Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БОЛАДЫ

БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БОЛАДЫ

Дәлірек айтсам, Арал теңізінің балықшылары бұрынғыдай емес, ауланған балықтарын тапсыратын жер іздеп сандалмайды. Қазірдің өзінде балық қабылдайтын кішігірім пункт-зауыттар барлық балық аулайтын жерде жеткілікті. Балықшылрдың басқа өндірістен артықшылығы – ай сайын тапқан табыстарын күтіп жүрмейді. Әрі кетсе апта сайын, болмаса қолма-қол табысының қаражатын алып отырады. Бұл еш жерде, еш уақытта болмаған жағдай. Қазіргі кезде балықшы қауымының әл-ауқаты, тұрмыс жағдайлары артты. Барлық дерлік елді мекендерде жаңадан салынған үйлер, мектеп, аурухана, ФАП, жарық, ауыз су, тағы басқа инфрақұрылымдар жұмыс істейді. Қызғанбаймыз, қызығамыз. Әйтсе де, «алмақтың да салмағы бар» демекші, бір күндік пайданы ойламай, болашақты да ойланатын уақыт туған сияқты.
Балық шаруашылығы тамақ өнеркәсібінде қай заманда да алдыңғы қатарда тұрғандығы баршаға мәлім. ХХ ғасырда балық Одақ бойынша әр жанға 18, ал Қазақстанда жан басына 10 келі болды. Керек десеңіз, тамақтандыру орындарында аптаның әр бесінші күні балық күні деген тәртіп те болған. Осындай балықшылар өндірісінің адам капиталына құндылығын ескеріп, Одақтың Жоғарғы Кеңесі тарихта тұңғыш рет 1965 жылы «шілде айының бірінші онкүндігі балықшылардың кәсіптік мейрамы деп аталсын» деген қаулысының да куәгері болдық. Бұл мерзім тегіннен-тегін аталмаған, ол айларда балық уылдырығын шашып болып, майда шабақтарын қорғайтын мезгіл. Осындай қамқорлық арқасында, балықшылардың рухы көтеріліп, жігерленіп, өздерінің сыйлы тұлға екендерін білген уақыттары еді. Бірақ, түрлі себептерге байланысты 1980 жылдың екінші жартысынан бастап 30 жылдай балықшылардың еңбегі еленбей, оларды жігерлендіретін шаралар өз мәнінде атқарылмады. Дегенмен, кейінгі жылдары облыс әкімдігі жұртшылықпен бірлесіп, балықшылар инфрақұрылымын жүйелі түрде жақ- сартуға, тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасауға бағытталған жұмыстарын табысты атқарып келетінін атап өткім келеді.
Қазір Кіші Арал теңізінің айдыны 18 учаскеге бөлініп, «Қазақ балық шаруашылығы» ҒЗИ белгілеп берген лимиттеріне сәйкес, балықшылардың жұмыс жасауын қадағалайтын жауапты кәсіпкерлер белгіленген. Бірақ та, осы мамандардың балық қорын сақтау, нормадан тыс ау-құралдарын пайдаландырмау, балықшылар өмірінің қауіпсіздік жолдарын ойластыруда әжептәуір кемшіліктер жіберіп жатқандығы белгілі. Табиғатты қолдарымен өзгерткісі келіп, жанталасқаны дұрыс емес.
Жалпы, 100 жылдай тарихы бар Арал балық шаруашылығы өндірісінің тарихында көптеген айтулы оқиға болғанын білеміз. Кешегі ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы өздері аш-жалаңаш болса да, Ресейдің Волга төңірегіндегі аштықтан жапа шеккен балалар үшін 14 вагон балық жібергені не тұрады?! Уақытында балық қорын көбейтіп, табиғаттың байлығын көзінің қарашығындай сақтаған, балықшылар өміріне өздерінің үлесін қосып, жемісті еңбектерінің арқасында 30 жылдары сонау Одақ Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Калининнің қолынан орден алып қайтқан ағаларымыз – Уәйіс Қосымов, Баймағамбет Әбілдаев, Қараман Ыңғаев және Арал теңізі балықшылары арасынан Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған – Бақыт Рысқалов, Ұштап Өтеулиева, Төлеген Әлімбетов, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған – Ұлдай Есмағанбетова, Әлсейіт Жұбаниязов, Күләй Кенжебаева, Күлпаш Бисенова, Дүйшенбі Қалабаев, Нарғали Демеуов, сондай-ақ, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» сынды ордендермен марапатталған еңбек майталмандары қаншама!
Балықшылар тарихын, шаруашылық пен өндірісін, азаматтарын, қысқаша жаз­ғанда, олардың болашаққа деген көзқара­сын айрықша атап өткім келеді. Мысалы: Дүйшенбі Қалабаев, Күлпаш Бисенова, Нарғали Демеуовтің балық аулау әдістерін, ізденімпаздықтарын қазіргі «жаңа техно­логия» дейміз. Өз көзіммен көріп таңқал­ғанмын, сонда құрал-саймандары норма­дан аспайды, жырымдарының құрылымы – шонтайының көзі (мотня) 32 мм бол­са, оған жақын бөлігі 45-50 мм аяқталады. Байқасаңыздар, балықтың майдалары тор­дан босанып шығып кете алады. Тек нор­маға сәйкестері ғана шонтайдың түбінде қалады. Не деген өз ісіне жанашырлық?! Ал қазір мұндай жанашырлықты көру қиын. Бұны балықшы қауымының өндірісіне ара­ласып жүрген мамандар жақсы біледі. Сон­дықтан, балықшы қауыммен бас қосып, мәселені бірлесіп талқылау қажет. Сонда ғана Елбасының халыққа Жолдауындағы тағам өнімінің үлкен саласының бірі, балық шаруашылығы өндірісінің алдына қойған міндеттерін орындай аламыз.
Біздер еш уақытта Кіші Арал теңізінің болашағы үлкен, тарихы сонау ХХ ғасырдан басталатын облыстың балық шаруашылығының күре тамыры екенін ұмытпауымыз керек.
Президентіміз алға қойып отырған мақсат-мұраттарды жүзеге асыруда об­лыс әкімдігінің нақты шаралар атқарып келетінін атап өткенді мақұл көрдім. 2015 жылы Арал өңіріндегі Қамбаш көлінде Арал балықшыларының бірінші слеті өткізіліп, осы саладағы еңбеккерлер ма­рапатталды. 2016 жылы балықшылардың республикалық екінші слеті ұйымдасты­рылып, оған республикадағы балық өнді­рісімен айналысатын облыстардың өкіл­дері, басшылары қатысты. 2017 жылы шілде айында Аралдағы Қамбаш көлінің жиегінде Арал балықшыларының үшінші слеті халықаралық дәрежеде салтанат­ты түрде өткізіліп, Даниядан, Ресейден, басқа да алыс-жақын шетелдерден өкілдер келді. Мақсат – әлем халқының назарын Арал тағдырына аудару болып табылатынды. Сондай-ақ, өткен жылы «Арал пробле­масына көмектесу» туралы Қызылорда қаласында халықаралық форум өткізіліп, оның жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, бірнеше мәмілелер жасады. Осының барлығы об­лыс басшысы Қ.Көшербаевтың белсенді қызметінің арқасында болып отырғанын балықшы қауым жақсы түсінеді.
Менің балықшы қауымға тағы да айта­рым бар. Ойланыңдаршы. Облыс басшы­сының беделінің арқасында биыл 30-40 жылдай ұмытылып кеткен балықшы күндерінің слеті төртінші рет өткізгелі отыр. Оның бер жағында әлемнің назарын Арал қасіретіне қарату мақсатында тарихта тұңғыш рет Қазақстан Үкіметінің басшысы Б.Сағынтаев 5-6 министрдің қатысуымен Арал ауданында Үкімет мәжілісін өткізді. Бұның барлығы саяси және экономикалық жағынан көп нәрсені аңғартады. Олай болса, біздер, балықшы қауымы, нен­дей жетістіктермен, көрсеткіштермен болашақта ата кәсібін сақтаймыз дей ала­мыз? Ешқандай. Керісінше, кешегі ұстаз балықшы ағаларымыз Уәйіс Қосымов, Мақсұтқали Демесінов, Жетпісбай Бай­босынов, Мырзалы Бәйімбетов, Хамит Мұсағалиев, Әбжан Жантекеев, Қуантқан Есмұханов, Ұлбибі Балымбетова және өзге де ондаған ардақты аға-апаларымыз өз бастарының қамынан халықтың қамын жоғары бағалап, болашақты ойлап, көл, да­рия, теңіз байлығын әлемге білдіріп, қалай сақтап қалғанына таң қалмассың.
Ал, қазір ше? 30-40 жылдан бері бая­ғы кәсіпкер балықшы бабаларымыз қасықпен жинап кеткен көл, дария, теңіз байлықтарын шөмішпен шашып, әлі де тауыса алмай келеміз. Ал, бұның басты себебі, біріншіден, балық шаруашылығын басқаруда бірде-бір кәсіпкер балық маман­дарының болмауында. Екіншіден, қолдағы байлықты пайдалануда, лимитті орындау­да ау-құралдарды рет-ретімен мезгілінде нормативке сәйкес пайдалануда өрескел қате жіберуінде. Үшіншіден, 60, 70, 80 жылдардағы балық аулаудың талай рет ізденістерден өткен нормативтерді бұзып, қалайда табыстың көзін ойлағандары. Мы­салы, ертеде лимитті балықтың әр түріне бөлетін, оны аулайтын ау-құралдардың саны, көзі, қай мезгілде аулайтын уақыты, балықшы саны, сонымен қатар, пайдаланатын ау-құралдары ортасынан балық өтетін жол қалдырып отыратын-ды. Ал, қазір ше? Бір қайықтағы балықшы 1000 метрге дейін Қытайдың рұқсат етілмеген, балықтың қорын құртатын ауын салады. Ал, жылым­да тор құрылымын өрескел бұзып, екі мо­торлы катермен теңіз түбіне балық қорегін аударып, 2-3 шақырымға сүйретеді. Бұл да теңіз байлығын құртудың әдісі. Осындай әдістермен он шақты жылдай балықтан ешқандай хабары жоқ, тек табыс табудың көзін ойлағандар көбейіп кетті. Әлі де бол­са кеш емес. Қоғам болып бірлесіп, балық аулайтын нормативті өзгертпесек болмай­ды. Ұйымдасқан шараның нәтижесінде көлденең келген көк аттының жолын бөгеп, келешек ата кәсіп – балық шаруа­шылығын сақтай аламыз.
Жалпы, Кіші Арал теңізінің болашағы жарқын. Десе де, бір қынжыларлық жағ­дай, осы шаруашылыққа қатысты маман­дардың өзара түсініспеушілігінен «Көк­арал» тоспасынан үлкен теңізге қарай сумен бірге Кіші Аралдан балықтың көп мөлшерде кетіп, қырылып жатқан фактілері де кездесуде. Бұның барлығы «Көкарал» плотинасының деңгейі 42 метр­ден асып кетеді деп қауіптенуден туып отырған жағдай. Шынында да, қазіргі кезде Сырдария өзені суының «Ақлақ» арқылы өткен бағыты бірден «Көкаралға» тірелетіні анық. Келешек бұндай жағдайды болдырмау үшін: біріншіден, бұрынғы қазылған каналдар арқылы Қарашалаң көлінен Қызылқайыр өзегімен су бағытын Кіші Аралдың солтүстігіне бұру керек. Екіншіден, Тұщы көлінен бұрынғы ескі арнаны пайдаланып, Сырдария суын Сарытерең шығанағы арқылы Кіші Аралға бұруға болады. Үшіншіден, бұл екі бағытты да Сырдария өзенінің көп суының күшін тоспаға дейін әлсіретіп, Кіші Аралдың солтүстігін басқа бағытпенен толтырамыз және де балықтың көптеген уылдырық шашатын жерін көбейтеміз. Қазіргі кез­де Кіші Арал теңізінің суы өзек арқылы Үлкен Аралға бағытталып, Барсакелмес аралына жақындаған. Ал, осы бағытты бөгесек, Тұщыбас сияқты шығанақтарға су толтырылып, қосымша Қамбаш көлінің көлеміндей жер пайда болатыны анық. Бұл–жер ыңғайын өте жақсы білетін байырғы балықшылардың тілегі. Осын­дай тиімді іс-шараларды іске асырсақ, ба­лық өнімін келешек 6500 тоннадан 12000 тоннаға дейін көбейтуге болар еді.
Бірлесе атқарған жұмыста қашанда бе­реке болады. Мереке құтты болсын, Арал балықшылары!
Құдайберген САРЖАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
ҚР өндірісіне еңбегі сіңген қайраткер,
балық шаруашылығының экс-министрі.
11 шілде 2018 ж. 1 115 0