Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ш.Жылмағанбетов –70 жаста: Сегіз қырлы, бір сырлы

Ш.Жылмағанбетов –70 жаста: Сегіз қырлы, бір сырлы

Қаламды серік еткен қауым жақсы біледі. «Толқын» газеті редакциясында талай нар тұлға ағалардың қолтаңбасы қалған. Әрісі Әуелбек Қоңыратбаев болса, онан кейінгілері Тойбазар Елемесов, Әбдіраман Байтақанов, Қалас Сәрсенбаев, Әбдісадық Жанұзақов, Қуандық Қарабалин, Төлепберген Нұржанов, Жұмағали Елеуов, Жүніс Шәукебаев, Тәжімбет Тәжіков. Опа Алпанов, Мәлік Сәрсенов, Сағынжан Ермағамбетов, Еркін Әбілов,  Жұматәлі Әбдіраман, Жұмабай Жақып сынды ойы ұшқыр, көзі қарақты қаламгерлердің еңбегі көптің жадында. «Шыққан нөмір, өткен өмір» деп ұққан олар тарихпен тілдескен, уақытпен үндескен, аудандық басылымның өрлеу жолына түсуіне қолдан келгенше жұмыс жасады.
    Сарғайған газет тігінділерін парақтасақ, аты аталған шығармашылық адамдардың өлшеусіз еңбектеріне қаныға түсесің. Солардың арасында бүгінгі таңда жетпістің желкенін керген Шымкентбай Жылмағанбетовтің шоқтығы биік. 1953 жылы жарық дүние есігін ашқан «Беларықтың» бел баласы ата-ана құшағында жүріп, зеректігімен ерекшеленді. Осы жерде Шер ағаның шекпенінен шыққан қағиданы тағы да бір санада жаңғыртып, аудандық газеттің бүгінгі толқынының көбі Шымкентбайдың талғамынан өткен деп айтып отырамыз.
Хош. Бала санасының ойдағыдай қалыптасуына газет-журналдардың ролі ерекше екенін ескерген Өмірзақ ақсақал Шымкентбайдай ізбасарына адам болып өркендеу үшін көп оқу керектігін жиі айтқан. Солай болды да. Тақырыпқа арқау еткен ағамыз №13 Т.Г. Шевченко атындағы орта мектепте сапалы білім, саналы тәрбие ала отырып, тілші бала атанды. Хабарлар дайындап, білім ұясының қабырғасындағы жаңалықтарды төл басылымға жиі жолдады. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ол сурет салумен де машықтанды. Бұдан бөлек, спортпен де шұғылданды. Бәлкім, ізіне түсе бергенде еркін күрестен әлемнің болмаса да, қазақтың чемпионы атанып, қазақстандықтарға таңдай қаққызар ма еді?  
    Антқа адалдық қанында бар жас Отан алдындағы борышын Украина елінде өткерді. Қатарластарының арасында беделге ие жанды әскери бөлім командирлері ә дегеннен танып, жауынгерлер арасындағы бәсекеге ұдайы қатыстырып отырды. Нәтиже жоқ емес, қаншама мәрте жүлдегер атанып, еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткерлер сапына кірді.
    Туған жерге абыроймен оралған тепсе темір үзетін жігітке қызмет те бірден табылды. Солдат шинелін киіп жүрген уақыттағы спортқа деген белсенділігі оның алдынан бағдаршамның жасыл түсіндей жанды. Яғни, аралдық білім саласындағы атқамінерлер Шымкентбай Жылмағанбетовті алыстан танып, маңайларына тартты. Мойнақ ауылындағы сегіз жылдық мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі атанған Өмірзақ шалдың үміті қаншама жеткіншектерге шынықса шымыр болатынын түсіндіріп, кемел келешекке үндеді.
    Алайда, жазуға деген құмарлық болар, жатса да, тұрса да редакция жаққа қарайлаған Шымкентбай көп ұзамай мұғалімдік іске нүкте қойып, «Толқын» газеті редакциясына әдеби қызметкер ретінде алынды. Бұл – 1974 жыл тұ-ғын. «Толқын» газетінің сол кездегі жауапты хатшысы Оңдасын Бектұрғанов талабы таудай  жігітке:
    – Талабың да, талантың да бар жассың. Редакторымыз Сағынжан Ермағамбетов жұмысқа шақырып жатыр. Күресетіндер көп, жазатындар аз, –деп қолқалады. Мұны естіген әке мен ананың қуанышын қалай жеткізе аларсың...
    Келісті. Көздерінің қарашығындай балаларының осындай киелі орында қызмет атқаруын Тәңір қолдағанына сансыз шүкірлік қылған Өмірзақ қарт:
    – Балам, талабың оң болсын. Қолыңа қалам ұстаған екенсің, ендігі жерде шындыққа жүгін деп үлкен аманат арқалатты.
    Міне, сол аманат аясында тер төккен Шымкентбай Жылмағанбетов бертін келе әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, жастардың жылт еткен талантын тани білген сол кездегі адамдарға бас иді. Әсіресе, ширек ғасырдан астам газет редакторы болған Сағынжандай сөнбес сәуленің және Кеңес Өмірзақов, Қуанышбай Мұқашев, Елеусіз Кенебаев, Серік Сейітмағамбетов, Өмірбек Төлеповтей ағалардың бағыт-бағдарымен шыңдалып, аузы дуалы журналистердің тәлімімен дараланған Шымкентбай өткенді ойға аалғанда, жоғарыда аты аталған жандар еске түсетінін жиі айтады.
    Осылайша жергілікті газетте төселген кейіпкеріміз Ақтөбе облысына да із тастады. Атап айтсақ, Исатай аудандық «Дала таңы»-«Степная заря» газетінде бөлім меңгерушісі боп, онан әрі «Болат жол»-«Стальная магистраль»  газетінің Ақтөбе облысынағы меншікті тілшісі атанып, көрші облыста да қаламгерлік қырын үлкен-кішіге дәлелдеді.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Заман өзгереді, буын алмасады. Басқа өңірде сүйікті саласы бойынша шыңдала түскен Шымкентбай Жылмағанбетов 1981 жылы «Толқын» газетінің өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі ретінде қалтқысыз қызмет қылды. Аталған аралықта «Кітап» қоғамының жауапты хатшылығын да қос атқарған Шәкең тәуелсіздік алған жылдары Қызылорда облысы бойынша Отан соғысында ерлікпен қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткен боздақтар туралы көп томдық естелік кітаптың жарық көруіне ерекше атсалысып, архивті ақтара, көз майын тауысты. Облыстық, аудандық әскери комиссариаттардан, КСРО Қорғаныс министрлерінің орталық мұрағатынан, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінен сыр суртпақтап, ескерусіз қалған алты мыңнан астам майдангердің есімін жаңғыртуға үлес қосты. Қысқасы, өшкенді жандырды, есімдерін ескерткіш тақтада қалдырды...
Бірін атып біріне кетті демейік. Тоқырау заманында балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен шақ есте шығар. Нарықтың желіне қасқая қарсы тұрған көп адам болса бірі, бір адам ол өзі біз айтып, түрін түстеп отырған Шымкентбай болатын. Тараз қаласына қоныс аударды. Өйткені, бір жалақыға  күнкөріс қиын кез. Шәкең тыңнан түрен салды. Жамбылдай үлкен облыста тұралап қалмады. Бизнес ауылына Аралдың перзенті де ат байлай алатынын дәлелдеп, Тараздай алып шаһарда емін-еркін кәсіп қылды. Арқа сүйер көкем жоқ демей, жұбайы Жұмагүлмен бірге баянды бастамаларды, жарқын жобаларды зерделеді. «Кәсіп түбі – береке» дегендей, еңбекқор жанды бағыты адастырмады. Базарды бағындырды. Іскерлігіне тәнттілер қызыға да қызғана да қарады. «Жұмбақ әлем», «Ләззат», «Қылмыс», «Сен-мен», «Шарайна», «Дүбірлі дүние», «Салтанат», «Ақ айдын» секілді жұртшылық іздеп жүріп оқитын шағын газеттерді 100-150 мыңдай тиражбен Қазақстаннан бөлек Бішкек, Ташкент, Новосибирск, Орынборға шығарып, ешкімнің ойына келмеген кәсіпті шыр көбелек дөңгелетті. Ол уақытты қазіргімен салыстыруға келмейді, интернет деген үш ұйықтасақ түске кірмейді. Пойызда да, көлікте де, ұшақта да Шымкентбайдың қолы қойылған «Қызық» газеттері жүрді. Бұдан басқа, Жылмағамбетов «Айқын» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып, 1999 жылы республикалық конкурста әлеуметтік мәселелер тақырыбында сараптамалық мақала әзірлеп, нәтижесінде су жаңа «Жигули» көлігінің кілтін иеленген. Осы еңбегімен Қазақстан Журналистер одағының «Алтын медаліне» иелік етіп, айды аспанға бір шығарған. «Тараз жарнама-ақпарат агенттігі» жауапкершілігінің директоры болып қызмет атқарған тұста 2 мың жылдық тарихы бар қаланың қақ төрінен «Досбол» баспа үйін ашып, 50 адамы бар ұжымның директоры әрі бас редакторы болды. Сондай-ақ, қайырымдылық іске де сергек қарап, қолда бар дүниені көппен бөлісуге тырысты. Аралда өткен жыл сайынғы атаулы жылдарда қаржылай көмек аударып, туған жеріндегі «Беларық» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жандандыруға көмегін тигізді.  
Басты тақырыпты тосыннан қойғанымыз жоқ. Спортты серік еткен, қаламгерлік қабілетімен танылған, сурет салуда алдына жан салмаған ағамыз бір кездері өлең де шығарып, оны жергілікті сазгерлер шаралар мен достық кездесулерде орындап та үлгерген.
Екі мыңыншы жылдың екінші онжылдығы қарсаңында «Толқын» газеті редакциясында ауыс-түйіс болды. Сол кездегі аудан әкімдігінің ұсынысымен ниетті талапкерлер арасынан таңдау біз әңгіме өзегіне айналдырған Шымкентбай Жылмағанбетовке түсті. Ұжымға жаңаша серпін әкелген басшы 2012 жылдың қорытындысымен «Толқын» газетіне ең үздік аудандық басылым номинациясын әперді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қаламгерлік жолда биік белестерді бағындырып, асқақ асулардан асқанын шәкірті ретінде біз ұдайы айтып келеміз. Сегіз жарым жыл қара шаңыраққа жетекшілік еткен жақсы ағаның ақыл-кеңесі, тәжірибесі әлі күнге жас буынның қажетіне жарау үстінде. Қазіргі таңда жетпістей мерейлі жасты толтырған Шымкентбай Өмірзақұлы ғұмырлық серігі Жұмагүлмен бірге отбасылық бақытқа кенеліп отыр.
Абай ЕЛЕШ

(Сурет "Толқын" газетінен алынды)



08 желтоқсан 2023 ж. 1 225 0