Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұтас дәуірдің куәсі

Тұтас дәуірдің куәсі

Қазақ халқы үшін отбасы тәрбиесінің орны ерекше. Соның ішінде әженің тәрбиесі – ұрпақ санасына ізгілік пен адамгершілік дәнін егетін баға жетпес мектеп. Әже – тек отбасының үлкені ғана емес, ол – даналықтың, мейірімнің, салт-дәстүрдің тірі шежіресі.
Әже тәрбиесінің ең басты ерекшелігі – оның жүрекке жылы, жанға жақын болуында. Әжелер немерелеріне ертегі айтып, бесік жырын айтып өсіреді. Бұл тек уақыт өткізу емес, баланың ой-өрісін дамытып, қиялын ұштайтын, тілін байытатын үлкен тәрбие құралы. Әже айтқан әрбір ертегіде жақсылық пен жамандықтың ара-жігі ажыратылып, бала санасына адалдық, әділдік, батылдық сияқты қасиеттер сіңіріледі.
Сонымен қатар, әже – ұлттық тәрбиенің негізін қалаушы. Ол немересіне қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретеді. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, қонақжайлық, инабаттылық сияқты қасиеттер әженің өнегелі сөздері мен іс-әрекеті арқылы беріледі. Әженің тәрбиесін көрген бала ешқашан өз тамырынан ажырамайды, ұлттық болмысын сақтайды.
Міне, бүгінгі біздің кейіпкеріміз де ұрпақ тәрбиесінде ұлағаттылығымен саналы ұл-қыз өсіріп, немере-шөбересіне терең тәрбие сіңіріп келе жатқан Ұлдай Аяғанова әжей.
Ұлдай анамыз Сазды елді мекенінің тұрғыны. 1940 жылы 1 маусымда Сазды ауылында дүниеге келген анамыздың балалық шағы өте қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Соғыс уақытындағы қиындықты көріп өсті. Бұл кезең елдің еңсесі түскен шақ болатын. Қару ұстауға қауқарлы ер азаматтар елден майданға аттанған тұста Ұлдай әжеміз де ауылда қалған аналардың, әжелердің тәрбиесін көріп өсті.
Бірақ қиын-қыстау кезең кейіпкерімізді жасыта алмады. Керісінше мойымауды, шыдамдылықты үйретті. Қайсар мінезі мен еңбекқорлығының арқасында өмірдің талай белесін абыроймен бағындырды.
– Соғысы біз көрген ең ауыр кезеңдердің бірі. Бұл соғыс тек майдан даласында ғана емес, бейбіт халықтың өмірінде де үлкен қайғы-қасірет әкелді. Әсіресе балалардың тағдыры қиын сынаққа түсті.
Соғыс басталған сәттен бастап көптеген балалар әкесінен, ағасынан, жақындарынан айырылды. Аштық, суық, киім-кешектің жетіспеушілігі күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Ерте есейдік. Көзімізбен көрдік, сабақтан кейін жұмыс істеуге мәжбүр болғандар бар. Біздің еңбекке шамамыз келмейді. Ересектеу балалар үлкендермен бірге ауыр еңбекке араласып, елдің жеңіске жетуіне өз үлесін қосты.
Жалпы ол жылдардағы өмір өте ауыр әрі болды. Балалық шақтың қызығын көрмей, ерте есейіп, ел тағдыры үшін күреске араластық. Бүгінгі бейбіт өмір – сол балалар мен олардың ата-аналарының төккен тері мен жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. Соны бағалау керек. Бейбіт күннің қадіріне жете білу қажет, – деп өткенін бүгінмен салыстырып, шүкіршілік етіп, ұрпағына жиі айтып отырады.
Ұлдай әжей Сазды орта мектебінде 20 жыл бойы техқызметкер болып еңбек етіп, адал қызметтің үлгісін көрсетті. Мектептің тазалығы мен тәртібі үшін аянбай тер төгіп, қарапайым еңбегімен үлкен құрметке ие болды. Ол кісінің әр күні тынымсыз еңбек пен жауапкершіліктің көрінісі. Оның әр қадамы ұрпақты еңбекке тәрбиелеу үшін таптырмас өнеге.
Иә, бұл үлгіні ұрпағының жүрегіне ұялатып, өнегесін өмірлік азық еткен Ұлдай Аяғанова алтын құрсақты ана. Әжеміз 10 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 37 немере, 30 шөбере сүйіп отыр. Үлкен әулеттің алтын діңгегі, берекесінің бастауы болып жүрген ақ жаулықты әже әр баласы, немере-шөбересіне мейірімін төгіп, ақ батасын арнаудан жалыққан емес. Қазірде ақ батасы мен адал тілеуінің арқасында ұл-қыздары еліміздің әр аумағында абыройлы қызмет етіп, елдің ықыласына бөленіп жүр.
Қазіргі таңда 86 жасқа келіп отқан кейіпкеріміз тұтас бір дәуірдің куәсі болған ғұмыр иесі. Әжеміздің сабырлылығы, даналығы мен жүрек жылуы ұрпағына әрдайым күш береді.
Иә, әже тәрбиесін көрген ұрпақ елін, жерін сүйетін, саналы да парасатты азамат болып қалыптасады. Бұл бізге уақыт дәлелдеп берген қоғамның көрінісі. Сондықтан әрбір отбасы әже тәрбиесінің қадірін біліп, оны ұрпақ санасына сіңіре білуі тиіс.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
15 сәуір 2026 ж. 111 0