Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім ордасындағы рухани кеш

Білім ордасындағы рухани кеш

Таяуда қаладағы № 14 мектеп-лицейінде рухани кеш өтті. Осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Жұмағұлова мен кітапхана меңгерушісі Гүлжанат Карибаеваның ұйымдастыруымен болған кездесуде аудандағы шығармашылық өкілдері оқушылар алдында әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Нақтырақ тоқталсақ, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла және Қазақстан журналистер одағының мүшесі  «Толқын» газеті бас редакторының орынбасары Абай Елеш рухани кездесу барысында шәкірттердің сауалдарына жауап беріп, балалық шақтағы арманы мен бүгінгі таңдағы мақсат төңірегінде ой бөлісті.
Белгілі қаламгер, бірнеше кітаптың авторы ақындық жолға қалай келгені төңірегінде сөз сабақтап, келешек иелеріне журналистикадай маңызды мамандықты таңдауға үндеді. Мұнан соң аудан айнасына баланған «Толқын» газетіні жайында баяндаған журналист Абай Елеш қалам ұшымен қоғам қалыптастырудағы тілшілер қосынының орны ерекше екеніне жан – жақты тоқталып, жиналған жастар алдында қонақкәде жасап, өлең оқыды.
Өз кезектерінде талантты өрендер кездесуде салмақты сұрақтар арқылы еркін сұхбат құрып, әдебиетке деген қызығушылықтарын байқатты. Сондай – ақ, ұлттық құндылықты дәріптеген шарада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Нұрланқызы қонақтарға алғысын білдіріп, Нұрлан Әлихан есімді оқушы қара домбыраға тіл бітіріп, күй күмбірлетті. Бұдан бөлек Інжу Жомартқызы, Қуаныш Аралбай белсенділіктерімен көзге түсті.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
25 сәуір 2026 ж. 35 0