Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспасөз өндірісін өркендеткен басшы

Баспасөз өндірісін өркендеткен басшы

Есімі республикаға таныс. Кәсібіне мығым,үнемі ой үстінде жүреді. Осынау орта бойлы,палуан пішіндес,шымыр денелі кісіні сырттай білуші едім. Әсіресе тоқсаныншы жылдары атағы асқақтады. Еліміздің он төрт облысында мен тақырыпқа арқау еткен Шымкентбай Жылмағанбетовтың түрлі-түсті, саналуан тақырыпты қамтитын екі жүзге жуық таралыммен тарайтын шағын форматтағы газеттер қолдан-қолға өтті. Аталмыш басылымдардың оқырманы болмаған адам кемде-кем шығар. Әуедегі, жердегі барлық қатынас құралдарында әлгі газетке шұқшиятындар қатары күн санап артпаса, кеміген жоқ.
Сөйтіп,нарық заманы арқасынан қаққан Шымкентбай Өмірзақұлы нағыз бизнестің көрнекті өкіліне айналды. Қош. Бұл туралы кейінірек сөз сабақтармын. Қазіргі айтарым келместің кемесіне мінген, журналистикадан жазушылыққа даңғыл жол салған кейіпкеріміздің ауданның оң имиджін қалыптастырып, қалам ұшымен қоғам жасаудағы өлшеусіз еңбегі жайында баяндайын.
Шәкең ғасырға жуық тарихы бар ауданның төл газетінде еңбек етіп, «Толқынның» ыстығына күйіп, суығына тоңды. Аудан айнасына баланған басылымда тілші, онан әрі бөлім меңгерушісі ретінде қалам тербеп, қоғамның күнгейі мен көлеңкесін ажыратты. Очерк, фельетон сияқты газет жанрын терең меңгерген көкеміз талайларға қалай жазу керектігін үйретіп, бағыт берді. Оның ағалық кеңесін журналистика саласындағы орта және жас буын өкілдері әлі айтады.
Ойы ұшқыр, көргені көп аға тәуелсіздік алған шақта аудан әкімі жанынан құрылған «Боздақтар» редакциясын басқарып, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ерен ерліктерін ұлықтауға уақытпен санаспай атсалысты. Ол кезде бүгінгідей интернет үш ұйықтаса түске кірмейді. Әлеуметтік желіге кіріп, әлемді шарлай алмайсың. Алайда, жауапкершілік жүгін жете сезініп жүретін, «өлі риза болмай тірі байымайтынын» ұғынып өскен журналист Шымкентбай интернет иіріміне бойлап, әлемді шарламаса да қолда бар құжатты сөйлете алды. Соның нәтижесінде күнде өзіміз арлы-берлі өткен сайын рухтарына бет сипайтын қала төріндегі «Тағзым» алаңында тасқа қашалып жазылған 6000-нан астам боздақтардың аты-жөні түгенделді. Архив ақтарылды, қаншама құжаттың шаңы қағылды. Шымкентбай көкеміздің еңбегінің арқасында сөнген үміт қайта жанды. Дерексіз кеткен арыстардың ұрпақтары аталарымен қайта қауышты. «Жақсының жарығы алысқа түседі» дегендей, қазіргі таңда аудандағы әр шаңырақта майдангер ұрпақтары әкесінің дерегін тауып, рухына Құран бағыштауға мүмкіншілік жасаған Шымкентбайдай ізденімпаз жанға әлі ризашылығын білдіреді.
Жаңа ғасырдың тоғызыншы белесі. Әрі асу аудан абыройын асқақтатқан жылдар сол кездерде де жемісті түйінделді. Жұртшылық жаңа жыл жарылқа, ескі жыл есірке деп жатты. «Толқын» газетін бес жыл басқарған Қазақстанның құрметті журналисті Жұмабай Жақып зейнет жасына шығуына байланысты қызметтік эстафетаны журналист,Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналистіШымкентбай Жылмағамбетовке табыстады.
Ұстанымы бөлек, тәжірибесі мол жаңа бас редактор «балықшыны балықшы алыстан таниды» дегендей, салғаннан әкедей қамқор қолын соқты. Ол кезде білгенімнен білмегенім көп жас маман емеспін бе? Әдеби қызметкер штатымен «Толқындағы» ең жас тілші ретінде еңбек етіп жүргенмін. Өмір қалай өзгереді десеңізші? Онан бері де сынаптай сырғыған сағат ширек ғасырдай уақытты артқа тастапты. Қазір өзім жұмыс жасайтын тілшілер қосынында қалам ұстаған үркердей ғана топтағы шығармашылық құрам ішінде үлкені болып қалдым...
Жә, бірін айтып, біріне кетті демессіз.Шымкентбай Жылмағанбетов ұжымды ұйыстыра білді. Ол заманда редакция жанында баспахана бар. Сарт-сұрт етіп станок кезекті нөмірді басады. Сиясы кеппеген газеттің майына былғанғанның өзі бір ғанибет. Тау-тау газет руллоны түсіріліп, жігіттер қауымы болып қабылдап аламыз.
Ешкімнің бетін қақпайтын, тек жұмысты талап ететін бас редактор Шымкентбай өмірден түйгенін ортаға салатын. Газеттегі қызметтік баспалдағымның осы кісінің кезінде сатылап өскенін жасыра алмаймын. Бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы лауазымын сеніммен жүктеп, ойға да, қырға да салды. Тағы бір айта кетерлігі, ол кісінің редакциядағы әрқайсымыздың отбасылық жағдайымызды сұрап, қандай мәселелер туындап жатса да арттарыңда редакция тұр деп, бәрі орнына келеді деп зор қолдап отыратын. Шындығындада Шәкең көпке шуақ шашты. Аудандағы үлкенді-кішілі шараларда демеушілік жасап, сауапты істердің басынан көрінді. Адамгершілік арына дақ түсірмеген аға әріптестерінің ортасында беделді болды. Қаңқу сөзге ермейтін, турасынан сөйлейтін еді.
Әсіресе, «Толқын» газеті «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрамына енгенде өзінің кәсіби журналист екенін дәлелдеп, әріптестері арасында мерейі үстем болып жүрді. Сол кездегі мүйізі қарағайдай бас редакторлар Шымкентбаймен бағыттасты, ақылдасты.
Өткен жылы 95 жылдық мерейтойын өткізген «Толқын» газетінің тарихында қалған аяулы жанредакция жанынан тасымалдау жұмысын үйлестіруде шеберлік танытып, пошташылар құрамын жасақтап, «Толқынның» арғы-бергі тарихын түгелдеуде айрықша атсалысты. Уақытпен үндескен үнжарияның оқырмандары қатарын арттыруға күш жігерін жұмсап, әлеуметтік желінің енді-енді қолданысқа енген кезінде арнайы қызметкерге жүктеп, бұл істің алға басуына айрықша қолдау көрсетті. Кейде біздің сайтымыздағы материалда Америкада да біздің оқырмандарымыз бар деп марқаятын...
***
Ай, аузын ашса жүрегі көрінетін ағам-ай... Сіз сегіз жарым жыл басшылық жасаған басылым сол баяғы қаз қалпында. Кеңсеге кіріп-шыққан кезде редакторлар қатарынан сіздің де маңғаз кейіптегі суретіңізді көремін. Қоңырау соғып, аудан жаңалықтарын айтқым келеді. Алайда, сіз жоқсыз. Бірақ, сарғайған газет парақтарында есіміңіз бар. Шығармашылық саласында тер төгіп, қолтаңба қалдырған жандардың бәзбіреулерден артықшылығы осыдан шығар. Өйткені «Толқын» барда сіз барсыз. Ал, өзіңіз теңізге құйған тамшыдай үлес қосып, тұғырын биіктеткен газетке жақында ғана кеш келген хабар жетті. Бұл көрнекті журналистке, қарымды қаламгерге берілген баға екенін ұқтық. Ұғып қана қоймай мақаланы түйіндер тұста өзіңіз көре алмай кеткен сүйінші жаңалықты бір уақыттарда қоян-қолтық араласқан ойлы руханият жанашырларына жеткізуді жөн деп таптық.
Соңғы жазған үш туындыңыз оқырман олжасына айналып,«Май шамның жарығы» атты кітабыңыз топ жарып, Халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Қасында тірі болғанда кеудеңізде жарқырауға тиіс медаль бар. Өкініштісі, бұл жаңалық сіз өмірден өткен соң он тоғыз күннен кейін жетті. Көрмедіңіз, естімедіңіз. Бірақ,толқындықтар мен әріптестеріңіз, шәкірттеріңіз Шымкентбай ағамыз осы атаққа лайық деп марқайып та, шаттанып жүреді.
Абай ЕЛЕШ
10 мамыр 2026 ж. 99 0