Президент пайымы. Саяси салмақ. Стратегиялық ой
Саяси үдерістер жеделдеп, жаһандық тұрақсыздық күшейген тұста мемлекет басшыларының әр сөзі бүтін ұлт үшін бағыт-бағдарға айналатыны хақ. Осынау кезеңде Республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты кезекті ақпараттық оқиға ретінде қабылданбайды, елдің бүгінгі ахуалы мен ертеңгі бағытын нақты айқындайтын саяси манифест іспетті қабылданады. Мемлекет басшысы сүбелі сұхбатта өткенге есеп беріп ғана қоймай, алда тұрған сын-қатерлерге жауап іздеді, қоғамға нық ой тастады, сондай-ақ мүдірмей мемлекеттің стратегиялық ұстанымын ашық жариялады деуге толық негіз бар.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген ауқымды сұхбатында елдің 2026 жылға арналған даму стратегиясы мен басты басымдықтарын нақты әрі тұжырымды түрде баяндады.
Мемлекет басшысы 2026 жылды Қазақстанның жаңғыруы мен реформалардың жаңа кезеңі ретінде атады. Елде үлкен өзгерістерге жол ашылғанын, ал халық пен қоғамның сол өзгерістерге дайын екенін атап өтті. Бұл жаңа кезеңде реформалар тұрақты әрі біржақты жүргізілетінін, сонымен қатар модернизацияның қайтарымсыз үрдіске айналатынын Президент ерекше алға тартты.
Тоқаевтың сөзіне сүйенсек, бұл жыл цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жылы ретінде жарияланды. Бұл елдің ХХІ ғасырдың технологиялық үрдістеріне толықтай енуге ниетті екенін айқын көрсетеді.
Президент Тоқаевтың сұхбатында айтылған ең басты мәселелердің бірі – Қазақстанның «орташа табыстар қақпасына» іліккені туралы сөз болды. Бұл – елдің қаржылық көрсеткіштері мен экономикалық даму деңгейінің белгіленген межеден әрі аса алмай отырғаны.
Президент бұл жағдайды жәй ғана статистикалық факт ретінде айтпай, қауіп ретінде қарастыруды талап ететін мәселе ретінде атап өтті. Халықаралық сарапшылар да дәл осыны дұрыс бағалап отыр, деді ол.
Сыртқы саясат жөнінде Президент Тоқаев Қазақстанның халықаралық дау-дамайларда араағайын болмайтынын және бейбіт, теңқұқықты дипломатиялық саясатты ұстанатынын ашық айтты. Ел Еуразияның орталығында орналасқандықтан, түрлі үдерістерден тыс қалмауы тиіс, бірақ соғыс пен қақтығысқа араласуға ниеті жоқ екенін де нақты жеткізді.
Президент Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты – бұл елдің қазіргі жағдайы мен болашақтағы даму векторы туралы ашық әрі жан-жақты көрініс деп қорытындыласақ болады. Онда экономикалық реформалар, модернизация, халықаралық саясат және инфрақұрылымдық даму сияқты бес бағыт стратегиялық басымдық ретінде айқын көрсетілді.
Бұл сұхбат Қазақстанның келешекке нақты бағдар ұстап отырғанын, қоғам мен мемлекет арасында диалог орнатуға дайын екенін көрсетеді. Сонымен бірге Президенттің әрбір бағытты жеке-жеке ашып, нақты мақсаттар қоюы елдің даму стратегиясының айқын екендігін дәлелдейді.
Абай ЕЛЕШ










