Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Беларықтың бел баласы, журналистиканың дүр дарасы

Беларықтың бел баласы, журналистиканың дүр дарасы

Қолына қалам ұстаған үлкен-кіші жақсы біледі. Біздерге қатысты сөз тіркесі жеткілікті-ақ. Соның бірі – Шер ағаңның шекпенінен шыққан деген қағида әлі күшін жойған жоқ.  Бұл әсіресе кейінгі буын өкілдеріне арналған. Аралда үркердей ғана шығармашылық топ бар. Олардың басым бөлігі аудан айнасына баланған «Толқын» газетінде аз ба, көп пе еңбек етіп, қалам ұшымен қоғамның бет-бейнесін қалыптастырып жүргендер.
Міне, осы топтың аты аталса, есімі еске түсетін қылқаламның дүр дарасы – Шымкентбай Жылмағанбетов. Беларықта 1953 жылы дүниеге келген бала Шымкентбай жазуға деген қызығушылығы қаршадайынан басталғанын жиі айтып жүретін. Оған басты себепкер әкесі Өмірзақ болыпты. Әке балаға сейіс ғой. Нақтырақ айтар болсақ, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүріп, талай газеттің тігінділерін үйінде том-том етіп жинаған жан. «Толқыннан» бастап, республикалық, облыстық газет-журналдарды сүйіп оқып, ұлын да жаңалықтан  құлағдар болуға  баулиды. Бала санасының жетілуіне  ақпарат құралдарының  көп көмегі барын білген көненің көзі ізбасарының жадына көп нәрсені тоқыды. "Балам, сабағыңа қосымша газет-журналдарды оқып тұр. Көзің ашылып, жан-жақты білімдар боласың" деген әке сөзін алғыр ұл аяқасты қылмады. Сенімді ақтау жолында аянбады.
 Расында солай. Арал қаласындағы №13 Т.Г. Шевченко атындағы орта мектепте оқып жүрген кезінде тырнақалды туындылары аудандық «Толқын» газетінде жарық көріп, «тілші бала» атанды.
Бүгінгі күнге жетуіне сол шақтар бастау болғаны да анық. «Баламын ғой, бірі сәтті шықса, бірі ойдағыдай болмай қалса керек. Сол уақыттардағы редакция қызметкерлерінен ақыл-кеңестерін айтқан да хаттар келетін. Үлкенді тыңдасаң өзің де үлкендікке жетесің деген осы шығар» дейді Шымкентбай Өмірзақұлы.
«Жігітке жеті өнер де аз». Осы сөз кейіпкерімізге тура айтылғандай.   Жандыдан да, жансыздан да сыр тартқан бозбала сурет салудан да алдына жан салмады. Зерек бала көргенін айна-қатесіз бейнелеп, спортта да алға озды. Оған дәлел Отан алдындағы борышын өтеген жылдарда Украина елінде еркін күрестен жауынгерлер арасында жүлдегер атанған. Еркін күрестен талай мәрте сайыста олжа салды.
Спорттағы жетістікке жетер жолды шығармашылыққа ауыстырған Шымкентай ағамыз сөз құдіреті өзіне тартты да тұрды деп айтатын. Ауылдың тыныс-тіршілігі жайлы «Сапа» атты еңбек адамдары туралы очерктер конкурсында алғаш рет екінші жүлдеге иелік етті.
Ол редакцияға қалай қабылданғанын да естен шығарған емес. 1974 жылы «Толқын» газетінің жауапты хатшысы Оңдасын Бектұрғанов өзін іздеп келген көрінеді.
– Мен сені жердің түбіне әдейі іздеп келдім. Талабың да, талантың да бар жассың. Редактор Сағынжан Ермағанбетов жұмысқа шақырып жатыр. Сенен басқа күресетіндер де жетеді, – деп ерте кетіпті. Міне, сол кезде ата-анасының қуанышында шек болмай, төбесі көкке жеткен көрінеді. Әкеден алған өнеге өрге жетелейтінін білгендей: "Балам, талабың оң болсын. Қолыңа қалам ұстадың екен, тек шындыққа жүгін" деген әке аманатына адалдық танытқан ұл бағытын баспасөз саласына шындап бұрды. Осылайша әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданған ол санада оянған сәулемен  оқуды да жанына серік етіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді.
 – "Сол кездегі адамдардың көрегенділігі мен жылт еткен талантты жастарды тани білетін ерекше қасиеттеріне әлі күнге басымды иемін" дейтін Арал аудандық «Толқын» газетінде 8 жылдан астам бас редактор болған кездерді еске ала. Сағынжан Ермағанбетов ширек ғасырға жуық редакторлық қызметінде айтуға оңай, бірақ, жүйкені жұқартатын, қиындығы көп міндеттерді абыроймен атқара білді. «Толқынның» табалдырығын имене аттаған мен секілді қаншама жастың қалыптасуына қамқорлығын жасады. Кеңес Өмірзақов, Қуанышбай Мұқашев, Елеусіз Кенебаев, Өмірбек Төлепов, Серік Сейітмағамбетовпен әріптес болдым. Аға буынға қарап, бой түзедік. Ешкімге есе жібермес талантты журналистердің ортасында шыңдалдым,– деп еске алады Шымкентбай Жылмағанбетов.
Еңбек жолын жергілікті газеттен бастаған жас журналист кейіннен Ақтөбе облысындағы Исатай аудандық «Дала таңы»-«Степная зарья» газетінің еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі, «Болат жол»-«Стальная магистраль» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі, 1981 жылы туған еліне қайта оралып, «Толқын» газетінің өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі ретінде қалтқысыз қызмет қылды. «Кітап» қоғамының жауапты хатшылығын атқарған Шәкең 1992 жылы Қызылорда облысы бойынша, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқандар, хабар-ошарсыз кеткен боздақтар туралы көп томдық естелік кітап жарық көруіне атсалысып,  архивті ақтарды. Үкіметтің арнайы қаулысымен аудандық, облыстық әкімдіктер жанынан арнайы редакциялар құрылған-ды. Сол «Боздақтар» кітабының Арал аудандық редакциясының редакторы қызметін де қажымай-талмай абыроймен атқарып, өзінің іскерлігін тағы бір қырынан көрсетті. Аудандық, облыстық әскери комиссариаттардан, КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан Қазақстанның Ресейдегі елшілігі арқылы құжаттар алып, Арал ауданындағы барлық елді мекендерді аралап, соғыста қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің тізімін жинақтады.
Шымкентбай Жылмағанбетов Тараз қаласына қоныс аударған соң, газет жұмысынан бір сәтке де алыстаған емес. 1996 жылы республикалық «Айғақ» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып, ел өміріндегі  келеңсіздіктерді арқау еткен өткір мақалаларының арқасында  газет жариялаған республикалық конкурста бас жүлдені иеленді, су жаңа көлік те мінді.
«Тараз жарнама-ақпарат агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып қызмет атқарған ол жаңа заманға сай баспасөз бизнесімен батыл айналысуға тәуекел етті. 2000 жылы тарихы терең Тараз қаласының төрінен «Досбол» баспа үйін ашып, директоры әрі Бас редакторы болды. Жұмысынан шабыт қосқан Шымкентбайдың түрлі мазмұндағы жеті газет 100 мың данамен жарық көріп, жақын шетелдерге де тарай бастады. Бас-аяғы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Тағы бір айта кетерлігі, туған жеріндегі үлкен-кішілі шараларға атсалысып, қаржылай көмек көрсетуде ұдайы топ басында тұрды. Аралда өткен жыл сайынғы атаулы жылдардың бәрінде қаржы беріп отырды. Жаңақұрылыс елді мекеніндегі «Беларық» қоғамдық бірлестігінің жұмысының жандануына да көмегін тигізді. Қайырымдылығын айтар болсақ, тіпті бөлек әңгіме. Талай жетімнің жасын сүртіп, талай мұқтаждың қажетін өтеді.
2009 жылдың соңында туған жеріндегі аудан басшылығынан аудандық «Толқын» газеті баспасына басшылық етуге ұсыныс келді. Ал одан кейінгі еңбегі елдің көз алдында. 2012 жылдың қорытындысымен «Толқын» газеті «Ең үздік аудандық басылым» номинациясын иеленді. Еңбегі еленген Шымкентбай ағамыз «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен және Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медалін» облыс бойынша жалғыз иелік еткен қаламгер ретінде де есімі айшықталды. Мұнан бөлек марапаттарында да шек жоқ. Міне, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шымкентбай Өмірзақұлы  қиындығы мен қызығы қатар жүрер қаламгерлік жолда осындай белестерден өтті.
Қазіргі таңда Шымкентбьай Өмірзақұлы зейнетте. Ұзақ жыл өзі басшылық жасаған аудандық «Толқын» газетінде ізіне ерген тілшілер шоғыры  бұрынғы бас редакторының ақыл-кеңесін, тәжірибесін әрқашан жадыда ұстап, өз қажеттеріне пайдаланып келеді. Қарымды қаламгер «Досбол» баспа үйінің жұмысын жандандырумен қатар, республикалық, облыстық, аудандық шығармашылық ортамен тығыз байланыста. Жұбайы Жұмагүлмен бірген немере сүйіп, отбасы бақытына кенеліп отыр.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
05 шілде 2022 ж. 627 0