім беруді қажет ететін 42 оқушы бюджет есебінен арнайы оқулықтармен қамтамасыз етілген.
Жалпы білім беру
Аудандағы 48 жалпы орта білім беретін мектепке үстіміздегі оқу жылының басында 17649 оқушы қамтылған. Оларға 2602 педагог маман дәріс береді. Оның ішінде, біліктілігіне қарай шебер, зерттеуші, сарапшы және модератор лауазымын алған ұстаздар үлесі 67 пайызды құрайды.
Аудан мектептеріндегі орын тапшылығын жою мақсатында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2 мектеп құрылысы басталды.Келер жылы аталмыш жоба аясында тағы 2 мектеп салынып, оқушылар заманауи нысанда білім алатын болады. Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан №21 орта мектебінің орын тапшылығын жою мақсатында 100 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталды.
Соңғы 3 жыл ішінде аудан бойынша мемлекеттік тапсырыс есебінен 1579 педагог маман біліктілік арттыру курсынан өтті. 2024 жылы657 педагогті біліктілік арттыру курсымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.Биыл білім саласына бөлінген қаражат мектептерді модернизациялауға, бейнебақылау, дабыл қондырғыларымен жабдықтауға, жылу маусымының дайындық шараларын жүргізуге, ғимараттарды ұстап тұру шығындары мен мектептерді жетіспейтін оқулықтармен, әдеби кітаптармен қамтуға жұмсалған көрінеді.
Қазіргі таңда балалардың экологиялық мәдениетін дамыту мақсатында Арал қаласындағы 5 мектепте жылыжай орнатылған. Облыс әкімінің «Үздік білім беру ұйымы» конкурсы арқылы бөлінген 34 млн. сыйақысының есебінен Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясына жылыжай салуға қажетті қаражат алынып, қазіргі таңда жылыжайда өсіру, күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, алғашқы өнімдер алынып, мектеп асханасында балаларға берілуде.
Енді мектептердің оқулықпен қамтылу жайына тоқталар болсақ. Оқушы мен ұстаз үшін оқулық анымас құрал екендігі айтпаса да белгілі. 2023-2024 оқу жылында 1-11 сынып аралығына жетіспейтін оқулықтар мен электрондық оқулықтар және көркем әдебиеттер алуға қажетті қаражат бөлініп, барлық мектепке толық таратылды.
Биыл аудан бойынша 7 білім ошағы жаңғырту бағдарламасына енгізілді.Аудандағы мектептерде 44 спортзал, 77 жаңа үлгідегі пән кабинеттері болса, 45 мектепте лицензияланған медициналық кабинеттер, 44 мектепте асхана жұмыс істейді.
Мектептерді жарақтандыру
Қазіргі таңда білім беру саласы заман ілгері басқан сайын заманауи технологиялармен қамтылуды қажет етіп келеді. Өмір сүріп отырған кезеңнің талабына сай білім беру ұйымдарын жабдықтандыру да күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы 6 мектепті пәндік кабинеттермен жабдықтауға қаржы бөлініп, 4 мектепке химия және биология кабинеті, 2 мектепке физика кабинеті орнатылған көрінеді.
Мемлекет басшысының мектептерді толық жарақтандыру тапсырмасына сәйкес және балаларды қауіпсіз әрі жайлы тасымалмен қамту мақсатында қаладағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы, №220 орта мектебіне және Аманөткел елді мекеніндегі №73 орта мектепке автобус пайдалануға берілді.
Бүгінде мектептер толықтай интернет желісімен қамтылып отыр десек те болады. Бұл заман талабы. Осы ретте биылғы жылы интернет жылдамдығын 20 мбит/сек-тен төмендетпеу шаралары қолға алынуда.
Және балалардың білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету оқушылардың түрлі келеңсіздікке тап болуының алдын алады. Осы орайда ауданның барлық білім беру мекемелері ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларымен толықтай қамтамасыз етілген.
Биылғы оқу жылында 1-4 сыныпта білім алатын 6741 оқушы және аз қамтылған отбасынан шыққан 4829 бала ыстық тамақпен қамтылған. Буфеттік тағам 4 мектепте үйлестірілді.
Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмыстары
Ауданның білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы бірыңғай тәрбие бағдарламасына негізделіп жүргізілуде. Мектеп жасындағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, қылмысқа итермелеу және жыныстық қолсұғушылық пен буллинг, суицид оқиғаларының алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімімен бірлескен профилактикалық іс-шара жоспары жасалып, түнгі рейд жұмыстары жолға қойылынып отыр.
Балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін мектептерде пәндік, көркемдік-эстетикалық және спорттық үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Бұл үйірме жұмыстарына 16980 бала тартылып отыр.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға төленетін жәрдемақы уақытылы төленуі қадағалануда. Өткен жылыүй кезегінде тұрған 20 балаға тұрғынүй берілді.
Білім белесін бағындырған
Өткен оқу жылында 11 сынып бойынша 926 түлек бітіріп, Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге 727 оқушы қатысты. Орташа балл - 82-ні құраған болса, 100 және одан жоғары балл жинаған бітірушілер саны-152-ге жетті. Мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсырған 608 оқушының 516-сы ЖОО-ның грант иегері атанды. Ең жоғары 137 баллды Арал қаласындағы №220 орта мектебінің оқушысы Нұрсұлтан Рысқалиев иеленіп, Республика бойынша үздік үштікке енгендігін мақтанышпен айтуымыз керек.
Сондай-ақ, өткен жылы мектеп бітірген түлектердің арасында шетелдік оқу орнынан түскендер де бар. Олардың біреуі грант негізінде, ал екеуі ақылы негізде шетелдік оқуға мүмкіндік алды. Мемлекеттік грантты еншілей алмаған 158 бітірушіеліміздегі ЖОО-ына ақылы тұрғыда, 231-і арнаулы оқу орындарына қабылданды.
Аудандық оқушылар үйінде 9 бағыт бойынша жұмыс жүргізетін 20 үйірмеге 1185 оқушы, Өнер мектебіндегі 9 мамандық бағыты бойынша үйірмелерге 294 оқушы қамтылған.
Балалардың заманауи техниканы игерудің, пәннің ғылыми-жаратылыстану бағытындағы сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында «ІТ-орталық», «Көлік айдау және жөндеу шеберханалары», «Астронавтика», «Неотехнология» клубтарын ашу жоспарлануда.
Мәртебесі асқан мұғалім
Педагогтардың қоғамдағы мәртебесін көтерудің негізі– олардың түрлі конкурстардағы және шәкірттерінің білім додаларындағы жеткен жетістіктері екені даусыз. Биыл аудан ұстаздары мен оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен білім бәйгелеріне қатысып үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, 17 педагог облыстық кәсіби байқауларға қатысып, І орын, ІІ орын, ІІІ орын иегері атанса, облыстық олимпиадаға қатысып оқушылардың 12-сі жүлделі орындардан көрініп, 4 шәкірт республикалық кезеңнің Алғыс хатына ие болған. Ал Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының ХІІІ Халықаралық конкурсына қатысқан №14 мектеп-лицейінің оқушысы Әсел Жеңіс ІІ орын еншілеген.
Жыл сайын өткізілетін, мұғалімдердің мерекесіне айналған дәстүрлі «Үздік педагог – 2023» Республикалық байқауынан №14 мектеп лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Қонарова жеңімпаз атанып, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан «Үздік педагог – 2023» төсбелгісімен қатар, 3 450 000 тг сыйақы қаржы иеленді.
Айта кету керек,мұғалімдердің үздіксіз ізденісінің, кәсіби біліктілігін арттыруының нәтижесінде қазір қала мен ауыл мектептеріндегі алшақтық едәуір азайып отыр. Спорттық сайыстар мен ғылыми жобалар конкурстарынан да жүлделі орын алып, аудан абыройын асқақтатқан мұғалімдер мен оқушылар қатары аз емес.
Әрине, барлығына бір мезетте қол жеткізу мүмкін емес. Дегенмен Мемлекет басшысының, облыс пен аудан әкімінің тікелей қолдауының нәтиждесінде олқылықтардың орны кезеңімен толықтырылып жан-жақты білім алуға, мұғалімдер әлеуетін көтеруге жағдай жасалуда.
Білімді ұрпақ мемлекеттің келешегі, Ұлтты ұлы істерге бастайтын, еліміздің туын көкте желбітететін де бүгінгі жеткіншек екендігі жақсы белгілі. Ендеше оларға жақсы білім алып, мектеп қабырғасында-ақ өздерінің сүйікті ісімен айналысып, болашақ өмір жолының тетігін қарастыру үшін жағдай туғызылып келеді. Бұл тұста аралдық шәкірттерге де оңтайлы жағдай жасалып жатқандығын айтуымыз керек. Ізденімпаз мұғалім мен талабы таудай шәкірттер мерейімізді өсіріп, мәртебемізді көтеріп-ақ жүр. Бұл да білім саласының бірізді жұмысының нәтижесі деуге болады.


Фото: аудандық білім бөлімі 
08 қаңтар 2024 ж. 269 0