"Жыр әлеміндегі жас толқын" атты кездесу кеші өтті
№262 мектеп-гимназиясында жыр әлеміне сапар шегіп, жүректен шыққан сөздің құдіретін бірге сезіну мақсатында жас ақын, жыр сүйер қауымның жүрегінен орын алып келе жатқан талант иесі Қазақстан журналистер одағының мүшесі, аудандық "Толқын" газетінің Бас редакторы Сайлауов Айдар Әділжанұлымен "Жыр әлеміндегі жас толқын" атты кездесу кеші өтті. Кештің мақсаты – өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын насихаттау, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.

Кездесу кешін мектеп гимназия директоры Руслан Қалимағамбетұлы ашып:
–Арал халқы жазушылар мен ақындарға бай мекен. Ал бүгін сырлы сұхбатқа толы әсерлі кеште жас ақын өмірі мен шығармашылығымен таныса аласыздар. Айдар Сайлауовтың жүрегінен жарып шыққан өлеңдерін еліміздің түкпір-түкпіріндегі елімізге белгілі жұлдызды әншілер орындап жүр. Кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз – оқушыларды әдебиетті сүюге баулу. М.Әуезов: «Әдебиетті сүйген бала мәдениетті бала» деген ғой. Шәкірттерге жергілікті ақындарымызды таныстыра отырып, олардың таным-білім көкжиегін кеңейтсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны, – деп лебізін білдірді.
Мұнан соң кітапханашы Айнұр Отаралиева слайд арқылы ақынның өмірбаянымен таныстырды. Артынша 5 сынып оқушысы Амангелді Аянаның орындауында ақынның сөзіне жазылған «Әке ана» әні шырқалды. Кездесу барысында ақынның өміржолы таныстырылды. Мұнан соң ақынның өзі сөз алып, шығармашылық жолына келуі туралы, өлең мен өмір жайлы әңгімелер шертті. Жастарға арнап жалынды жырларын оқып, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленді.


К. ЗДЕНОВА















