Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүйкесі сыр бергендерді қоғамға бейімдеген жандар

Жүйкесі сыр бергендерді қоғамға бейімдеген жандар

Қалам ұшымен көп нәрсені қаузадық. Талай тарау-тарау тақырыпты тарқаттық. «Өтірікшінің куәсі қасында» демеңіз. Мұның бәрін сарғайған газет тігіндісінен көрген, жадыға түйген патша көңілді оқырман жақсы біледі. Осы кезге дейін ұстаздарды ұлықтадық, дәрігерлерді дәріптедік, кәсіпкерлерді қадірледік, малшыларды мақтаныш еттік, спорт саңылақтарын сан қырынан таныттық.
Иә, дәл солай жасадық. Күнгей мен көлеңкені ажырату жолындағы кәсіби қызмет барысында ұдайы жақсылықтың жаршысы атанып, қандай саланың болмасын көкжиегін кеңейте беруге күш салғанымыз анық. Аудан орталығының шығыс беткейінде орналасқан Арал аудандық психоневрология диспансеріне аялдадым. Тілшілер қосынындағы еңбек өтілімде арнайылап, аталмыш мекемеге бас сұқпаған екенмін. Көбіне біздер денсаулық саласы төңірегінде жиі сөз қозғағанымызбен, бұл мекеме туралы әңгіме өрбітпегенім өзіме мәлім.
Бұрынғы қанша жанға қуаныш сыйлаған перзентхана ғимараты. Іргесі мығым нысанның мұрты шағылмаған. Сұлбасы сол күйі болғанымен, жұмыс жүйесі басқаша бағытқа ауысқан. Яғни, енді бұл жерде ер азамат бөркін аспанға атып, перзентті болдым деп сүйінші сұрамайды. Жаңа түскен келін тұңғыш ана атанып, тілеулестерін шаттандырмайды. "Елі жылда ел жаңа" дегендей, аралдықтардың тең жартысының кіндігі кесілген перзентхана бүгінгі күні жаңадан салынған  орталық ауруханадан ойып тұрып орын алған. 
Бөлімше меңгерушісі Қаршыға Жүсіпов тілші келді деп тіксінбеді, жылы жүзбен қарсы алды. Кәсіби маман Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын шалғайдағы Ақбасты ауылының дәрігері болып бастаған екен. Көргені де, түйгені де мол жанның кісілік болмысы салғаннан-ақ байқалады. Сүт пісірім уақытқа жалғасқан әңгіме барысында көп нәрсе баяндалды. Қызметтік баспалдақ 1998 жылы аталмыш орталыққа әкелгенін айтқан ол, ұзақ жыл дәрігер-ординаторы болғанын тілге тиек етіп, 2016 жылдан бастап, осы диспансер меңгерушісі ретінде жұмыс атқарып жатқанын алға тартты.
Осы кезге дейінгі 40 орындық психоневрология диспансері Арал, Қазалы аудандарына ортақ 60 орындық төсекке шақталып ашылғанын айтқан Қаршыға Жүсіпов осында жүйкесі сыр бергендерді емдеп, қоғамға қайта бейімдеуге күш салатындарын жеткізді.
Артынша, дәрігер әріптестерінің қажырлы еңбегін назардан тыс қалдырмады. Науқастардың сауығып кетуіне күндіз-түні бір тынбай еңбек ететін емдеуші дәрігер Айнагүл Сералиева мен емхананың аймақтық дәрігері Баян Жүсіпова, Айнұр Ыдырыс, аға мейіргері Серік Қожабаев, Зейнегүл Оспанова, Сәнім Жайсаңбаева, Рыскүл Қабақова, Жанар Алмашова, Райза Жиенбаева сынды антына адал ақ халаттылар қамыққанның жанынан табылып, жабыққанның жүрегіне үміт отын маздатып келеді.
Әркімнің тағдыры пешенесіне жазылады. Ешкім болашағының қалай боларын болжай алмайды. Бұл енді – өмір. Кеше ғана үлкен мақсат құрып, зор үмітпен күн кешкен жандар бүгінде естіген құлаққа ауыр тиетін психоневрология диспансер төсегінде таңылып жатыр. Орталық меңгерушісі өз кезегінде бір ерекше суретті көрсетті. Сол сәтте таң қалғанымды айтып жеткізе алмаймын. Құдды бір қылқалам шеберінің еңбегімен пара-пар. Нағыз тума таланттың қолынан шыққандай. Кескіндемесі бөлек, ойы ерек. Айтуынша, осында ем алып жатқан науқастың бірі Теңіз-анасын аңсай жүріп осынау құнды дүниені салып шығыпты.
Жандыдан да, жансыздан да сыр баққан өнер өкілі емеспін бе? Дереу таңданысымды жасырмай Қаршыға Жүсіповке автормен жолықтыруды өтіндім. Алайда, дерттің шырмауына іліккен беймәлім туынды иесі мезгілсіз келместің кемесіне мініп кетіпті. Бәлкім, дертімен арпалысып жүріп кенезесі кепкен теңіздің қайта оралуын армандаған да болар. Не болса да жүректегі тебіреніс пен сағыныш сол бір жұмбақ жанның өзімен бірге кетті...
Ақыл естің ауытқуы, жүйкенің сыр беруі бірден пайда болмасы белгілі. Тағдыр теперіші, күйзеліс, мазасыз ой осының бәрі-бәрі адам жанына әсерін тигізбей қоймайды. Оған қазіргі таңдағы күн кешіп жатқан экологиялық ахуалды да қосыңыз. Жоғарыда атап өткендей, жүйкесі сыр бергендерді қоғамға бейімдеген жандардың тынымсыз тірлігін, қалтқысыз қызметін көрдім. Арал ауданы бойынша есепте тұрған науқас саны 1016 адам екенін естігенде көңілің құлазиды. Өткен жылы орта есеппен 296 адам осы психоневрология диспансерінің көмегіне жүгініп, 302 адам сауығып, туғандарына оралған екен. Бұл – жүйелі жұмыстың жемісі, ісіне адал мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Жылқы жылының екінші аптасына иек арттық. Лайым, барша қазақ жұртының дені сау, жүздері жарқын болғай. Төтеден келген түрлі дерт пен ауру-сырқаудан аман болуын Тәңірден тілеп қайттық.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
13 қаңтар 2026 ж. 39 0