"Толқынмен" бірге толқыған аяулы аға
Қаралы хабар есеңгіретіп кетті. Қазақстанның құрметті журналисті, Арал ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағының “Алтын медалінің” иегері Шымкентбай Жылмағанбетов Арал ауданына ғана емес, күллі елімізге мәлім тұлға еді. Ол тоқсаныншы жылдары баспасөз бизнесін қолға алып, іскерлігімен тыңнан түрен салды. Шығарған газеттері қолдан-қолға өтіп, үлкен-кішінің іздеп оқитын дүниесіне айналды. Өз тұсында аймақтың тыныс-тіршілігін жарқырата көрсете білді. Сондай-ақ журналист ретінде "Боздақтар" кітабын құрастырушысы болды. Мойнақ ауылында ұстаздық қызметті де атқарды. Шығармашылықтан қол үзбеген Шымкентбай ағамыз қашанда қайырлы істің басында жүрді. "Жақсының жарығы алысқа түседі" дегендей, келместің кемесіне мінген әріптесіміз қаншама жанға қамқор қолын созып, тек алғыс арқалады. Көргені де, түйгені де көп Шымкентбай Өмірзақұлы Жылмағанбетов «кіндік қаным жерге, маңдай терімде тамсын» деген ұстанымда жүріп, өзі өскен өлкенің өркендеуіне жан-жақты үлес қосты. Сөйтіп аудан айнасына баланған «Толқын» газеті редакциясында сегіз жыл бас редактор болып, тілшілер қосынындағы еңбек еткен ұжымның ақылшысына айналды. Ешкімге болмасын демейтін асыл аға Ақтөбе облысындағы басылымдардың бірінде де қалам тербеді. Спорт пен журналистика саласын қатар алып жүрген асыл жан ауданның оң имиджін қалыптастыруға айрықша үлес қосты.
Адал еңбектің көрігін қыздырып, айналасына сыйлы атанған абзал ағаның екінші өмірі басталды. «Толқын» барда, сіз барсыз. Айтқан сөздеріңіз, рәтті істеріңіз жүрегіміздің кестесінде мәңгі жатталып қалады. Маңғаз болмысыңызды көзкөргендер ешқашан ұмытпайды. Жатқан жеріңіз жайлы болсын. Қабіріңіз Құран нұрымен нұрлансын, жан аға!
Әріптестеріңіз өзіңіздей өнегелі ғұмыр иесін ешқашан ұмытпақ емес.
Арал ауданының әкімдігі, «Сыр медиа» ЖШС,
ҚР Журналистер одағының Қызылорда облыстық филиалы,
ҚР Журналистер одағының Қызылорда облыстық филиалы,
«Толқын» газеті редакциясының ұжымы










