Теория мен практиканы ұштастырған ұжым
Еңбек адамы ұғымы кең мағынада қолданылатын ұғым. Бұл белгілі бір саланың, кәсіптің немесе өнердің дамуына жанын салып, адал еңбегімен үлес қосатын адамдарды сипаттайды. Ең алдымен, таза, адал жұмыс істейтін, өз еңбегін маңдай терімен табатын кісі ретінде санамызда суреттеледі.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсібилік пен еңбекқорлықтың маңыздылығын ылғи ерекше атап өтіп, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекқор адамның қадір-қасиеті жоғары екенін және еліміздің дамуы үшін еңбекқор және кәсіби мамандар қоғамдағы ең жоғары деңгейде бағалануы керек екенін айтқан болатын. Сондай-ақ еңбек адамдары елді гүлдендіріп, өркендететін күш екенін де баса айта жүреді.
Ал санаулы күндерден кейін тарих қойнауына аттанғалы отырған 2025 жыл жұмысшы мамандардың беделін көтеріп, маңыздылығын айшықтап берген жыл ретінде есте қалды. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деп айтқан Мемлекет басшысының басты мақсаты толықтай орындалды десек болады. Бұл тек бір ғана жылдың көлеміндегі жұмыс емес екеніне де көз жетті. Қолдау жасалды және ары қарай бағыты айқындалып, бағдары қалыптасты.
Міне, осындай елдің дамуына ерекше ықпал ететін кәсіп иелерінің бірі – электр мамандары. Қарапайым ғана күнделікті қажеттіліктерден бастап ауқымды құрылыс, өркендеген өндіріс ошақтарына дейін электр мамандарының қызметіне зәру. Ең қауіпті әрі жауапты жұмыс иелеріне деген құрмет болса керек, 22 желтоқсан – энергетиктер күні етіп арнайы бекітілген.
Бұл күн осы саланың мамандарын даярлау жолында еңбек етіп келе жатқан біздің білім ошағында әр жыл сайын өз деңгейінде аталып өтеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Жұмысшы мамандар жылында электр жабдықтарымен желілері бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Өмір өзегі – электр энергиясы» атты апталық ауқымды шараларды қамтыды. Солардың бірі студенттердің теориялық және практикалық білімін ұштастырып, одан әрі дамыту масатында өткен кездесу кеші. Арал көпсалалы колледждің шәкірттері мен аудандық арал электр торабы мамандары арасында кездесу өтті. Бірлестік мүшелері және арнайы пән оқытушылары Р.Ешмұратова, өндірістік оқу шебері М.Қаюпов, Н.Ожанов, Р.Үсеновтің бастамасымен жүзеге асқан шара колледж студенттеріне жасалған тағы бір қолдау десек болады. Мұнда білім алушылар осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, ыстығы мен суығына қанық жандардың тәжірибесінен үйренері көп болды. Саланың түрлі қиындығы мен қыр-сырын тереңірек меңгеріп, өз болашақтарына тағы бір қадам жасады десек артық емес.
Иә, балаға тек теориялық білім аздық етеді. Оқыған, түйгенін іс жүзінде көріп, оны жүзеге асыра білген жас қана сол саланың майталманына айналарына сенім мол.
Р.ЖАЙМАҚОВА,
Арал көпсалалы колледжі директордың
оқу-ісі жөніндегі орынбасары










