Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚИЯРДАН ЖАСАЛАТЫН МАСКА ТҮРЛЕРІ

ҚИЯРДАН ЖАСАЛАТЫН МАСКА ТҮРЛЕРІ

Қияр – адамның денсаулығына ғана емес, бет терісі үшін де пайдасы мол көкөніс. Құрамында теріге қажетті әрі пайдалы дәрумендер – кальций, темір, фосфор болғандықтан, әжіммен күресте тез әрі жақсы нәтиже береді. Сонымен қатар беттегі дақ пен безеуден арылтады. Қиярдан жасалатын маска түрлерін өзіңіз үйде әзірлеп көріңіз. Майлы теріге арналған маска. Орташа бр қияр мен алманы үккіштен өткізіп, дайын қоспаны бетте 30 минут ұстайды. Мұны аптасына 2 рет жасаса, тері өңі жақсарады. 

Дақты кетіруге арналған маска. Үккіштен өткізілген қиярды лимон шырынымен араластырады. 15 минуттан соң жылы сумен бетті шаяды. Маскадан соң бетке нәрлендіретін крем жағуды ұмытпаңыз. Қияр мен лимон шырынына дәкені малып, оны бетте ұстауға да болады. Бұл тәсіл бетті ағартып қана қоймай, теріні керемет сергітеді. 

Құрғақ теріге арналған маска. Қиярды үккіштен өткізіп, ботқа дайындайды. Оны 1 ас қасық қаймақпен араластырып, бетте 15 минус ұстайды да жылы сумен жуып тастайды. Аптасына 2 рет қайталаңыз. 

Әжімнен қорғайтын маска. Қияр мен картопты үккіштен өткізіп араластырады. 15 минуттан соң масканы салқын сумен жуып тастайды. Сонымен қатар, қиярды мұздатқышта қатырып, содан соң жылытады. Дөңгелек етіп кесіп, оны бетке қояды. Бұл әжіммен күресуге арналған пайдалы тәсілдердің бірі. 

Қияр қабығынан жасалатын маска. Қиярды жақсылап тазалап жуады. Қабығын кесіп, бетке жабыстырады. Сыртынан дымқыл дәке жабады. Қабықты 2-5 см алшақ орналастырады. Бірақ біраз уақытқа дейін бетті жумайды. Себебі көкөніс құрамындағы пайдалы заттар бет терісіне жақсылап сіңгені дұрыс. 

Қияр шырынынан лосьон дайындау. Қиярды үккіштен өткізіп, шырынын сығып алады да, сонымен бірдей мөлшердегі спиртпен араластырады. Тұнбаны 3-4 сағат тұрған соң ғана пайдалануға болады. Бұл лосьон әсіресе майлы бетті тазалауға жақсы әсері бар. 

Қиярға сүт қосып дайындалатын тазалағыш қоспа. Стақанның жартысына дейін сүт құйып, өте жұқа етіп кесілген қиярды салады. Бірнеше сағат өткен соң мұнымен бетті сүртуге болады. Құрғақ бетке арналған бұл тазалағышпен бетті күніне 2-3 рет сүртеді. Қоспаны 2-3 тәуліктен артық тоңазытқышта сақтауға болмайды.

Дереккөз: Reactor
http://reactor.inform.kz
08 мамыр 2019 ж. 1 940 0