БІЗ БЕСЕУ ЕДІК...
«Өмірдің басы – сайран, соңы – ойран» деген осы екен-ау. Кеше ғана сияқты еді. Жастық шақтың небір қызығы мен шыжығын бірге өткізген, жарты құртты бөліп жеген достың бірі Шымкентбай Өмірзақұлының мынау пәни дүниеден бақи дүниеге жеткеніне қырық күн болыпты. Уақыт деген осы, ұшқан құстай, соққан желдей.О кездері біз бесеу едік. Жұмахмет Есенжолов, Қуанышбай Мұқашев, Сайлау Тілепов, Шымкентбай Жылмағанбетов және мен. Жұмахмет, Қуанышбай, Сайлау достар мынау жалғаннан өткелі біраз жылдардың жүзі болыпты. Енді, міне, Шымкентбай достың да жаңағы үшеуінің артынан кеткеніне қырық күн уақыт өтіпті. Сол бесеудің артында сопайып жылғыз мен қалыппын қазір.
Қазақ әдебиетінде өз соқпағын қалдырған, мықты сөз зергерлері Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази, Бек Тоғысбаевтарды қаламдас үлкен-кіші «Бес тапал» атаған көрінеді. Сол сияқты біз де бір кездері бесеу едік. Қашан бірімізден бірімізді сұм ажал айырғанша осы Аралдың көшесінде алшаңдап жүрдік. Жұбымызды жазбадық. Жазу-сызудан да қалмадық. Ойын-күлкімен таңды атырған, күнді батырған қайран күндер артта қалды.
Тоқсанынша жылдары Шымкентбай Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан, хабарсыз кеткен, ерлікпен қаза тапқан аралдық жауынгерлердің деректерін жан-жақтан іздестіріп, осыған байланысты құрылған «Зерде» редакциялық құрамасының Аралдағы өкілі қызметін абыроймен атқарды. Осының алдында ұзақ жылдар «Толқын» газетінде атқарған журналистік қызметі осы жерде кәдеге асты. «Зердеә атты облыс көлеміне тарайтын кітапқа белсене атсалысты. Абырой биігінен көрінді. Көпшіліктің алғысына бөленді. Соғысқа қатысқандардың ұрпақтарының өлгенін тірілтті, өшкенін жандырды.
Кейін Шәкең 7-8 жыл «Толқын» газетін басқарды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтті. 2-3 кітабы жарық көрді. Осы одақтың «Ертөстік» атты сыйлығын әдебиетті насихаттаудағы еңбегі үшін иеленді.
Ендігі жерде Алла алдынан жарылқасын, иманы серігі болсын. Артында қалған жұбайы, Жұмагүл қарындасымызға, ұрпақтарына жүрім берсін.
Толыбай АБЫЛАЕВ










