Теміржолшылармен кездесу өтті
Сексеуіл Локомотив депосында аумақтық коалиция өкілдері теміржолшылар қауымы мен маңызды кездесу өткізді. Жиынға коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов, сондай-ақ коалиция мүшелері
Алдаберген Жоланов, Ранай Наштаева, Еркебұлан Аяғанов және Бақтияр Ізбасаров қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың маңызы талқыланды. Коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов Конституцияның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлін атап, әр қызметкердің заңды сақтау және өзгенің құқықтарын құрметтеу міндетінің қоғамдағы сенім мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.
Жиында еңбек құқықтары ерекше назарға алынды. Коалиция мүшелері әр адамның кәсіби қызметін еркін таңдауға, әділ еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқығы бар екенін, әлеуметтік қорғау мен еңбек қауіпсіздігін мемлекет қамтамасыз ететінін түсіндірді.
Қатысушылар елдің тұрақты әрі әділетті дамуына бағытталған азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруда өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу тақырыптары мен пікір алмасу форматтары қызметкерлерге жаңа Конституция жобасының стратегиялық мәнін толық түсінуге мүмкіндік берді.











