Еңбекпен өрілген өмір
Қай кезден де тіршілігі теңізбен, күнкөрісі балықпен тікелей байланысты Аралда бұл шаруаның шашуын шығармай, шыжымын тарқатқан азаматтар аз емес. Атакәсібіне баланған балықшылықты бағына талап, тау-тау толқынын тағына балап өскен өңірде балық өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтар аз емес. Уәйіс Қосымов, Мақсұтқали Демесінов, Сейілхан Айсауытов, Ералы Әкімов, Ұлбибі Балымбетова, Тілеген Қалиев, Тілеулес Жаппасбаев, Әбжан Жантекеев, Хамит Мұсағалиев, Құдайберген Саржанов, Жалғасбек Сәпиев, Бәйділдә Жиенбаев сияқты азаматтар бар күш-жігерін аямады. Кейінгі ұрпақ тағзым етіп, тәлім алатындардың қатарына Бегімбай Қосаев, Өтеп Өтеғұлов, Шымберген Сүйеубаев, Жетпісбай Байбосынов, Қали Құмаров, Маханбет Келімбетов, Әбжан Жантекеев, Қыстаубай Ембергенов, өзге де тізе берсек шегіне жете алмайтын тұлғалар қаншама.Міне, солардың қатарында Әділбек Әйімбетовтің де есімін ерекшелеп атап өтуге болады. Туған жердің табаны мен транын, шортаны мен сазанын шет елдерге шығарып, дәмін дүние жүзіне танытып отырған тұлғаның өзгеге ұқсамайтын, өзгермейтін өмірбаянын атап өтсек артық болмас.
Әдекең 1946 жылдың 13 қаңтарында Арал ауданы, Арал қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1963 жылы құрылыс саласында қарапайым жұмысшыдан бастаған ағамыз 1964-1965 жылдары Арал ауданы Жалаңаш елді мекеніндегі мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. 1969 жылы Мәскеу халық шаруашылығы институтын «Экономист» мамандығын және 1993 жылы Ресей басқару академиясын «Менеджер» мамандығы бойынша бітірген соң, 1969-1971 жылдары Алматы экономика ғылыми-зерттеу институтында инженер-экономист мамандығын алып шықты.
1971-1973 жылдары «Аралтұз» комбинатында лаборатория басшысы, комсомол комитетінің хатшысы, 1973-1976 жылдары «Қызылорда құрылысы» тресінде еңбек және жалақы бөлімінің басшысы, 1976-1985 жылдары Қызылорда қалалық, облыстық партия комитетінде өндірістік көлік, парткомиссия бөлімдерінің нұсқаушысы, экономика бөлімінің меңгерушісі, 1985-1988 жылдары «Аралтұз» комбинатының директоры, 1988-1991 жылдары Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1991-1997 жылдары «Арал балық» АҚ-ның президенті, 1997-1999 жылдары «Приозерск» балық зауытының директоры, одан кейін 2000-2010 жылдары «Қамыстыбас» балық питомнигінің директоры қызметтерін атқарды. Атқарды деу аздық етер. Абыроймен жүріп өтті. Өзі еңбек еткен қай салада болса да табыстың кілтін тапқан Әділбек Ізбасарұлы беделдің биігінен бір сәт аласарған емес. Керісінше ілгері бастырып, ілкімді жұмысымен дараланды. Қара жұмыстан басталған алғашқы қадам дана азаматқа, дара тұлғалыққа жетеледі.
Тамырында теңіздің толқыны, жүрегінде жасымайтын жігері бар азамат теңіздің тағдыры екіұдай күйге түсіп, балық шаруалығының кетеуі кеткен уақытта да бұл саладан күдерін үзбеді. Үмітін туған жерге байлап, кәсіпке бет бұрды. Міне, осылайша 2010 жылдан бері «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның директоры қызметін атқарып келеді. Сексен жастың сеңгіріне қадам басқан ақсақал 2021 жылдан бастап аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Өткен уақытты еске алған Әділбек ағамыз санаулы күндер бұрын ғана тарихқа аттанған 2025 жылы облыстық "Сыр бойы" газетінің тілшісіне сұқбат бере отырып:
– Өткен ғасырдың 90-жылдары атағы дүрілдеп тұрған «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінің бас директоры болдым. 1997 жылы Алматыға ауысып кеттім, 2000 жылдан бастап он жыл бойы Қамыстыбас питомнигінің директоры болдым.
Содан зейнетке шықтым. Зейнетке шығар алдында ойландым. «Көкарал» бөгеті салынып, Кіші теңіз, яғни Арал теңізінің солтүстік бөлігі пайда болды. Кіші теңіздің суы тұшығасын балықтың түр-түрі келді. Қазір су маржанының саны 22-ге жетті. Ауданда балық шаруашылығы қайтадан жандана бастады. Балық өңдейтін зауыт, цехтар салынды. Балық шаруашылығында тәжірибем болғасын соны елдің пайдасына жаратқым келді. Зейнетке шыққасын ермек болады деп бұрынғы балық комбинатының орнын сатып алдым. Реконструкция жасауға 108 млн теңге жұмсасам, 25 млн теңгеге қаржылай лизинг есебінен мұздатқыш пен автокөліктер алдым. Екінші деңгейлі банктен 18 млн теңге несие алып, 2009 жылы құрылысын аяқтадық, – деген болатын.
Еңбектің нәтижесі көрініс тауып, 2010 жылдың соңына қарай алғашқы өнімін нарыққа шығарған мекеме 28 млн теңге шамасында өнім шығарса, бүгінде өнім көлемі 2 млрд теңгеге өскен. 2012 жылы Еуроодақ пен кеден одағы мемлекеттеріне балық өнімін жіберу құқығына ие болған "Арал СДО" еурокод алған санаулы кәсіпорындардың бірі.
Жоғарыда айтқанымыздай қазіргі уақытта Әділбек ағамыз басқарып отырған кәсіпорын жылына 2 мың тоннаға жуық балық аулап, өңдеп келеді. Өңделген өнімнің 90%-ы экспорт үлесінде. Көршілес Ресей мен Қытайдан бөлек Дания, Нидерланды, Чехия, Грузия, Польша, Сербияға экспорт жасап келеді.
Еткен еңбек еш кетпесі белгілі. Бүкіл ғұмырын осы жолға арнап, бейнеті мен зейнетін қатар көрген ақсақал «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісінің иегері. Мұнан бөлек Қызылорда облысының Құрметті ардагері, Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Арал ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалі және«ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» орденімен марапатталған.
Отбасылық бақыттың да балын татып отырған ағамыз 4 бала тәрбиелеп, жетілдіріп, бір-бір саланың тұтқасын ұстатса, олардан 12 немере сүйіп отырған қазыналы қарт.
Оңталап ЖОЛДАСОВ









