Еңбекпен есейген, елге елеулі маман
Адам өміріне араша түсіп, денсаулығын сақтауды өмірлік мұрат еткен дәрігерлердіңқоғамдағы орны әрдайым ерекше. Солардың бірі – көп жылдық тәжірибесі бар білікті маман Лаура Әділбаева. Лаура Жанысқызы 1972 жылдың 19 қарашасында Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Тоқабай елді мекенінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан-ақ адам жанына араша болуды мақсат тұтқан ол 1990 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, 1996 жылы «Педиатрия» факультетін тәмамдайды.
Еңбек жолын сол жылы Арал аудандық ауруханасына қарасты балалар кеңес беру бөлімінде аймақтық дәрігер-педиатр ретінде бастаған жас маман, аз уақыт ішінде өзінің кәсіби біліктілігімен көзге түседі. 1996-2004 жылдары Арал қаласындағы «А.Байтұрсынов» жанұялық дәрігерлік емханасында жанұялық дәрігер қызметін атқарып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетеді. Ал 2004-2006 жылдары №2 арнаулы облыстық санаторлық мектеп-интернатында балалар дәрігері болып еңбек еткен Лаура Жанысқызы, 2006 жылдан бастап туберкулезге қарсы күрес саласына бет бұрады. 2006-2012 жылдары Арал аудандық туберкулезге қарсы диспансерінде аймақтық дәрігер-фтизиатр маманы болып қызмет етіп, жұқпалы дерттің алдын алу мен емдеуде зор үлес қосады. Кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 2012-2016 жылдары осы мекемеде бас дәрігердің әдістемелік-ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Ал 2016-2018 жылдары туберкулезге қарсы диспансердің ауруханасы жабылуына байланысты бөлімше меңгерушісі ретінде ұжымды алға бастап, саланың дамуына елеулі еңбек сіңіреді.
2018 жылдың маусым айынан бастап «Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК бас дәрігерінің бастапқы медициналық көмек көрсету жөніндегі орынбасары қызметін осы уақытқа дейін атқарып келеді.
Қоғам денсаулығын сақтау үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін қасиетті сала. Осы жолда талмай еңбек етіп, кәсіби біліктілігі мен адамгершілік болмысын ұштастыра білген мамандар әрдайым құрметке лайық. Сондай жанның бірі Лаура Әділбаева – «Қоғамдық денсаулық сақтау» бағыты бойынша бірінші біліктілік санатына ие, өз ісінің шебері.
Еңбек жолында ол тек кәсіби міндетін атқарып қана қоймай, қоғам игілігі үшін аянбай қызмет етіп келеді. Оның еңбегі жылдар бойы жоғары бағаланып, түрлі марапаттармен айқындалды. 2017 жылы Медицина қызметкерлері күніне орай Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен бірге, қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласып, 2019 жылы сайлауалды іс-шараларға қосқан үлесі үшін облыстық партия филиалының «Алғыс» хатына ие болды. Бұл оның тек медицина саласында ғана емес, ел өміріндегі маңызды кезеңдерде де жауапкершілік танытатын азамат екенін көрсетеді.
Ал 2020 жыл – бүкіл әлем үшін ауыр сынақ кезеңі болды. Пандемия кезінде алдыңғы шепте қызмет атқарып, індетпен күресте ерекше белсенділік танытқан маманның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қызылорда облысы әкімінің «Алғысы» мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» сол кезеңдегі жанқиярлық еңбектің нақты дәлелі. Ерен еңбектің ең жоғары бағасы ретінде 2022 жылы оған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі табысталды. Бұл – кәсіби шеберліктің, үздіксіз ізденістің және халыққа адал қызмет етудің заңды нәтижесі. Осындай білікті мамандардың арқасында қоғам денсаулығы нығайып, халықтың медицинаға деген сенімі арта түсуде. Ақ халатты абзал жанның еңбегі – тек марапаттарда емес, ең алдымен ел алғысында.
Қорытындылай айтқанда, оның еңбек жолы табандылық пен кәсібіне деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Ол сан жылдар бойы медицина саласында аянбай қызмет етіп, халық денсаулығын нығайтуға зор үлес қосып келеді. Әрбір атқарған қызметі мен жеткен жетістігі маңдай тер мен қажырлы еңбектің жемісі.
Осындай өз ісінің шеберлері барда ел медицинасының болашағы жарқын екені сөзсіз. Лаура Жанысқызы – тек білікті дәрігер ғана емес, сонымен қатар үлкен жүректі, жанашыр жан. Оның өмір жолы мен еңбегі кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін тағылымды мектеп.
А.НҰРЛАНОВА










